«100 жаңа есім» жобасына енген Сырым Ертаев жастарға қолдау көрсетеді
Жастардың кезекті кездесуі «100 жаңа есім» жобасына енген Сырым Ертаевпен өтті.
«Рухани жаңғыру» Оңтүстік Қазақстан облыстық жобалық кеңсесі және жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасына енген бірегей тұлғалармен жастарды жүздестіріп, олардың ғылым, шығармашылық, кәсіпкерлік саласындағы жеткен жетістіктерін өскелең ұрпаққа таныстырып, Ел Тәуелсіздігінің тұғырлы болуына, әлеуметтік ахуалдың жақсаруына өзіндік қолтаңбасын қалдырған тұлғалардың еңбегін қоғамға таныту, үлгі ету мақсатында үлкен бастаманы қолға алып отыр.
Іс-шара барысында Тәуелсіздік дәуірінде өзінің еңбегімен, білімімен, өнерімен озып шыққан тұлғаның жүріп өткен жолдары жөнінде ролик көрсетіліп, сөз қозғалады. Жастар өмірге шынайы көзбен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынылды.
Сырым Ертаев бүгінде «Қайыпата» ЖШС басшылық етеді. Қожалығында 5000 бас ірі қараны бағымға алып, одан күніне 30 тонна ет өндіруде. Ол сондай-ақ ауылында бірқатар азаматтарды тұрақты жұмыспен қамтып, баспанамен қамтамасыз еткен. Кәсіпкердің қолдауына ауылдастары шынайы риза. Басқосуда кәсіпкер Сырым Махамбетұлы кәсіп ашудағы тәжірибелерімен бөлісіп, азаматтарды ынталандыратын тұшымды ойларын ортаға салды. Оның айтуынша:
– Жастайымнан қолымда бар қаражатпен кез келген істің көзің тауып, одан табыс табуды құп көретінмін. Ауылда өскендіктен болар, мал шаруашылығын өз ішімізде дамытып, біздің қоғамның арасында кеңінен насихаттауға бел будым. Сондықтан да, бүгінде айналысып жатқан кәсібімді өзім туып-өскен жерімде бастадым. Біздің өңірдің етіне шетелдіктердің сұранысы жоғары. Өйткені, күннің нұрың, жердің нәрін алған мал еті құнарлы болады. Армандамаған адамның нақты ұстамы болмайды. Армандаған соң, мақсат та құрылады. Көздеген іске де жетуге болады. Тілге тиек етерлігі, бастаған істі бүгін істеу керек. Ешқашан ертеңге қалдыруға болмайды.
Кездесуде жастардың бизнеске деген қызығушылығы айқын аңғарылды. Олар бизнесті ашу және бренд қалыптастыру бағытында сұрақтар қойып, қызықты мағлұматтарға қанықты. Сонымен қатар, жоба кейіпкері басқосу барысында кәсіп ашуға ынтасы бар жастарға тегін мастер-класс ұйымдастыруды ұсынып, бұл бағытта жүйелі түрде жұмыс істейтінің жасырмады. Сондай-ақ, жастар қауымы пайдалы кеңес айтып, тәжірибесімен бөліскен «100 жаңа есім» жобасының кейіпкері Сырым Махамбетұлына алғыстарын білдірді.