Жаңалық

100 жаңа оқулық – сапалы білім бастауы

2017 жылы Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жаңа гуманитарлық білім беруге негізделген қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық шығаруды ұсынған болатын. Сол 100 оқулықтан аударылған 18 кітабының жақында Елбасының өзінің қатысуымен тұсаукесер рәсімі өткен еді.

Еліміздегі негізгі қозғаушы күшке айналып отырған «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының “100 жаңа оқулық” бағытына қатысты өздерінің ой-пікірлерін білдіріп жүргендер де көп. Ахмет Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетіндегі Стратегиялық даму басқармасының басшысы Алмасбек Әбсадықов те солардың қатарынан. Ол:

– Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында жаңа гуманитарлық білім беруге негізделген қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық шығаруды ұсынды. Бұл жобаның аясында қазақ жастары жаңа сапалық деңгейде білім алатын болады. 100 жаңа оқулық деп отырғанымыз – әлемнің ең үздік оқу орындарында пайдаланылып жүрген оқулықтар. Ондай оқулықтар жаңашылдығымен, мазмұнының тереңдігімен ерекшеленеді. Бұдан білім алған біздің студенттер жаһандық өзгерістерді, әлемдік экономика мен әлеуметтік саланың дамуын терең ұғынатын болады. Дүниетанымдары кеңейе түседі деп сенеміз-деді

Сонымен қатар, бұл жобаның, әсіресе, жастар жағына ықпалы мол екенін тілге тиек етті:

-Гуманитарлық ғылымдар саласында әлемнің батыс бөлігі көптеген жетістіктерге қол жеткізген. Сол білім мен ілімді игеру біздің қазіргі жас буынның үлесіне тиіп отыр. Мұндай зор мүмкіндік, жағдай кез келген елдерде жасала бермейді. «100 жаңа оқулық» бағыты қазақ жастарының білімін арттыруға, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге жол ашады деп ойлаймыз.

Елбасы жүзеге асыруға пәрмен берген «100 жаңа оқулық» бағыты да қоғамда өз жемісін бере бастады. Кітап оқудың адам санасын азат ететін ең мықты құрал екенін аңғарған мемлекет басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкестендіріп, «100 жаңа есім», «100 жаңа оқулық» секілді бағыттарды міндеттеген еді. Қазақтың бүгінгі цифрлы дәурен тұсында өмір сүріп жатқан өскелең ұрпағы үшін ең қажет деген кітаптар баспалардан шығып, ел игілігіне ұсынылуда. Бұл да «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының қоғамда нәтиже бергенінің бір көрінісі. Республикадағы аймақ басшылары «100 жаңа оқулық» жобасының өте белсенді жүріп жатқанын айта келе, аталған жобаны бірнеше жыл бойы қатарынан жүргізуге қарсы емес екендерін білдірді.

Білімнің салтанат құруының өзі ұлттың кемеріне жеткенінен хабардар етеді. Біз сол дәрежеге жетуіміз қажет. Ендеше Елбасының «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» атты бағытымен толығырақ таныса отырыңыздар.

Мемлекет басшысы өзінің тарихи мақаласында: «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз. Ол үшін қазіргі аудармамен айналысатын құрылымдар негізінде мемлекеттік емес Ұлттық аударма бюросын құру керек» деген нақты байламын ұсынды.

Қазіргі уақытта Елбасы тапсырмасының негізінде «Ұлттық аударма бюросы» құрылып, жауапты жобаны іске асыруға бел шешіп кірісіп кетті. Жаңа құрылымы бүгінге дейін жоғары оқу орындарымен бірлесе отырып, алғашқы 18 кітапты аударып үлгерді.

