20 жастағы қазақстандық "ТМД үздік студенті" байқауының жүлдегері атанды

Әбілқас Сағынов атындағы Қарағанды техникалық университетінің студенті Елдар Қанағат "ТМД-ның үздік студенті – 2024" халықаралық байқауының жүлдегері атанды, деп хабарлайды Ruh.kz Қарағанды облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Елдар Қанағат оқудағы жетістіктері мен "Қазақ тілін оқытуда жырау шығармаларын қолдану әдістемесі" мақаласы үшін II дәрежелі дипломмен марапатталды.
Елдар "Автоматтандыру және басқару" мамандығы бойынша үшінші курста оқиды. Ол президенттік стипендияның иегері және бірнеше республикалық және халықаралық байқаулардың жүлдегері. Ол қазақ тілі мен мәдениеті кафедрасының аға оқытушысы Меңдікүл Оспанғалиеваның жетекшілігімен "Қазақ тілін оқытуда жырау шығармаларын қолдану әдістемесі" тақырыбында мақала жазған.
– Мен жан-жақты адаммын және өз-өзімді дамытуды ұнатамын. Мен бұл мақаланы "ТМД-ның үздік студенті – 2024" халықаралық байқауына жібердім. Тақырып өте өзекті және мен ұсынған әдіс көптеген адамдар үшін пайдалы, – дейді Елдар. – Жарияланыммен қатар, әрине, менің оқу жылдарындағы басқа да жетістіктерім бағаланды.
Байқаудың қортындв кезеңі "Жастар және ғылым: тәуелсіздіктің жаңа трендтері" IX Халықаралық конференциясы болды. Іс-шара Астанада өтті және Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдерінің ғылымын, білімін, өнері мен спортын дамытуға үлес қосқан үздік студенттерді салтанатты түрде марапаттаумен аяқталды. Халықаралық байқауды "Бөбек" жалпыұлттық қозғалысы ұйымдастырды.
Айта кету керек, жақында Елдардың мақаласы "Рухани жаңғыру" ақпараттық-талдау орталығы мен QAZAQ BILIMI Республикалық ғылыми-әдістемелік, педагогикалық журналы ұйымдастырған "Үздік студенттік мақалалар" республикалық байқауында да жоғары бағаланды. Студенттің жұмысы "Үздік мақала" номинациясы бойынша I дәрежелі дипломға ие болды.