20 наурыз 2019 Ruh.kz 278

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ – ӘЛЕМДІК ДӘРЕЖЕДЕГІ САЯСИ ТҰЛҒА

НҰРСҰЛТАН НАЗАРБАЕВ – ӘЛЕМДІК ДӘРЕЖЕДЕГІ САЯСИ ТҰЛҒА Фото: Ғаламтор желісінен

Бүгін, ҚР Парламенті Палаталарының біріккен отырысында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың Ант беру рәсімі өтті. 

Нұрсұлтан Назарбаев – біздің Отанымыздың тарихындағы зор еңбегі, табанды қызметімен мәңгі есте қалатын тарихи тұлға. Оның мемлекет құрудағы тарихи һәм миссиясы орындалды. Еліміз әлемге танылды. Бейбітшілік бесігіне айналды. Тұңғыш Президенттің еңбегі, өнегесі хақында қоғам қайраткерлері де тебіреніп, жылы лебіздерін білдірді. 

Бақытбек Смағұл, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Бұл, шынында, тарихта қалатын айырықша оқиға. Біз бұл күндері дәуірлердің ауысуына куә болып отырмыз. Мұндай қадамға бару тек қара басының ғана емес, бүкіл қаймана халықтың қамын ойлаған көсемнің  ғана қолынан келеді. Еліміздің Тәуелсіздік алуындағы, мемлекеттіліктің қалыптасуындағы Қазақстанның Тұңғыш Президентінің рөлі ерекше екенін барлығымыз білеміз. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өткен ғасырдың 80-90 – жылдары дүрбеленге түскен, тіпті астан-кестені шыққан ішкі саяси үдерістерді тұрақтандырып, жаңғыртты. Өзі де өзгерді, Қазақстанды да өзгертті. Өзі де әлемге танылды, Қазақ елінің атын да жаһанға мәшһүр етті. Экономикада түбегейлі  реформалар жүргізді. Елімізді дүниежүзіндегі қарқынды дамушы елу елдің қатарына қосып, енді дамыған отыз ел қатарына бастады. Сол үшін Нұрсұлтан Назарбаевты халқымыз ғана емес, сондай-ақ халықаралық қауымдастық та сыйлайды. 19 наурыз күні Елбасы халыққа үндеу жолдағалы бері өз пікірлерін білдіріп жатқан өзге ел мемлекеттерінің көшбасшылары, танымал саясаткерлері, белгілі тұлғалары Елбасымызға деген құрметін жеткізіп, жақсы пікірлерін білдіріп, жылы лебіздерін айтуда. Бір маңызды жайт, Нұрсұлтан Назарбаев жас ұрпаққа, басқарушылардың жас буынына, елімізде де, шет елдерде де үлкен құрметке, беделге ие, білікті жастарға үміт артып отыр. Бұл - дүниежүзіндегі алпауыт деген елдердің өздерінде табыла бермейтін құндылық. Бірақ, Елбасы әрі қарай да елімізбен бірге болады. Бұл жөнінде халыққа үндеуінде айтты. «Еліміздің, халқымыздың қамы менің мүддем болып қала береді» - деді ол. Енді кешегі күннен бастап Қазақстанда елдіктің алтын арқауы ретінде өзге елдерде де теңдесі жоқ бірегей Елбасы институты іске қосылды. Демек, Елбасы еліміздің саясат сахнасынан түскен жоқ, саясаттан сырт қалған жоқ. Қайта биліктің үш тармағының бастаушы ролін атқаратын болды. Мемлекетіміздің көшбасшысы болып қалады. Елбасы бұдан әрі еліміздің демократияландыру үрдістерінің дамуына және нығаюына, қоғам өмірінің барлық салаларын жаңғыртуға оң ықпалын тигізері сөзсіз. «Нұр Отан» партиясының съезінде айқындалған әлеуметтік қамқоршылықтың жаңа шаралары да, бұрынғы жолдаулары да, міндеттері де өз ретімен іске асырыла беретін болады.

Құт-береке, баққа толса ел іші,

Елбасымен тәуелсіздік жемісі.

Тарихымызда алтын әріппен жазылар,

Қол жеткен қазағымның жеңісі.

Жарқын болашаққа жетелеген жарық күн

Дәлелдеді алыптығын алыптың.

