Жаңалық

1954 жылғы жинақ жұрт көңілінен шықпады. Неге?

Жинақта кеткен мол текстологиялық ауытқулар, түсініктерде кеткен бұрмалаушылықтар, тіпті, бұрын Абайдікі деп танылып жүрген өлеңдердің енбей қалуы – оның айғағы.

Ақын қаламынан туындаған шебер сөз қолданыстары бұрмаланып, сөздері өзгертіліп, авторлық сөз қолданыстары көмескіленген алдын айтқанымыз тәріздес «қоспалар» ақын шығармасының мазмұнын ақсатып тұрары сөзсіз. Ұлы ақынның шығармаларын ғылыми жүйеге келтіріп, тұрақты қалыпқа түсіру әдебиеттану ғылымының басты міндеттерінің бірінен саналады. Қазақ халқы сусай күткен ақынның 1954 жылғы академиялық жинағы, жоғарыда айтып өткендей, халық көңілінен шықпап еді.

Абайдың өз қолжазбасының сақталмауы ақын шығармаларының текстологиясының зерттеуде қиындық туғызары белгілі, ал әрбір әдебиетші ақынның әр сөзіне жауапсыздықпен қарап, баспаға даярлауда өз бетімен осы тәріздес түзетулер жасай берсе «сөз патшасына» жасалған зор қиянат болар еді. Ақын шығармалары алғаш араб тілінде, латын тілінде басылып, кейіннен кириллицаға ауысқанда, ондағы сөздердің текстологиясына ықпалын тигізгені аян. «Көз үйреніп, қалыптасып кеткен сөзді» өзгертуге сырғақситындар да жоқ емес. Түбірлі сөздің түйініне үңіліп, «сөз арасын бөтен сөзбен былғаған» қоспалар текстолог Қ. Мұхамедхановқа қалам алғызып, зерттеу жүргізуіне себепші болды. Мәселен, Татьянаның атынан айтылатын

«Кепілім сенің бір өзің,

Бөтен жан тесік таба алмас» жолдарына Қ. Мұхамедханов қалыптасқан ұғым деп қарай алмайды. «Алдымен, мұның бірінші шумағы «Кепілім менің бір өзің» болып оқылуы керек. Екіншіден, «тесік» деген сөзге келетін болсақ, арабшада «н» әрпінде бір ноқат қойылады. Оның жанына бір ноқат түсіп кетсе, ол «т» болып оқылады. Сөйтіп, алғашқы жинақта әріп терушілер кінәсінен қате кеткен. Сондықтан мен бұл «тесік» деген сөзді «нәсіп» деп оқу дұрыс деп санаймын», – дейді.

Абай араб, парсы сөзерін жиі қолданғандығы белгілі. Ал бұл тілдерде сөз көп мағыналы болып келеді. Осының өзі ақын сөзі мағыналарын түсінуге кедергі тигізеді. Мәселен, «Ері мен екеуінің махаббаты жарасса, райыс үстіндегі үй» деген жолдардағы «райыс» парсы тілінде «өнім» деген мағына береді. Сонда өлеңді қалай түсінуге болады? Қалыптасқан сөз деп, көз жұмбайлықпен қарамай, ізерлей зерттеу, сөз мағынасын айқындау – кез келген әдебиетшінің міндеті. «Әрине, ерініп бәріне қол сілтей салған оңай. Оған керісінше еңбектеніп, ізденсе оның жемісін көресің… Ізденіп жүріп, парсы тілінен «рияз» деген сөзді кезіктірдім. Бұл сөз «гүлбақша» деген мағынаны білдіреді. Сондықтан мен жоғарыдағы мағынасы түсініксіз сөзге зерттеу жүргідім. Бұл зерттеушінің абайтануда, ғылым жолында жүрген қай-қайсымыздың болса да міндетіміз», дегені еді.

Ақын сөздеріне жасалған мұндай өңдеулер поэмаларында да кездеседі. Абайдың «Ескендір», «Масғұт» поэмаларындағы текстологиялық ауытқуларды зерттеген Қ. Мұхамедханұлы ақынның 1909 жылғы жинағымен салыстыра қарайды. Тұңғыш жинақта «Әңгіме Масғұт (98-100 беттер) және «Ескендір әңгімесі» (100-103 беттер) деп басылған бұл екі поэма 1954 жылғы жинақта «Ескендір», «Масғұт» деп берілген. Текстолог нысанына алған академиялық жинақта (1954) «Ескендір» поэмасының 4-шумағы:

«Жазасыз жақын елдің бәрін шапты,

Дарияның суындай қандар ақты.

