Жаңалық

«100 жаңа оқулықты» аударудың екінші кезеңінде 30 оқулық дайындалуда

«Рухани жағыру» бағдарламасының «100 жаңа оқулық» бағыты аясында 1 жылдың ішінде 18 кітап аударылып, қалың оқырманның қолына тиегеніне де бірнеше айдың жүзі болды. Елбасының тікелей тапсырмасымен жүзеге асып отырған бұл бағытқа жауапты ретінде Ұлттық аударма бюросы бекітілген-ді. Ендігі кезекте осы аударма орталығы «100 жаңа оқулықты» аударудың екінші кезеңіне аяқ басып, 30 оқулықты дайындауға қызу кірісіп отыр.

Осыған дейін 18 оқулық еліміздің 110 жоғары оқу орындарына дарына таралып үлгерді. Ендігі кезекте Ұлттық аударма бюросының тәжірибелі мамандары шетелдік 30 автордың ең танымал деген еңбектерін тәржімаламақ. Әрі сол арқылы қазақстандық әлеуметтік-гуманитарлық салаға тың серпіліс әкеліп, еліміздегі жоғары оқу орындарының студенттерінің таным көкжиегін кеңейтуді көздеп отыр. Өйткені, қазіргі таңда әлемдік өркениет бұлағына суарылмаған сананың көп жағдайда көрсеткіші төмен екеніне күн санап көзіміз жетуде. Сондықтан, білім қуған студент-жастарымыз әлемдік тәжірибеден өткен үздік шығармаларды оқып, ойына нәр алулары тиіс.

Осындай берік мақсаттың жүзеге асуы үшін де Елбасымыз «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз», – деп өз мақаласында айтқан-ды. Осыны басшылыққа алған Ұлттық аударма бюросы 1 жылдың көлемінде 18 оқулықты аударып үлгерсе, ендігі кезек 30 оқулыққа тиіп тұр. Сонымен қатар, маусым айының басында, аталған 30 оқулықтың электронды форматы әлеуметтік желі арқылы көпшіліктің назарына ұсынылды.

Ұлттық аударма бюросының редакторы Ләйла Асқар:

– Жалпы аударылып жатқан кітапдың көлемі әртүрлі болып келеді. Шетелдік оқулықтардың бір ерекшелігі ретінде кітаптардың кең ауқымды әрі көлемді келетінін айтуға болады. Мәселен, бізде бір кітапты бір аудармашы аударғаннан кейін, оны екіге, тіпті, төрт-бес аудармашыға дейін бөліп аудара береді. Сондай-ақ, кітап бірнеше редактордың қолынан өтеді, – деді.

Тағы айта кетерлігі, жаңа оқу жылынан бастап тәлімгерлерге бейнедәрістер қолжетімді болмақ екен. Мұның бір ерекшелігі екі тілде қатар жүргізілмек. Сонымен қатар, аударма ісіне қашықтықтан білікті мамандар мен оқытушылар да қатысу мүмкіндігіне ие.

Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Назгүл Қожабек:

– Әрбір оқулық бойынша кем дегенде 20 минуттан 25 бейнедәріс түсірілу жоспарда бар. Жалпы жиыны 500 минут болатын мұндай материалдар студенттер үшін таптырмайтын олжа болмақ. Сондай-ақ, бұл ресурстар осы жылдың 1-қыркүйегінен бастап қолжетімді түрде толық пайдалануға берілмек, – деп маңызды жаңалықпен бөлісті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button