Суыған жоқ, суымайды ешқашан

Махаббаты Елбасыға деген халықтың, – деп айтқым келіп отыр.

Бұл – үлкен тарихи кезең. Өзіміздің болашаққа деген бағытымыз айқындалған. Қалыптасқан дүниеге қалыпты да, жарықты, шуақты да, қуатты барлық күш-жігерін халық үшін аямайды деп ойлаймын.

Шыңғыс МҰҚАН, Мемлекеттік даму сараптама орталығының жетекшісі, қоғам қайраткері:

Елбасының ел басқарып отырғанына отыз жылға жуық уақыт болғанын, тәуелсіз Қазақстанның тарихында президенттік биліктің ауысып көрмегенін ескерсек, кешегі күннің оқиғасы сөздің толық мағынасында тарихи оқиға болды. 

Елбасы бұл саяси қадамды өте тиянақты ойластырғаны көрініп тұр және саяси сауатты жүріс болды деп есептеймін. Бұл шешім, транзит Елбасыны көп толғандырған мәселе деп, әрі ол оңай тимеген болуы керек деп ойлаймын. 

Әлемдік саясат көрсеткендей, көптеген әлеуметтік дағдарыстар, саяси тұрақсыздықтар мемлекеттің бірінші басшысы ауысар тұста болып жатады. 

Оның үстіне, ақыры болатын жағдай. Биологиялық сағатты ешкім жоққа шығармайды. Ол жөнінде Елбасының өзі де айтқан. Саясаткерлердің келесі буынына қалдырар ғибратты да ескермеуге болмайды. Елбасы осының барлығын сараптай отырып, айдың-күннің аманында, сондай оқиғаларға жол бермеу үшін саналы түрде осы қадамға барса керек және ойы шебер орындалды.

Дамыған елдерде президенттердің ауысуы ел-жұртты көп алаңдататын оқиға емес. Заң бар, дәстүр бар, рет-ретімен келіп-кетіп жатады. Ал, әсіресе, бұрынғы кеңес кеңістігі мен дамушы елдерде басшылардың ауысуы - үлкен оқиға. Ельцин қайырылмай кетті, бір Алиев тағын мұралыққа тастап кетті, Ақаев-Бакиевтер қуылып кетті, Каримов жұмыс үстінде жүріп кетті де, бала-шағасының үстінен қара бұлт үйірілді. Біздегі оқиға бұлардың ешқайсысына ұқсамайды. Президент ауысуының қазақстандық нұсқасы. Ағылшынша мұндайды "smooth transition" (Плавный переxод) дейді. Бұл бір жақсы прецендент болады деп ойлаймын.

Әрине, Елбасы Қауіпсіздік кеңесінің төрағасы ретінде елдің ішкі-сыртқы саясатын айқындамақ. Бір жағынан саяси һәм бизнес баланстың өтпелі кезеңде осы формамен сақталғаны да дұрыс шығар. Бірақ мұндай институттық саяси баланс көпке бармауы мүмкін. 

Халықаралық трендтер бар, экономикалық ахуал, әлеуметтік жағдай күрделенуі мүмкін. Мұндайда биліктің барлығын бір адамның қолына шоғырландыру өте қауіпті. Лидерлік теориясында билікпен бөлісу деген ұғым бар. Яғни, жауапкершілікпен бөлісу. Келесі Президенттер өздері үшін ел басқарудың оңай жолы – билікпен бөлісу болмақ. Аймақтарды децентрализациялау, Парламентті күшейте түсу, барлық деңгейдегі әкімдерді сайлауды осы қатарға қоса беріңіз.

Президенттіктен түскенмен, Елбасының билігі кеміп қалмайды. Дегенмен, ел-жұрт жаңа есімдерге де үйренген соң, жәй-жәй жаңа президент те дербес ойыншыға айналады.

Бір мәселеге баса тоқтала кетейін. Елбасыдан кейін болатын президенттердің ешқайсысында да Елбасының билігіндей супербилік болмайды. Бұл жалпы алдағы саяси процесстер үшін жақсы жаңалық болуы тиіс деп ойлаймын.

Елді бұдан әрі бұрынғыдай бір тұлғаға сүйеніп басқару оңай болады деп айта алмаймын, ол әріберіден соң мүмкін емес нәрсе. 