Шапқан елдің бәрінде бодан болып,

Өкімдікпен қолына тартып апты», – деп басылған. Қ. Мұхамедханов өлеңнің стильдік, көркемдік мазмұнына сай «жердің», «өкіметін» деген пікірді 1909 жылғы жинаққа сүйеніп айтады: «Елді бағындырып, өкіметті өз қолына тартып алғандығы айқын көрініп тұр. Ал өкіметпен нені тартып алыпты деген сұраққа жауап таба алмаймыз». «Ескендір» поэмасының мазмұны баршамызға белгілі. Жер-жақанды жаулап алуға ниеттенген патша жендеттері қамал қақпасын аша алмағандығы жайлы 1954 жинақта былай басылған:

«Дел-сал болып бәрі де қайта шықты,

Алысып әл келмесін байқаған ғой». Қ. Мұхамедханов осы шумақтағы «алысып әл келемесін байқаған ғой» жолы дұрыс емес. Себебі, Ескендірдің қолы ешбір әскермен алысып, айқаспайды деген ой айтады да, былайша түсіндіреді: 1909 жылғы жинақта, «Бәрі де ала алмасты байқаған ғой», – деп басылған. Бұл арада қамалдың қақпасын ала алмасын (аша алмасын) бәрі де байқады дейді. Бірақ, осы екі жолда «бәрі де» деген сөз екі рет қайталанып тұр. Осы жайды зерттеу керек болады.

«Масғұт» поэмасын басуда кеткен текстологиялық ауытқулар жөнінде 1909 жылғы жинақпен салыстыра отырып, текстолог мынандай зерттеулер ұсынады: «1954 жылғы 14 шумақтың бірінші жолы: «Ол жігіт шал сөзіне құлақ салды» деп басылса, 1909 жылғыда: «Ол жігіт сөзін ұғып тұра қалды» деп басылған. 1954 жылғы жинақ бойынша оқысақ, бастапқы жолдағы «салды» деген сөзбен осы шумақтың төртінші жолында тағы кездесеміз: «Қызыл жеміс жеймін деп қолқа салды» делінген. Абайдың «Мың бір түн» ертегісінен алынған «Әзім әңгімесі» дастаны тұңғыш рет ақынның 1933 жылы жарық көрген жинағында жарияланды. Ал, оған дейінгі ақын шығармаларының бірде-бір қолжазбаларында аталмыш поэма кездеспейді. Абайұлы Тұрағұл Ырсаев Ысқақ деген Абайдың туысының нұсқауымен ақынның басылмаған өлеңдерін жинағанда, солардың қатарына енгізеді. 1945 жылғы жинақта «Көркемдік стиль, сарыны жағынан алғанда бұл әңгіме Абай шығармасы емес сияқты» деген түсінік берілген. «Сырын көрмей, сыртын танып» пайымдау кез келген мәселеде өз жемісін бермек емес. Ақын шығармаларының мәтіндік бірізділігі мәселесін қарастырғанда аудармалары да назардан тыс қалмайды. Себебі: ақынның асқан шеберлігінің нәтижесі арқасында «екінші тілге қайта келген» бұл аудармалар, ақынның өз туындыларының да мәтінін айғақтауға бірден-бір себепші болмақ.

Ақынның аудармаларының мәтіндік бірізділігі мәселесі де Қайым Мұхамедханов назарынан тыс қалған жоқ. Лермонтовтан аударылған бір өлең 1909 жылғы жинақта «Өлімге бұйырылған жазасыз адам» деген атпен басылған, өлеңнің екінші шумағы «Хүкімшіл шалдар мәз боп жатыр ма онда» деп берілген. Ал, 1954 жылғыда «Күкімшіл шалдар мәз боп отыр ма онда» деп басқан. Осы сынды сәйкессіздіктер өзге аудармаларында да кездесетіндігін айта келіп, зерттеуші: «Қасиетті дұға» («Молитва») аудармасының екінші түрі – «Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ» деп басталатын өлеңнің бірінші шумағының соңғы жолы кітапта:

«Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,

Сеніп(?) қалған жүректе жанады шоқ» деп берілген. Өлеңнің мазмұнына қарағанда Абай: «Сөніп қалған жүректе жанады шоқ» деп жазуында күмән жоқ демейміз», – дейді.

