Жаңалық

#ТУРИСТ_КҮНДЕЛІГІ: БАЛҚАШ

Турист күнделігінің бүгінгі айдары республикамыздың оңтүстік-шығысында орналасқан тұйық көл – Балқаш көліне арналмақ.

Жаз айларының жақындап, шомылу маусымының ашылуына бір айдан аз уақыт қалды. Еліміздің азаматтары шетелдегі курорттарға бармай ел ішінің тамаша табиғатымен де шектеле алатын уақыт та келген сияқты. Себебі қазіргі күндері Мысыр елінде терракт толқулары қайта басталса, Түркия курорттарының бағалары қымбаттаған.

Балқаш көлдің батыс бөлігі тұщы болса, шығыс бөлігі тұзды. Көл өзінің көлемі жағынан әлемдік рейтингте 14 – орынға жайғасқан.

 

Балқаштың тарихы

Балқаштың тарихы Зеренді көлінің махаббат тарихына ұқсас https://ruh.kz/kz/news/turist_kundeligi_zerendi/. Сол көлдің маңында бір байдың ауылы болыпты. Байдың малы, жері және мүлік-дүниесі аста-көкте болған. Жер бетіне сыймайтын байлықпен бірге Жаратушы оған айдай сұлу Балқаш есімді қыз берген-ді. Қыз баласы бой жетіп, елдің назарында болады. Талай жас жігіттің жүрегінде мекендеген сұлу бойжеткен бір жарлы баласына ғашық болған. Әке қалауы баласының таңдауымен ортақ болмаған соң, бойжеткенге ауқатты күйеу бала табылған уақытқа дейін үйден шығуға тыйым салынады. Әкенің және ағайын-туыстың қарсылығы бұнымен тоқтамай, жарлы баласы ауыл маңындағы тұнық көлге батырылып өлтіріледі. Ғашығының өлімі туралы суыт хабарды естіген сұлу түн ортасында үйінен қашып, сол көлге өзі де секіріп, өз ғашығына қосылған-ды. Екі ғашықтың махаббат пен қайғыға толы оқиғасы қалың жұртты қатты қапаландырған еді. Міне, сол бейқам заманнан бері Жасыл теңіз – Көкше теңіздің тұрғындары бұл мөлдір көлді Балқаш деп атап кетті. Көлдің махаббат әлемінің жаратылысы екеніне жергілікті халық әлі күнге дейін сенеді. Дәлел ретінде ХІХ ғасырдың аяғында болған оқиғаны еске түсіруге болады. Сол жылдары бір ерлі-зайыптылар балаға зар болған. Олардың бармаған емшісі, баспаған тәуібі қалмаған еді. Үміттері үзіліп, қолдары түскен уақытта Балқаш көлінің ерекше күші туралы естиді. Көлдің күші шын ниетпен сенген адамдарға перзент сыйлайды екен. Наным бойынша Балқаш көлін үш рет айналған отбасы сәбидің әлдиіне ұйыған екен. Жұбайлар Балқаш көлін екі жарым жылда үш рет айналып шығады. Сол сәттен кейін бұл отбасы қатарынан үш ұлды құшағына басқан екен.

 

Балқашқа апар жол

Нұр-Сұлтан қаласынан Балқашқа М-36 тас жолы арқылы жетуге болады. Жол ұзақтығы 9 сағат немесе 600 шақырым. Қарағанды қаласы арқылы өтетін тас жолы арқылы такси және автобус көліктеріне билет алып, Балқаш көліне жете аласыз.

Автобус билетінің құны – 3 200 теңге

Такси көлігінің құны – 6 000 теңге.

Егер де темір жол көлігімен жеткіңіз ойда болса, Нұр-Сұлтан 1 – Семей пойызына билет алып (1 779 теңгеден басталады) 13 сағат 12 минуттан соң демалыс орнына жетесіз.

Алматы қаласынан Балқаш көліне такси немесе автобус көлігімен жету М-36 тас жолы арқылы жүзеге асырылады. Алматыдан көлге дейінгі қашықтық 9,5 сағат немесе 640 шақырым.

Автобус билетінің құны – 3 200 теңге

Такси көлігінің құны – 5 000 теңге.

Алматы 2 – Павлодар бағытындағы поездға Лепсі станциясына дейін билет алып (1 868 теңгеден басталады) 7 сағат 28 минутта Тұзды көлге жетесіз.

Балқашта қонақ болу

Балқаштың суы жылы, жаз айларында оның температурасы 28 градусқа дейін көтеріледі. Көлде демалыс уақытының ең тиімдісі шілде айы болғаннан соң, бұл айда қонақ үйлер мен жалға берілетін бөлмелердің құны өседі. Қонақ болудың құны турист қалтасының қалыңдығына байланысты табуға болады. Олардың қатарына арзан хостелдер мен барлық жағдайы жасалған қонақ үйлер жатады. Жеке пәтерді бір күнге жалдау 4 500 теңгеден, ал қонақ үйдегі бір номердің құны 10 000 теңгеден басталады. Бұл аталған бағаларға таңғы ас кірмейді. Көп туристтер жергілікті тұрғындардың жалға беретін үйлерін де паналайды. Көл аймағында «У Розы», «У Талғата», «У Марата» деген жазулары бар тақтайшаларды көре аласыз. Жалға берілетін ол үйлердің бағасы 10 000 теңгеден асады. Көңіліңіз табиғатты қалап тұрса, көл жағасына палатка құрып, демалысыңызды сәтті өткізе аласыз.

Балқаш көліне денсаулығын жақсартуға келетін туристтердің қатары жыл санап артып келеді. Емдік-сауықтыру кешені Приозерск қаласынан 4 шақырым жерде орналасқан. Санаторий минералды сулармен, жылумен емдеу және физиорәсімдер, кедр бөшкелер рәсімдерін ұсынады.

 

Балқашта балық аулау

Балқаш жеріне демалып, емдік рәсімдерді қабылдаумен қатар, балық аулауға келетін туристер де жетерлік. Көлді сазан, көксерке, ақтабан, жыланбас балық, ақбалық, алабұға секілді балықтар мекендейді. Балық аулап, дем алғыңыз келсе, жергілікті балық аулау базаларына жүгінгеніңіз жөн. База жатын орын, үш мезгіл тамақ, балық аулауға лицензия, гид және балалар ойнау зоналарын ұсынады. Орта есеппен бір адамға бір күндік демалыс 13 000 – 18 000 теңгені құрайды.

Балқаш көлінің ерекше табиғаты елдің туристтерімен қатар жақын шет елдің қонақтарын да қызықтыруда. Жаз айларында көлдің жұмсақ суына шомылып, балықтарын аулап, жан рақатына бөлену үшін алысқа көз тастамаңыз, Балқашқа келіңіз.

Бибігүл Бөкенбайқызы, Ruh.kz

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button