Жаңалық

Суретші Ерболат Төлепбай «БЕС КҮН» атты жеке көрмесі

2017 жылғы 6-маусымда Қазақстан Республикасы Ұлттық музейі Халықаралық мамандандырылған «Астана ЭКСПО-2017» көрмесінің ашылу қарсаңында суретші Ерболат Төлепбай «БЕС КҮН» атты жеке көрмесін ашты.

Ерболат Төлепбай – Қазақстанның ең танымал заманауи суретшілерінің бірі. Оның шығармашылығы өз елімізде де, шетелдерде де кеңінен танымал. Көрмеге бояу жан толғанысы мен сезімді жеткізе алған, ал көп бояулы өрнектер тұңғиықтан сыр шертіп тұрған суретшінің өзіне тән көркем суреттік нақышпен орындалған 60-тан астам туындылары қойылады. Ерболат Төлепбайдың жаңа көркем туындыларының басты кейіпкерлері – әйелдер, олардың ана, қарындас, әйел, қыз ретіндегі барлық тағдырлары. Суретші өз суреттерінде қашанда жасаушы болып қала беретін әйелдің қасиетті бейнесін жырлайды.

«БЕС КҮН» көрмесі суретшінің анасы Ұлдар апаның 100 жылдығына арналды. Ол кісі Оңтүстік Қазақстанда құрметті, сыйлы халық емшісі болған. Ерболат 85 жастағы анасынан бұл дүниеден өтердің аз алдында: «Анашым, сенің өмірің жылдам өтті ме?», – деп сұрайды. Ұлдар апа: «Балам, менің өмірім бес күндей болып өтті. Бірінші күнімді өзімді кішкентай қыз ретінде есіме аламын. Екінші күнімде тұрмысқа шықтым. Үшінші күнімде босандым. Содан кейін төртінші күні өзімді ақыл тоқтатқан әйел ретінде білемін. Мынау сенімен сөйлесіп отырған сәтім бесінші күнім», – деп жауап берген екен.

Көрменің ашылу салтанатында алғашқы сөз алған Қазақстан Республикасы мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы:

«Биыл біздің еліміздің алдында, оның ішінде Астанамыздың алдында үлкен іс-шара тұр. Ол – ЭКСПО-2017 көрмесі. Біздің халқымыздың тарихында мұндай дүние бұрын-соңды болған емес. Ал, осындай үлкен көрменің бағдарламасының басын Ерболат Төлепбайдың көрмесінің бастауы біз үшін үлкен қуаныш», – деп атап көрсетті.

Мемлекет және қоғам қайраткері, профессор, ф.ғ.д. Мырзатай Жолдасбек өз сөзінде:

«Е. Төлепбай туындыларының көрмесін өткізу – қазақ мәдениетіндегі үлкен тарихи оқиға десек қателеспейміз. Ол қазақ халқының мақтанышы және біздің халықтың ғана емес әлемнің тамсана қарайтын суретшілерінің бірі. Сөз соңын түйіндей келе, Е. Төлепбай қазақ сурет өнерінің шетелге шығатын төлқұжаты десем артық айтқандық болмайды», – деп суретшінің шын бағасын көрсетті.

Көрме авторы, суретші Е. Төлепбай жиын соңында:

«Бүгінгі көрме менің жиырма жылдық күн демей, түн демей еткен еңбегімнің нәтижесі. Әрине, мұның барлығы трагедиядан туған туындылар емес. Біз көбіне айналамыздағы сұлулықты байқамай, көрмей күпірлікке көп барамыз. Міне, осының орнын толтыру үшін дін деген қасиетті ұғымға өнер көмекке келуі керек. Бүгінгі көрме анама арналса да, айтар сөзі – осы»,- деп өз көрмесі жөніндегі сөзін аяқтады.

Ерболат Төлепбай  – ҚР Суретшілер одағының мүшесі, ҚР Еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Ресей, Чехия, Қырғызстан Көркем сурет академияларының академигі. Суретшінің туындылары Мемлекеттік Третьяков галереясында, Ресей Федерациясының музейлерінде, ҚР Ұлттық музейінде, Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде, Қазақстан Еспубликасының облыстық музейлерінде, сол сияқты Қазақстан, ТМД, Еуропа, АҚШ және Азиядағы жеке коллекцияларда сақтаулы.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button