«Өлеңді ермек үшін емес, жастарға үлгі-өнеге бермек үшін» жазған ақын соңында бүгінде қарасөз деп қарастырылып жүрген «ғақлия сөздер» қалды. Ақынның пәлсапалық ойының түйіні іспетті «Абайдың қара сөздері – оның ақындық мұраларына қосылған бағалы қазына дейміз. Абайдың өз тұсында болған тарихи шындықпен, қоғамдық құрылыспен, күнделікті сан алуан надандық, озбыр зұлымдық атаулының барлығымен байланысты туған шығармалары – қара сөздерінің бағасы Абай заманындағы жағдайды, тарихи шындықты өз қалпында бұлжытпай толық танытып береді». 

Ақынның жинағына қара сөздер 1933 жылдан бастап қана ене бастады. Абайдың қара сөзбен жазған еңбектері Мүрсейіт Бікеұлының, Дайырбай Қожанұлының, Рахым Жандыбайұлының қолжазбаларында сақталған. Дайырбай қолжазбасында (1909) «Ғақылия кітап» деп, Рахымның қолжазбасында (1913) «Кітап ғахылия» деп аталған. 1940 жылғы жинақта «Ғақылия сөздері» деп, 1945 жылғы жинақта «Ғақылия қара сөздер» деп, 1954 жылғы жинақта «Қарасөздер» деп жарияланған. Сондай-ақ олардың басылу реті, тәртібі, жазылған жыл уақыты әр түрлі берілген. Оларды анықтау өзекті мәселелердің бірі болып саналмақ. Қазақ әдебиетін, тарихын зертеуші Х. Сүйіншәлиевтің: «Біздің көрген А. Жандыбаевтың қолжазбасында Абай сөздерінің әрқайсысының қай жылы шыққаны туралы толық мәлімет бар. Ол әр сөздің жазылған жылдары туралы ескертулер жасап отырған», – деген пікіріне текстолог Қ. Мұхамедханұлы осы Х.Ж.Сүйіншіәлиев айтып отырған Жандыбаев қолжазбасымен таныс екендігін, сол қолжазбаны осы зерттеуді жазудағы деректің бірі ретінде алғандығын және ол қолжазбада Абай қарасөздерінің қайсысының қай жылы жазылғаны туралы ешбір мәлімет берілмегенін ескертеді.

Қ. Мұхамедханов Абай қарасөздерінің берілу ретін Абай жинақтарындағы берілу тәртібімен, Мүрсейіт қолжазбасымен, Р. Жандыбаев қолжазбасындағы басылу ретімен салыстыра зерттеу жүргізеді. Мысалы, 1954 жылғы жинақтағы «Екінші сөзде»: «Орысқа қарамай тұрғанда қазақтың өлгенінің ақырет(?) тірісінің киімін жеткізіп тұрды», деп басылса, қолжазбамен, 1940, 1945 жылғы жинақтармен салыстыра отырып зерттеуші мынаны ұсынады: «…өлісінің ақыреттігін, тірісінің киімін сол жеткізіп тұрды». Немесе, 1954 жылғы жинақта: «Халықтың болыстыққа сайлаймын деген кісісі пәлен қадірлі орысша образование алған кісі болсын. Егер де орталарында ондай кісі жоқ болса, яки бар болса да сайламаса, уездной начальник пен военный губернатордың назначениесімен болады десе, бұл халыққа пайдалы болар ма еді…, – деп басылған жолдардағы айырмашылықтарды текстолог 1940, 1945 жылдардағы жинақтармен салыстырып былай дейді: «…ондай кісі жоқ болса, яки бар болса да, сайламаса жоғары ұлықтың айтуымен(?) назначениемен болады десе, бұл халыққа пайдалы болады ма деймін», – деп берілгендерде «жоғары ұлықтың» деп Абай сөзін бұрмалап, қазақшалаған.

«Задында Абайдың қарасөзі мен поэзиясының ым-жымы бір. Екеуі де «халық!» деп ынтығады, оған қызмет етеді. Поэзияда «жылай жырласа», ғақлиядағы оның көз жасы – қиялдан балқыған қорғасынның тамшысындай», тебіреніс пен толғаныстың тоғысуындай «қалың елі, қазағының» өмірінен туған «ғақылия сөздер» өзіңді де, өзгені де түсінуге бағыт нұсқайды. Қарасөздердің қолжазбалардағы басылу түрі, жинақтардағы басылу түрі, олардың арасындағы қарама-қайшылықтар, міне, осылардың бәрі Қайым ағаның аталмыш еңбекті жазудағы басты мақсұты. Ұлы сөз патшасының «сөз сараларын» сараптап, саф қалпына келтіру сөз қадірін түсінетін әрбір ойлы жастың борышты міндетінен саналмақ. Зерлей, саралай қарасақ, аталған еңбектің қадір-қасиеті жылдар өткен сайын арта беретінін аңғарамыз. Лайым солай бола бергей!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button