«Көп тілегі – көл» демекші, көшелі істің ілгері басуына елімізге белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері, сарапшылар да тиісінше үлес қосуда. Олар әлемдік деңгейдегі 100 жаңа оқулықты қазақ тілінде сөйлету – игі іс екенін, сапалы аударылған оқулықтарға қазақ қоғамы сусап отырғанын алға тартуда. Сонымен бірге олар елімізде бүгінге дейін жарық көрген қазақ тіліндегі оқулықтардың көбіне жұртшылық наразы, сапасы да көңіл көншітпейтінін де жасырмайды. Сондықтан дүниежүзі халықтарының интеграциясы күшейген қазіргі заманда әлемнің беделді оқу орындарының руханият саласындағы таңдаулы оқулықтарын қазақша сөйлету – өте игілікті қадам. Рухани қазынамызға өлшеусіз үлес қосар мұндай кітаптар өскелең ұрпақтың білімін толықтыра түсетіні сөзсіз. Ең бастысы, оқулықтар қазақ ұғымына сіңісті болуы тиіс деген пікірлерін білдіруде.

Сонымен алдында айтып өткеніміздей қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулықтың 18-і аударылып бітіп, редакторлар қолынан өтіп, беттеле бастады. Жақын арада оқулықтардың электронды нұсқасы 100kitap.kz сайтында жарияланып, көпшілік талқысына ұсынылатын болады. Мамандардың айтуынша, оқулықтарды аударған кезде оның атауынан тартып, қазақы ұғымға сай келуіне аса мән берілуде екен. Тіпті кейбір кітаптың аудармасын қазақшалағанда біраз тер төгуге тура келуде. Өйткені әрбір оқулықтың атауы жұп-жұмыр, қазақы ұғымымызға сай болуы керек.

Мысалы, Карен Армстронгтың «A History of God: The 4000-year quest of judaism, christianity and islam» атты туындысын тура мағынасында тәржімаласақ, «Құдай тарихы» болуы керек. Ендігі жерде аудармашылар мұны ұлттық ұғымға сай келетін ұтымдырақ атауын ойластыруы тиіс. Сол сияқты Эллиот Аронсонның «The Social Animal» атты кітабын «Әлеуметтік хайуан» немесе «Қоғамдық жануар» деп тікелей аударуға келмейтіні де ақиқат. Сондықтан аударманың атауынан бастап сапалы болуына айрықша ден қойылмақ.

Жалпы, мамандар гуманитарлық бағыттағы 100 оқулық Қазақстанда аудармашылар мен редакторлар мектебін нығайтып, осы салаға жаңаша серпін әкелетінін болжауда. Бұған қоса аударма процесін жеңілдететін бағдарлама мәселесі де күн тәртібіне шығарылуда. Айталық, Ұлттық аударма бюросы  қолданысқа енгізіп отырған SmartCAT бағдарламасы аударманы жылдамдатып, оның сапасын арттыруға көмектеседі. Аталған бағдарламаның ерекшелігі сол, аудармашының жазған мәтінін де, оның үстінен түзеткен редактордың да түзетулерін есіне сақтап, әрі қарайғы мәтінде кездескен кезде сол сөздерді автоматты түрде өзі қойып отырады екен. Сондай-ақ, SmartCAT арқылы аудармашылар мен редакторлардың жұмысын қадағалап отыруға да мүмкіндік бар.

Енді «100 оқулық» бағытына қатысушы аудармашы мен редактордың әр қимылы мен әрекеті «бір терезе» бойынша бақыланып, мәтінді біреуге аудартып, түзеттіріп алу қаупі де мүлде жойылмақ. Әлбетте, мұндай қадам жаңа оқулықтардың сапалы аударылуына деген жанашырлықтан туғаны анық.

Сонымен, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында қазақ тіліне аударылып жатқан оқулықтар – латын әліпбиімен басылып шығатын алғашқы басылымдар болмақ. Жаңа кітаптар жаңа төл әліпбиіміздің Елбасы қол қойған нұсқасы бекітілісімен баспаға жол тартпақ.

Жаңа оқулықтар төңірегіндегі осы және өзге де өзекті мәселелер Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада өткен халықаралық ғылыми-практикалық конференцияда жан-жақты талқыланды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button