Жаңалық

«Мен – Чемпион!» спорттық ойынына ОҚО-ның 160 астам оқушысы қатысты

Спорттық ойындар 12, 13, 14 жастағы мектеп оқушыларының арасында өткізілді.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы, «Тәрбие және білім» кіші бағдарламасы, «Салауатты ұрпақ» кіші жобасы шеңберінде салауатты өмір салтын қалыптастыру, бұқаралық спортты дамыту, оқушылардың денсаулығын нығайту, жас дарындарды анықтау мақсатында  Шымкент қаласында  12, 13, 14 жастағы мектеп оқушыларының арасында «Мен – Чемпион!» облыстық балалар спорттық ойындар өткізілді.

Ойындарға Мақтарал, Ордабасы, Төлеби, Түркістан, Қазығұрт аудандары және Шымкент қаласының №10, №77, №80, №87, 129 мектеп командаларынан 162 оқушы қатысты. Жарыстың 5 кезеңінен өткен сында І орынды №129 ЖОМ «Алаш» командасы, ІІ орынды Мақтарал ауданы М.Тоқжігітов атындағы ЖОМ «Тоқжігітов» командасы, ІІІ орынды Ордабасы ауданы Б.Нұрлыбеков атындағы ЖОМ «Нұрлыбек» командасы иеленді.

«Мен мұндай жарысқа бірінші рет қатысуым. Көп дайындықтың нәтижесінде жеңімпаз атандық. Командамыздың барлық ойыншылары ұтамыз деген сенімде болды. Менің ойымша, өзіңе сеніп, аянбай еңбек етсең, жеңіске жетуге болады. Бұл жүлде алдағы уақытта республикада да, басқа елдерде де қазақстандықтардың өзіне сенімін арттырады деп айта алам. Өзіміздің мектебіміз, туған жеріміз Шымкент үшін, еліміз Қазақстанымыз үшін қашан да намысын қорғауға дайынбыз!», – деді №129 жалпы орта мектебінің оқушысы Мақсат Жорықбай

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері тиісті дәрежелі дипломдары, медаль, кубок және бағалы сыйлықтарымен марапатталды. Жерлестеріміз облыс атынан ағымдағы жылдың мамыр айында Петропавл қаласында өткізілетін республикалық кезеңде бағын сынайды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button