ҚҚДИ жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесімен бірлесіп ауылдық кітапханаларға 1200-ден астам кітап табыстады

«Ауылыма кітап» жалпы республикалық акциясы аясында «Рухани жаңғыру» қоғамдық даму институты Қазақстанның жоғары оқу орындары ректорларының Кеңесімен бірлесе отырып, ауылдық кітапханаларға 1227 бірлік танымдық әдебиетті табыстады.

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің IV отырысы барысында мектеп оқушылары арасында оқу сауаттылығы деңгейін арттыру қажеттігін атап өткен болатын. Мұнда мектептер мен кітапханаларға ерекше рөл беріледі. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мектептердің кітапхана қорларының қолжетімділігі мен сапасының деңгейі қалалық және республикалық мектептерден айтарлықтай ерекшеленетіні де аталған болатын.

Осыған байланысты, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваның бастамасымен «Ауылыма кітап» республикалық қайырымдылық акциясы іске қосылды. Осы акция шеңберінде оқу мәдениетін ілгерілету мақсатында танымдық әдебиет кітапхана қоры жеткіліксіз ауыл мектептеріне табысталып келеді.

Қыркүйек айында аталмыш акцияны Қазақстанның жоғары оқу орындары ректорларының кеңесі қолдады. Қазақстандық 15 жоғары оқу орны қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде ғылыми-танымдық әдебиеттерді дайындап, «Рухани жаңғыру» ҚҚДИ-ның аймақтық жобалық кеңселерінің көмегімен кітаптар ауылдық кітапханаларға табыс етілді.

Акцияны қолдаушылар қатарында – ЕҰУ.Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, ҚБТУ, Торайғыров университеті, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университеті, Асфендияров атындағы ҚазҰМУ, Қостанай инженерлік-экономикалық университеті, Алматы технологиялық университеті, М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті, М.Дулатов атындағы Қостанай инженерлік - экономикалық университеті және т.б.

Ректорлар кеңесінде ауылдық кітапханалардың қажеттіліктері үшін кітап жинау жұмыстары жалғасатынын атап өтті.