Қазақ технологиясының келешегі қандай?

Эльнур Халметов – Алматы қаласындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11 сынып оқушысы. Ол ауаның құрамын, оның ластану деңгейін бақылайтын құрал ойлап тауып, патент иесі атанған. Одан соң энергияны үнемдейтін қолжетімді жарық құрылғысын жасап шығарды. 

Эльнур Халметов: Мен бала кезімнен жаңа технологияларға, соның ішінде компьютерлерге қызығатынмын. Ол кезде компьютерлердің түрі аз болатын. Десе де оларды өзара салыстырып, ішіндегі бағдарламаларын зерттеп жүрдім. Өз бетіммен үйреніп, басқа балаларға үйрететінмін. Кейін біліміммен оза шауып, Назарбаев Зияткерлік мектебіне оқуға түстім. Бұл мектеп менің қабілетімді одан сайын шыңдай түсті, қызығушылығым артты. Өйткені мектепте робототехника курсына қатысып, жаңа қадам жасадым.

Ruh.kz: Көп ұзамай, мектеп бітіріп, ЖОО-на түсесіз, мамандық таңдайсыз. Болашаққа жоспарыңыз қандай, қандай мамандық иесі болғыңыз келеді? Ал ең басты арман, мақсатыңыз қандай?

Эльнур Халметов: Әзірше нақты қайсысы екені белгісіз, алайда қазақстандық ЖОО-дың бірінде инженерия саласы бойынша білім алғым келеді. Осы алған білімім болашақта жаңа технологиялар жасауда өз септігін тигізетіні сөзсіз.

Басты арманым – Қазақстанды технологиялық даму деңгейі бойынша алдыңғы қатардан көру. Еліміз тек жер көлемі бойынша ғана емес, технология, жаңалықтар ашудан да басты орында болса деймін.

Ruh.kz: Мектептен тыс уақытта немен айналысасың?

Эльнур Халметов: Сабақтан соң, робототехника курсына барамын. Одан соң достарыммен баскетбол, үстел теннисін ойнағанды ұнатамын. Ал жалғыз қалғанда, компьютер ойындарын, соның ішінде Оsu ойынын жиі ойнаймын. Ол ырғақты сезіне білуге жақсы көмектеседі.

Жас өнертапқыштың жеке қызығушылықтарын, арманы мен мақсаттарын сұрап, жақын біліскен соң, оның еңбектеріне шолу жасап өттік.

Ауа құрамын зерттейтін құрылғы

Бұл құрылғы арқылы ауадағы оттегі, көмірқышқыл газы мөлшерін анықтауға болады. Эльнурдың айтуынша, құралды тағы екі досымен бірге 1 жыл бұрын жасап шығарған. 2020 жылдың аяғында еңбектің патент иесі атанады. Оларды Алматыдағы экология мәселесі алаңдатып, соны тексеріп көрмек болған. Құрылғыны жасап шығуға аса көп шығын кетпейді, өйткені құрамындағы пластик арзан. Одан бөлек ардуино микроконтроллер қолданылады. Сенсор арқылы алынған ақпаратты желіде сақтап, сайтқа жариялайды. Құралды кез келген жерге қойып, іске қосса болады, оған тоқ көзі керек емес. Өнертапқыштың айтуы бойынша, құрылғыны биіктеу жерге қойсақ, ол әлдеқайда дәл ақпарат береді.

«Easy-Light-Save»

«Easy-Light-Save». Өзінің екінші туындысын Эльнур осылай атаған. Яғни жарық қолжетімді және арзан болуы керек. Құрылғы күндіз энергия алып, қажет кезінде осыны қолданады. Осыған дейінгі жарық құрылғылары белгілі уақыт аралығында қосылса, бұл қараңғыда және қозғалысты сезгенде қосылады. Осы арқылы есепсіз энергия көзін пайдаланудың алдын аламыз.

Ruh.kz: Енді қандай туынды ойлап таппақсың?

Эльнур Халметов: Көбісі белгілі бір іс бастап, жаңа нәрсемен айналыса бастаған кезде, одан не қалайтынын білмейді. Дұрыс мақсат қоймайды. Қалауы мен мақсаты дұрыс болмағаннан кейін ол салада ұзақ тұрақтамайды, тұрақтаса да, одан ләззат алмайды. Сондықтан жетістікке жете алмауы мүмкін. Ал мен осы салаға бет бұра бастағанда, адамзатқа игі нәрселер жасайтынымды түсіндім. Соны мақсат тұтып, халыққа керек құралдарды жасауды қолға алдым. Болашақта осы экология мәселесін одан әрі зерттеп, ауа құрамын зерттеп қана қоймай, оның тазаруына әсер ететін нәрсе жасағым келеді. Себебі экология жағдайы тек Қазақстанда емес, барша әлемді алаңдатып отыр.  

Ruh.kz: Шетел асып, Қазақстаннан кетіп қалған студенттер мен ғалымдарға айтарың бар ма?

Эльнур Халметов: Қазақта осындай мақал бар: «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!». Мен осы мақалмен келісемін. Қанша жерден өзге ел өте мықты, заманауи, дамыған болғанымен, өз еліңдей бола алмайды. Өйткені Қазақстан – ол үйіміз, біздің Отанымыз. Мен туғаннан бастап Қазақстан мені қамқорлығына алып, бастамаларымды қолдап, білім беріп жатыр. Осыдан кейін шетелге көшіп, өзге елді дамыту дұрыс емес деп ойлаймын. Керісінше, елдегі қиындықтардан қаша бермей, оны шешуге, дамытуға күш жұмсауымыз керек. Еліміздің болашағы – біздің қолымызда. Сонда ғана еліміз расымен дамиды.

Эльнур Халметовтың осы жалынды сөздері көпшіліктің көкейіне қонса игі. Жас дарынның алдағы бастамаларына сәттілік тілей отырып, болашақта еліміздің дамуына үлес қосады деген үміттеміз.