Елбасының шешімін құрметпен қарай отырып, болашақтан үмітім зор. Кез-келген өзгеріс тыныш өтетін болса, ешқандай әлеуметтік катаклизмдер тудырмайтын болса, ондай өзгерістер жақсы. Жаңа адамдар келсе, олармен бірге жаңа идеялар, жаңа көзқарастар да келеді.

Ширек ғасыр билікте отырған адамдардың ауысуы, көбіне екі эмоция тудырады. Біріншісі – қимастық болса, екіншісі – қуаныш сезімі. Біздің қоғамда бүгінгі күні осы екі эмоцияның екеуі де көп байқалмайды. Қимастық та жоқ, қуаныш та жоқ халық арасында. Мүмкін, xалық бұл ақпаратты әлі де толық қанды қорытып үлгере алмай жатқан болар. Әлде, Елбасымыз Президенттіктен кеткенімен, саясаттан қол үзбеген соң ба, тұлғалар ауысқанымен, билік ауыспаған соң ба, осы екі сезімнің екуін де көп байқамай отырмын. 

Қайткенде де, елімізде орын алып отырған тарихи оқиға елдің болашағы үшін маңызды болары сөзсіз!

Гүлмира СҰЛТАНБАЕВА, саяси ғылымдар докторы, профессор, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ- ның кафедра меңгерушісі:

Елбасы және Қазақ елі.  Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ елін әлемдік  аренаға алып шыққан саяси көшбасшы. Ол - қазақ Тәуелсіздігінің бұғанасы бекіп, қатаюын шегелеген  Ұлт тұлғасы, саяси стратег, гумандық ойшыл. Саяси шешімі мен парасаты, пайымы терең. 2019 жылдың 19 наурызы – адамзат тарихында да сақталып қалары сөзсіз. Әлемдік саяси лидерлер арасында саналы да парасатты түрде биліктің ең жоғары моделін танытты.  Назарбаев Президенттік кезеңі әлем елдерінің саяси тарихы мен саяси мендежментін жалғап тұрған биліктің энциклопедиясы.

Ержан ЕҢСЕБАЙ,  Астана қаласының әкімдігі «Руханият» орталығының басшысы, қоғам қайраткері:

Елбасы жастар жылында тарихи шешім қабылдады. Ұлы адамдар ұлы шешімдер қабылдайды дегендей, расында бұл – тарихи шешім, тарихи сәт. Десекте, тұтас Алаш халқы алаңдаулы, қимастық, ыстық ықылас. Біз бақытты ұрпақпыз. Назарбаев кезеңінде өмір сүріп, азаттық бастауындағы  әр игі іске куә болдық.

Нұрсұлтан Назарбаев – әлемдік тұлға,  ұлт мақтанышы. Елбасы үндеуінде «Жас буын келе жатыр, жаңа буын келе жатыр»- деп, жас ұрпаққа зор сенім білдірді. Сондықтан, қазақ елінің жастары Елбасының баянды бастамаларын жалғастырып, мемлекеттілік жолында барын салып, жанын салып қызмет етуі тиіс.

Елбасы өз сөзінде ұлттық мемлекет қалыптастырудың, асыл бабадан қалған қасиетті жерімізді, елімізді, тілімізді, дәстүрімізді сақтаудың маңыздылығын айтып,  ұлы мұрат жолындағы аманатын жолдады. Бұл – Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Мемлекет Басшысы ретіндегі соңғы үндеуі – әрқайсымыздың санамызға сіңіп, болашағымызға бағдар болуы тиіс!

Бибігүл БӨКЕНБАЙҚЫЗЫ,

Ruh.kz

 

                                                                                                                                     

Достарыңызбен бөлісіңіз

Басқа жаңалықтар

23 сәуiр, 2019

«Ұшқын» кинофестивалі «жаңа» есімдерді танытады

23 сәуiр, 2019

Опера әншісі Назым Сағынтаймен сұхбат

23 сәуiр, 2019

«ALMATYTECHCUP» кубогы үшін робот техникасы және инновациялық технологиялар бойынша VI ашық чемпионатына келіңіздер!

23 сәуiр, 2019

ҰЛЫ ДАЛА ДИПЛОМАТИЯСЫНЫҢ ТАРИХЫ МЕН ДӘСТҮР ЖАЛҒАСТЫҒЫ