17 тамыздан бастап Қазақстанда карантиндік шаралар жеңілдетіледі
Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында сөз сөйлеген Бас мемлекеттік санитарлық дәрігер Айжан Есмағамбетова хабарлады.
«Келушілер мен қызметкерлерге міндетті түрде термометрия жүргізу, жеке қорғаныс құралдарын пайдалану, әлеуметтік қашықтықты сақтау, күшейтілген санитарлық-дезинфекциялық режим қызметін қайта бастайтын барлық нысандар үшін басты талап болып қала береді», – деп нақтылады республиканың бас дәрігері.
Оның айтуынша, сауда-ойын-сауық орталықтарының, сауда үйлерінің, сауда желілерінің, жабық базарлардың қызметі қайта жандануда. Бұл ретте, аталған объектілерге 1 адамға 4 шаршы метрден кем емес үй-жайлардың ауданы есебінен келушілер санын шектеу және 30% – дан аспайтын толымдылығын (базарларға, 500 шаршы метрден астам сауда үйлеріне, бизнес-орталықтарға, СОО-ға қатысты) шектеу бойынша талаптар қойылады.
Бұдан басқа, сұлулық салондары, шаштараздар, косметологиялық қызмет көрсететін басқа да нысандар іске қосылады. Белгілі бір жағдайларда балалар түзету кабинеттері, білім беру орталықтары, мектепке дейінгі балалар мекемелерінің кезекші топтары, бассейндері жоқ фитнес-орталықтар және т. б. ашылады.
«Бұрынғыдай, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың, ұлттық компаниялардың, кеңселер мен басқа да мекемелердің 80% қызметкерлері үшін қашықтан жұмыс істеу форматы сақталуда»,-деді А.Есмағамбетова.