Қара белбеу иесі таеквон-доны неге тастап кетті?

Әбдіраш Баһадүр Ерікұлы – таеквон-до (ГТФ) жарысында қазақтың атын шығарып, халықаралық додаларда оза шапқан жас спортшы. Ол жақында өз саласының қара белбеу иегері атанды. 2018 жылы Африкадағы Дурбан қаласында өткен әлем чемпионатын жеңіп алды. Батырымыз жетістіктерге қалай жетті? Болашақта немен айналыспақшы? Осы және өзге сұрақтардың жауабын білу үшін анасымен және спортшының өзімен тілдесіп, сұхбат құрдық.

Әбдіраш Баһадүр 2007 жылы Ақтөбе облысы, Ырғыз ауданында дүниеге келген. Қазіргі таңда Алматы қаласының №63 жалпы білім беретін мектебінде 9-сынып оқиды. Анасының айтуынша, таеквон-домен 2-сыныбынан бастап шұғылданады. Сол кезден-ақ жаттықтырушысы оның қарым-қабілетін байқап, қалалық, облыстық жарыстарға қатыстырған.

«Ер баланы жастайынан спортқа тәрбиелеу керек. Шымыр болсын деп әкесімен бірге баламызды таеквон-до үйірмесіне апардық. Баһадүрдің бұл спорт түріне қызығушылығы бірден оянып, ондағы әдіс-тәсілдерді тез үйренді. 1-2 ай өткен соң, ағайы Ақтөбе қалалық ашық чемпионатына қатыстырып, ұлымыз І орын алды.  Осыдан кейін оны Орал қаласындағы республикалық жарысқа апарды. Бұл додадан да І орын иеленіп, қатты қуанған едік. 8 жасынан бері облыстық, республикалық, халықаралық жарыстарға барып, жүлдемен оралып жүр» - дейді анасы.

Қазақтың Баһадүрі таеквон-додағы қызықтарымен, шетелдегі сапарларымен бөлісті.

«20 чемпионатқа қатыссам, соның 15-нен жүлделі болдым. Соның төртеуі халықаралық деңгейдегі жарыстар. Ең алғаш қатысқан халықаралық жарыс 2016 жылы Ресейдегі Нижний Тагил қаласында өтті. Одан ІІ орын иелендім. 2018 жылы Африкаға, Дурбан қаласына бардық. Жат жер болғандықтан, қобалжыдым. Десе де жеңіспен оралғанымызға қуанамын», - дейді Баһадүр Әбдіраш.

Жас таеквондошы қазіргі таңда «Қайрат» футбол құрамында жаттығады екен. Өз арманына жету үшін Ақтөбеден Алматы қаласына көшіп келген.

«Таеквон-до түрлі мүмкіндіктер сыйлады, бірақ қазір маған футбол  ұнайды. Болашақта «Қайрат» клубында футболшы болып, әлемдік чемпионаттарда Қазақстанға жеңіс сыйлағым келеді. Сол үшін жаттығып, өзімді физикалық және моральдық тұрғыда дайындап жүрмін».

Жас спортшымыз көк туымызды желбіретіп, Әнұранымызды түрлі аренада шырқатады деген үмітпен, Баһадүрге тек сәттілік тілейміз!