Жаңалық

1 мамыр – Қазақстан халықтары бірлігі күні

Қазақстан халқы бір атаның баласындай ынтымақты бірлікте

Қазақтың байтақ даласы бүгінде 130-дан астам  ұлт өкілдеріне ортақ Отан болып отыр. Бір шаңырақ астындағы халықтың тату-тәтті өмірі әрбір мекемелер мен ұйымдарда басталып, әрі қарай ортақ Отанымызда астасып жатады. Сондай мекеменің бірі – «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалы ұжымы.

Ұжымда жұмыс істейтін қазақ, орыс, ұйғыр, түрік, дүңген, неміс, кәріс ұлтының өкілдері бір атаның баласындай тату-тәтті еңбек етуде. «Береке бастауы бірлік, ұжымдағы тату тірлік» қағидасын ұстанған филиал мамандары, қазіргі қиын кезеңде де бір-біріне қолдау білдіріп, қиындықты бірлесе еңсеруге күш салуда. Карантин кезінде қашықтықтан, бір-бірінен оқшау жұмыс істегенімен, тілегі мен ниеті бір екендігін бейнетаспаға жазып жеткізіп жатады.

Мәселен, Әуезов аудандық фронт-офистің маманы, бірінші топтағы мүгедек, орыс ұлтының өкіліКозина Лариса Владимировна «Біздің ортақ үйіміз – Қазақстан өз халқының шынайы достығын қамтамасыз етіп келеді. Өзара түсіністік, ұстамдылық, әр түрлі ұлттар өкілдерінің рухани және мәдени құндылықтарына құрметпен қарау әдебі барлық этностарға ортақ жалпы халықтық идеалдар мен қасиеттерді қалып­тас­тыруға әсер етіп отыр. Әрбір ұлт конституциялық-құқық­тық заңнама негізінде өзіне тән этностық ерекшелігін сақтай отырып, Қазақстанның қоғамдық құрылымына үйлесті сіңісе білуде. Мен де осынау Отанымның бір бөлшегі ретінде өз орнымды тауып,еңбек етіп жатқаныма өзімді бақытты санаймын. Қолдау көрсетіп отырған ұжымыма алғыс білдіремін» десе, Жетісу фронт-офисінде еңбек ететін түрік ұлтының өкілі Бешли оглы Тюркан Мамедқызы да еліне, ұжымына деген алғыс сезімін былай жеткізеді.

«Мамыр бірлік күні деп, ынтымақ күні деп мерекелейміз. Біздің мемлекетіміздің әрбір бұрыш-бұрышында бұл мереке күнделікті тойланып жатады. Себебі, елімізде ең бастысы – ұлтқа бөліп емес, адам деп сыйлау, барлық ұлттың құқықтарының бірдей болуы және қандай бастама, ізгі іс болсын басталуына қолдау жасалып жатқандығы, ұлтына қарап емес, іскерлігіне қарай бағаланып жатыр. Туған жердің төсінде, құшағын жайған бейбіт елдің ішінде әрқайсымыз өз үлесімізді ел бірлігінің сақталуына, бейбіт те мазмұнды өмір кешуімізге атсалысып жатқанымызға қуанамын. Бұл орайда өзім еңбек ететін ұжымымды ерекше мақтан тұтатынымды, барлық жағдайда бірге екендігімізді жеткізгім келеді», – дей келе, Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесімен құттықтайды.

«Республикамызда тұратын түрлі ұлт өкілдерін бірлік мерекесімен құттықтаймын! Ең бастысы, ұлтаралық татулық арқасында бүгінде ел тыныш, жұрт аман. Осы берекеміз бұзылмағай», – дейді филиалдың фронт-офистерінің бірінде еңбек ететін ұйғыр ұлтының өкілі Назугум Амирдинқызы Шардинова.                      

Филиалдың фронт-офис басшысы Алмагүл Уәлиқызы Атагарова, «Қазақстанда тұратын барша ұлт арасындағы айнымас достыққа сызат түспесе екен деп тілеймін», – дейді.

«Қазақстан халқы – бір ел, бір тағдыр деп өмір сүрудеміз. Бұл үкіметіміздің қоғам­дағы азаматтық ынтымақтастық пен ішкі саяси тұрақтылықты сақтау стратегиясын дұрыс таңдап, ұлтаралық қаты­настарды реттеудің тиімді тетік­терін жасай білуінің арқасында мүмкін болуда. Біз тағдырымыз бір бауырлармыз. Қазіргідей ауыр күндер, біздердің бір-бірімізге деген достық сезімімізді одан әрі жақындастыра түсуде. Мен ұжымдастарыма «Біз бәріміз біргеміз!» дей отырып, барша Қазақстан халқын мерекемен құттықтаймын!» -деп жүрекжарды лебізін жеткізеді.

Бостандық фронт-офисінде көп жылдан бері еңбек ететін украин қызы Ирина Павловна Кухарская да Қазақстан халқын мерекемен құттықтап, өз сезімін былайша жеткізеді: «Қазіргі уақытта Қазақстан бүкіл әлем сияқты күрделі кезеңді бастан кешуде. Бірлігі жарасқан көпұлтты Қазақстан халқы бұл қиындықты да еңсереміз! Өйткені біз біргеміз!»

«Ел басына күн туған қилы замандарда да халқымызды ұлт ретінде сақтап қалған – ынтымағы мен бірлігі. Жаугершілік заманда басы ауған жаққа көшіп жүріп те берекесі мен қазанын ортайтпаған қасиетті қанағатшыл халқымыз, бұл қиындықты да еңсерері сөзсіз. «Бірлік бар жерде – тірлік бар» демекші, «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы осындай ел басына күн туған сын сағаттарда бірлігін де, тірлігін де көрсете білуде», – дейді Алматы филиалының PR-менеджері Жаңыл Әпетова.

Иә, қилы кезеңді бастан өткере жүріп өзгені өзекке теппей, ұтымды іспен, орамды оймен, терең кемеңгерлікпен, ешқашанда тарылмаған кеңдігімен жүзден аса ұлт пен ұлыстың Отаны болып отырған Қазақ елінің болашағы жарқын.

Достық пен ынтымақ бар жерде береке мен ырыс болары анық. Еліміз берекеден, мерекеден арылмасын деп тілейік.

 «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Алматы филиалының баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button