Жаңалық Мақала Редакция таңдауы

16 миллион адамның назарын аудартқан Гарвард студентінің эссесі

Эбигейл Мак – Гарвард университетіне қабылданған студент. Ол Tiktok-қа бейнеролик жүктеп 16 миллионнан астам қаралым жинады. Әлеуметтік желі қолданушыларының назарын аударған әңгіме «S» әріпі төңірегінде өрбіген.

Автор емтиханнан рекордтық төмен пайыздық көрсеткішке ие болғанына қарамастан, Гарвардқа түсу үшін Tiktok әлеуметтік желісіне бейнероликті мотивациялық эссе ретінде жүктеген. Онда ол анасынан айырылып қалғаннан кейін қалай қайта өмір сүруді үйренгені, жүрегіндегі бос орынды немен толтырғаны туралы баяндаған.

Елдің жүрегін елжіреткен бейне-эссе «Мен S әрпін жек көремін» деген тезиспен басталады.

– S әрпі бар 164 777 сөздің біреуіне «соғыс» жариялап, соған эссе арнаймын. Өте сирек қолданылатын бұл сөз менің өмірімді 100%-ға өзгерткеніне сенгім келмейді. Мен толыққанды отбасында (parentS) дүниеге келдім, ал қазір бір ғана қамқоршым (parent) бар. Енді дәл осы S әріпі менің өмірімді жаулады.

Достарым кешкі асты ата-аналарымен (parentS) ішсе, ал мен әкеммен (parent) ғана тамақтанатынымды менің есіме салмайтын бір күн де өтпеді. Осы эссені жазу барысында бағдарлама parent сөзінің астына көк жолақ шығарып, қатені түзетуді ұсынып тұр, себебі бұл сөз – parentS болып жазылу керек, алайда қатерлі ісік бұл түзетуге бағынбады.

Эсседе Эбигейл спортпен шұғылдану, үйірмелерге қатысу және мектептегі басқа мүмкіндіктерді пайдалану арқылы өз санасын S әріпін немесе анасыз қалғандығын ойынан қалай шығаруға тырысқанын түсіндіреді. «Өміріме S әрпі әкелген қайғының орнын толтыра алмадым, бірақ мен бұл туралы үнемі ойлаудың қажеті жоқ екеніне анық көз жеткіздім. Менің өмірімде мен басқара алмайтын көп нәрселер орын алып жатыр, сондықтан мен қолымнан келетін – күнделікті жұмыстарымды бақылауға аламын деп шештім», – деп жазады.

Эбигейл түрлі үйірмелерге, қосымшаларға қатысып көріп, соңында үш нәрсе өзіне жақын екендігін байқайды. Олар: театр, оқу және саясат. Көп ұзамай ол S әріпінен қашқақтағанын қойып, керісінше  қос S-ке (paSSion) құштарлығы оянады. Эбигейл жай ғана уақыт өткізудің жолын емес, оны шабыттандыратын сүйікті істерін тапқанын айтады.

«S менің алға қарай ұмтылуыма септігін тигізді», – деп Эбигейл өз эссесін қорытындылады және әзірге бұл жеткілікті деп, болған нәрсені толығымен қабылдауға және ұмытуға дайын емес екенін айтты.

Содан кейін Эбигейл Гарвард университетінің қабылдау нәтижелері жарияланғанға дейін үш апта бұрын оның өтініш мәртебесі жаңартылғанын және университеттен арнайы хат алғанын айтады.

Қазір Эбигейл Гарвард университетінің студенті. Бұл туралы ол өзінің әлеуметтік желілерінде бөліскен.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button