Евгений Сидоркин

Бейнелеу өнері

Қазақстан графикасы жайлы сөз қозғағанда алғашқылардың бірі болып Е. Сидоркиннің туындылары көз алдымызға келетіні сөзсіз. Суретшінің шығармашылық мұрасы - қазақтың ұлттық өнері мен дәстүрін, тарихы мен әдебиетін терең зерттеп, алған тағылымының көрінісі. Ол еліміздің ертедегі және жаңа тарихын бейнелеуде шалқыған шабытының қайнар көзін халық аңызынан, көркем әдебиеттен алды. Нәтижесінде қазақ халқының өзіндік мәдениеті Сидоркин өнерінің ажырамас негізіне айналды.

            Сидоркин Евгений Матвеевич 1930 жылы 9 мамырда Киров облысы Лебяжье селосында дүниеге келген. 1951 жылы Қазан көркемсурет училищесін бітірді. 1951-1952 Латыш КСР КА-сында оқыды. 1957 жылы И.Е. Репин ат. Ленинград кескіндеме, мүсін және сәулет өнері институтын тәмамдайды. Атаулы оқу орнын бітіргеннен кейін суретші Алматыға келіп, өзінің шығармашылық жолын тікелей Қазақстан өнерімен байланыстырады.

            Қазақстандағы оның алғашқы жұмысы 1958 жылы орындалған "Көңілді алдаушылар" атты акварельдер топтамасы. Бұл туындылар халық ертегілері негізінде жасалды. Оның басты кейіпкерлері – есімдері аңызға айналған дала данышпандары Алдаркөсе мен Тазша бала, Жиренше шешен. Осы бір қуақы, бірақ адал жандардың ертегілерде үнемі жолы болады. Сидоркин шығармасындағы өзінің шұрық тесік тонын айқара ашып тұрған Алдаркөсенің тапқыр да айлалы жүзінде қаншалықты сенім бар десеңізші. Оның жанындағы салтанатпен сәнді киінген бай мүсәпірлеу көрінеді. Кейінірек суретші осы топтаманы түсті автолитография тәсілінде екінші рет орындайды.

            1960 жылы суретші М. Әуезовтің шоқтығы биік "Абай жолы" шығармасын көркемдеуге ақ-қара линогравюраны таңдайды, арада он жыл өткеннен кейін 1970 жылы екінші рет оны автолитография тәсілінде орындап шығады. Өз дәуірінің энциклопедиясы аталған осы үлкен эпопеядағы ең басты оқиғаларды қамтуға тырысады. Роман бірнеше рет оқылып, Абай, Тоғжан, Құнанбайлардың немесе өзге де бас кейіпкерлердің портерттері суреттелген жолдар ерекше назарға алынып, парасат пен философияға толы болмыс-бітімі қайталанбас образдары сомдалған. Сонымен қатар Сидоркин романның аса маңызды тұстарын таңдап алып ("Базар", "Аналар", "Әбіш бейітінің басында", "Жұт"), шығарма оқиғасының және тұлғалардың эмоциялық тереңдігін көз алдымызға елестете алатындай керемет айқындады.

            Сидоркиннің линогравюра тәсілінде орындалған келесі үлкен туындысы "Қазақ эпосы" иллюстрациялары - біртұтас декоративті мәнерде шешілген. Аталмыш жұмысында суретші халық эпосындағы қаһарман батырлар мен кербез сұлулар сынды өлмес кейіпкерлерді жаңғыртты. "Қазақ эпосына" арналған кітап безендірулер мен мазмұнды иллюстрациялар ақ сызықтармен нақтыланған қара сұлба арқылы берілген. Бұл декоративті мәнерді суретші келесі топтамаларында дамыта түседі. Кәсіби шеберлігін арттырып, композициялық құрылымды күрделендіре келе, 1963 жылы "Қазақтың ұлттық ойындары" автолитографиялар топтамасын (Көкпар, Бәйге, Қыз қуу, Бүркітпен аңға шығу) жасайды. Суретші: «Қазақтың ойындары мені батылдығымен, жүректілігімен және қызу қандылығымен қызықтырды. Ең алдымен мен олардың уақыт таңдамайтынын, яғни бұл ойындар бұрыннан келе жатқанын және әрқашан да ұмытылмайтынын көрсеткім келді. Себебі, халық батылдықты, қызу қандылықты талап ететін жарыстарды жақсы көреді» - дейді. Топтаманың әр парағы қызықты шешім тапқан. Өзіндік, күрделі нүктеден алынып жазылған пішіндер бір жазықтықта орналасқан. Ақ қағаз бетіндегі қара-ала сурет көшпелі өмірдің мәнерлі ықшам символындай. «Көкпар» парағында ойын үздіксіз қозғалысқа құралған шеңбер пішінде келіп, стилизацияланған жұмыр шешімде берілген. Салт аттылар бейнелері жеңіл әрі иілген қалыпта, олардың ырғақты қимыл-қозғалыстары күрделі ракурстармен айқындалған. Көріністен көкпар ойынының жойқын күшін, қызу қандылықты, жеңіске деген ұмтылысты сезінуге болады.

            1964 жылы суретші "Сәкен Сейфуллинді оқығанда" автолитографиялар топтамасын орындайды. Өлең жолдары негізінде кейіпкерлердің психологиялық көңіл-күйін айқындайтын "1918 жыл", "Жоқтау", "Бесік жыры", "Шопандар", "Ару" парақтары дүниеге келді. Әрбір парақ ақ пен қараның контрасты үйлесіміне негізделген сұлба мәнерінде шешіліп, адамдар бейнесін ауқымды етіп көрсетеді . Бұл топтамасы үшін Сидоркин Лейпциг қаласында өткен Халықаралық кітап өнері көрмесінде алтын медальмен марапатталады.

Суретшінің шығармашылық өркендеу жолының негізгі кезеңдері "Дала аңызы" (1970), "Ғасырлар қойнауынан" (1972), М.Е. Салтыков-Щедриннің "Бір қаланың тарихы" (1975), «Алпамыс батыр» (1976) Ф. Рабленің  "Гаргантюа және Пантагрюэль" (1979), "Қазақстан жерінде" (1981) иллюстрациялары мен топтамаларында жалғасын табады.     

            ҚазКСР Халық суретшісі, ҚазКСР Еңбек сіңірген өнер қайтаркері, Ш. Уәлиханов ат. ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Е. Сидоркиннің теңдесіз жұмыстары оның үлкен талантын көрсетеді. Автор қиялының байлығы, жан-жақтылығы, кәсіби шеберлігі мен қайталанбас шешімдері оның графикалық парақтарынан айқын байқалады. Суретшінің артына қалдырған жауһар қолтумалары Қазақстан өнерінің алтын қазынасына қосқан елеулі үлесі болып табылады.

Поделитесь страницей с друзьями

Произведения автора

  • "Көкпар"

  • Айқас