Жаңалық

1-орын иеленген жұмыс

Ruh.kz порталы ұйымдастырған «Менің Қасиетті Қазақстаным!» эссе байқауында жүлделі 1-орынды иеленген Рахымберді Айгерімнің жұмысы. Жеңімпазды жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, оның жұмысын сіздерге ұсынамыз.

«Менің Қасиетті Қазақстаным!»

Әр адамның шыр етіп дүние есігін ашқаннан кейінгі танымы ең алғаш ата – ананың тағылымды тәрбиесімен келсе, өзінің айнала қоршаған ортасы, туған – туыстары мен киелі мекен туған жері ерекше орын алары хақ.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев өткен жылғы «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын жүзеге асыруды мақсат тұтқан болатын.

Әрине әркімнің туған жері – өзіне жұмақ мекен екенін ескеретін болсақ, көбіміз өз өлкеміздің тарихын біле бермейтініміз анық.

Әр қыры мен сайы, қырқасы мен тасының астында тұнып жатқан тарихы бай, мәдениті ерен Жамбыл өңіріне ерте кезден бастап-ақ қытай жиһангездері мен араб саяхатшылары тамсанып жазып кеткен болатын.

Өкініштісі сол көбіміз өз жеріміздің атауының шығу тарихын, даму бағытын, өлкемізден шыққан атақты адамдарымыздың ерен ерліктерін терең сезіне бермейтініміз рас.

«Мән бермеппін жер атына бұрын мен,

«Кездерім көп мән беруден сүрінген»  – деп ақын Ж.Нәжімеденов бір кездері шабыттана жырға қосуы тегіннен-тегін емес.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың өзі «Қазақ хандығына – 550» жыл толу мерекесінде, «Біздің рухани байлығымыздың діңгегі саналатын Тараз шаһары далай дарындар мен дүлділдерді өмірге әкелгендігінің өзі бір төбе, тарихы тым тереңде жатыр» – деп тебірене сөйлеуінің өзі біздің өлкемізге деген сүйіспеншілігімізді арттыра түсті.

Тарихи туризмді дамытуға өте қолайлы мекеннің өзіндік ерекшеліктерін айқындайтын тағлымды тарихы мен өрелі мәдениеті саналатын Қарахан, Бабаджа хатун, Айша Бибі, Тектұрмас кесенелері көптің қызығушылығын тудырып отырғандығы жасырын емес.

Осы өлкеден шыққан, тарихшы Ілияс Сейтжан ағамыздың айтуынша: Арыстанды бағындырған алып Қарахан  әулие өз заманында аса данышпан, құдіретті патша болған. Сол кездегі атақ-абыройы дүниені дүр сілкіндіріп тұрған дейді. Шексіз байлығына қарамастан, қарапайым болған. Қарахан жас күнінде Айша есімді аруға ғашық болады. Алайда жаугершілік заманның зұлматы олардың бақытына кесе-көлденең тұрады. Ештеңеге қарамастан екеуі Қараханның ауылына қарай жол тартады. Ұзақ сапарда Айша бибі суға шомылып шығып, киімін киіп жатқанда, сәукелесінен шыққан сұр жылан шағып алады. Қарахан есінен танып, әлсірей бастаған Айшаны молдаға апарып, некесін қидырады. Айша бибі осы жерде Қарахан батырдың қолында көз жұмады. Сөйтіп, Айша бибінің қайтыс болған жеріне мазар тұрғызады» – деп әңгімелеп берді. Ертеректе ата – әжелеріміз махаббат пен сұлулықтың символы Айша Бибі өзеннен асып Қараханған жете алмай қалғандықтан   «Аса алмаған» кейіннен «Аса» аталып кетіпті деген сөздерінде де үлкен мән бар ау деген ойға келдім.

Көркіне көз тоймай қарай бергің келетін әрі сәулет өнерінің ерекше бір стилімен салынған Қарахан әулие кесенесінің басындағы шырақшы атамыздың айтуына қарағанда бұл кесене орыс империясының «құдай жоқ» деп ұрандатқан тұста, кесені бұзып қыш кірпіштерін тасып әкетушілер де табылған. Бірақ олар көп ұзамай жынданып, немесе ауыр жағдайларды бастан кешірген. Сондықтан да бұл мекеннің қасиеттілігін түсінген екен.

Айшадай арудың күтушісі болған, кейіннен бибісі өмірден өткен соң жас қабірдің өмір бойғы шырақшысы міндетін атқарған Бабаджа Хатунның кесенесі де сәулет өнерінің ерекше стилінде.

Тараз қаласы дүгелдей дерлік көз алдыңда сайрап көңіліңе қанат бітіріп, ерекше әсер беретін Тектұрмас кесенесі Талас  өзенінің оң жағалауында салынған. Бұл қаладағы өте көне діни орындардың бірі. Төбенің етек жағында ежелгі жерасты жолы  және Талас өзені арқылы өтетін тас көпір болған екен. Аталған кесененің орнына 2001 жылы археологиялық қазба жұмыстары жүргізіліп, 2002 жылы ортағасырлық үлгіде кесененің алғашқы  орнында  жаңадан кесене тұрғызылды. Тектұрмастың тарихи аты – Сұлтан-Махмудхан екендігін сол жердегі жазылған тақтайшадан білдік Ал шырақшының айтуынша  «Тектұрмас» – сөзінің өзі түркіше «тынымсыз орын» дегенді  білдіреді.

Өлкетанушы Дархан Байдалиевтың айтуынша, Тектұрмас әулие туралы жалпы екі аңыз бар. Тектұрмас Әулие Қарахан тұсында әскербасы, жасауылбасы болып қызмет атқарған. Ол қызметін атқаруға шыққанда, қара жолдың үстіндегі жолаушы, керуен біткен түгел тексеруден өтеді екен. Көңіліне жақпаған жүргіншілерді өз бетінше жазалап, оларға өз бетінше шара қолданыпты. Жолаушы жұртты да, тұрғылықты елді де үнемі тексеріп, халыққа да тыныштық бермей, өзі де тыным алмай жүретіндіктен, көпшілік оны Тектұрмас деп атап кеткен екен. Ал екінші бір аңызда Тектұрмас қорғаны орнында бұрынғы заманда қала болған. Осыдан бес жүз жылдай бұрын Талас бойын жат жерден келіп, қалып қойған қалмақтар билеп тұрыпты. Жергілікті ел Әмір Темірмен сөз байласып, қалмақтарды Талас бойынан қуып шығуға келіседі. Бұл хабарды естіген қалмақтар артына ешқандай асыл зат не бұйым қалдырмаудың жолдарын іздестіреді. Қалмақтар Тектұрмасқа өздерімен алып кете алмайтын асыл заттар мен бұйымдарды әкеліп жинайды, олардың үстіне таудай қылып сексеуіл және басқа отын ағаштарын үйеді. Жинаған түрлі асыл заттар мен бұйымдар аспанға атылған алып от – жалын ортасында өртеніп, күлге айналады. Әмір Темір келгенше, қалмақтар түгелдей ел – жұртына қоныс аударып, көшіп кетеді – делінеді.

Жалпы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев атамыздың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» атты мақаласына орай киелі жерлердің тарихы баршамыздың үлкен қызығушылығымызды тудырды әрі осындай жерде туылып, мекен етіп отырған маған еліміздің туризм саласын дамытуға ықпалы мол екендігіне көз жеткізді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button