Жаңалық

Арман Евниев: Саннан сапаға мән беретін уақыт келді

Елбасы 12 сәуір күні «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласын жариялады. Сол мақалада еліміздің ертеңі, бүгінгі ұрпақтың болашағы үшін ең маңызды деген 6 түрлі басымдықты атап көрсеткен еді. Сол басымдықтарды жүзеге асыру мақсатында атқарылуы тиіс іс-шаралар еліміз бойынша қолға алынып жатыр. Ең негізгісі – Астанада құрылған «Рухани жаңғыру» бағдарламасының кеңсесі. Мамыр айынан бері жұмыс істеп келе жатқан бұл кеңсенің бүгінге дейін атқарған жұмысы аз емес. Біз кеңсе басшысы Арман Қайратұлы Евниевпен атқарылып жатқан жұмыстар, бағдарламаны жүзеге асыру құрылымы, алдағы мақсаттар жайлы әңгімелесіп қайтқан едік.

 

– Қазір барлығымыз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы жайлы айтуға, жазуға құштармыз. Бірақ нақты жүзеге асыру тетіктерін көбіміз біле бермейміз десек болады. Осы орайда сіздер бағдарламаны жүзеге асыратын қандай бағытты ұстанып отырсыздар?

– Рухани жаңғыру бағдарламасы бір күнде, бір жылда ғана туған бағдарлама емес. 25 жылда осы саладағы халықтың ой-санасын өзгерту, бүкіл әлемдегі өзгерістерге, Елбасы Жолдауында айтылған талаптарға сай болуымыз үшін осындай үлкен өзгеріс болуы керек. Ол өзгерістің негізі – осы өздеріңіз көріп отырған мемлекеттік бағдарламалар болмақ.

Біздің басты көздегеніміз – әр саладағы қатып қалған стандарттық ұстанымдарды, көзқарастарды өзгерту. Соның негізінде «Жобалық менеджментті» қолға алдық. Бұның өзі негізгі үш ұстанымнан тұрады. Алғашқысы – нақты мақсат қою. Әр саланы, әр ұйымды, әр мекемені, тіпті қарапайым жеке адамнан бастап, бүкіл мемлекеттік деңгейге дейін бір жоба деп қарастыруға болады. Бұл жаңағы нақты мақсатыңызға жетуге жол ашады.

Ал екінші ұстаным ол – жауапкершілік. Егер сіздің мақсатыңыз айқын болмаса жауапкершілігіңіз де болмайды. Біздің мақсатымыз анық болғанда ғана өзгелерге жауапкершілік жүктей аламыз.

Үшінші ұстаным – бастаған ісіңді күнделікті тірлігіңе айналдыру. Мойныңа алған жауапкершілігің қаншалықты ауыр болса да, айқын мақсатқа жету жолында әр күнде атқарар жұмысыңды бөліп, көздеген биігіңді бағындыруға болады.

Осы үш ұстанымды ұстана отырып біз «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру жолын бастадық.

– Жақсы, жұмыс істеу тетігін нақтылап алған екенсіздер, ал бұл жобаны жүзеге асыратын кімдер? Қандай жүйемен басқарылады?

– Жұмыс жүргізу тәртібіне келер болсақ; Қазақстан республикасының 4 министрлігі – Білім және ғылым, Мәдениет және спорт, Ақпарат және коммуникациялар, сонымен бірге Дін және азаматтық қоғам министрлігі бірлесе отырып 4 үлкен басқару тобын құрдық. Себебі Елбасы мақаласында айтылған 6 бағдарламаны жүзеге асыру негізінен осы 4 министрліктің құзырына кіреді.

Енді бағдарламаны жүзеге асыру тетіктеріне тоқталсақ; Жоғарыда аталған 6 бағдарламаны нақты жүзеге асыру үшін біз оны өз ішінен 13 тармаққа бөлдік. Қазір аталған 4 министрліктің өкілдері бір кабинетте отырып, осы 13 бағыт бойынша жұмыс істеп жатыр. Басты мақсат – қағазбастылық пен бюрократияны жою. Ал әр министрліктің басшысы өзі жауаптанған бағдарламаны жүзеге асырушы топтың үйлестірушісі, ал вице-министрі жетекшісі болып міндеттелген. Бұл бізге не береді? Бұл бізге ең әуелі жалаң сөзден іске өтуге, іс болғанда да, қағаз жүзіндегі емес, нәтижесі бар, бағдарлама Жарғысымен нақтыланған нәтижені көрсетеді. Ал бағдарлама Жарғысы Марат Тәжин төрағалық ететін Басқару кеңесінің шешімімен дайындалған.

Бұл жүйелі түрде қолға алынған жұмыс болғандықтан мен әр апта сайын Басқару кеңесінің алдында қандай мәселелер шешілді, қандай мәселелер шешімін таппады дегенге есеп беріп отырамын.

– Енді осы ішкі кіші бағдарламамен жұмыс істеу жолдары қандай, оны жүзеге асыру барысында қандай нәтиже күтіледі?

– «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жүзеге асатын жобалар туралы айтып өтіңізші.

– Қазіргі уақытта 1191 жоба жүзеге асырылады деп белгіленіп отыр. Бұның ішінде күнделікті атқарылатыны бар, ұзақ мерзімді жүргізілетіні бар, сонымен бірге күнделікті мәдени шаралар мен түбегейлі зерттеуді қажет ететін ғылыми жобалар да бар. Бұл қазіргі жағдайда нақтыланған сан, алдағы уақытта бұдан да көбеюі мүмкін.

Ал әрбір мекеме өзінің жоспарын орындау үшін ағымдық атқаратын іс-шаралар бұған кіргізілген жоқ. Бірақ біз оларды да жоққа шығарып отырған жоқпыз. Негізінен біз сұрыптап алған жаңағы 1191 жобаға талдау жасадық. Ол бізге не береді? Оған қатысқан адамдарға, жастарға қандай әсер етеді, біздің ұстанған бағытымыз бойынша саналарына рухани қозғау сала ма деген сауалдарға жауап беруін сараладық. Себебі бізге саннан сапаға мән беретін уақыт келді. Әрбір шараның, әрбір жобаның сапасын көтеруіміз керек. Көз алдау, жоспар немесе есеп беру үшін ғана жасалатын дүниелерден арылатын кез келді. Ал біздің қоғамда есеп беру үшін ғана жасалатын дүниелер көп.

– Бұл жобалар қайдан келді? Өздеріңіз ойлап тауып, жаңағы жоба жетекшілеріне тапсырма бердіңіздер ме, әлде әркім өз жобасын алып келіп, осы бағдарлама кеңсесінде жүзеге асырып жатыр ма?

– – –

– Бағдарлама кеңсесінің өңірлерде жұмыс істеу тәртібі қалай болады?

– Иә, біз қазіргі таңда Астанадағы бас кеңседе жұмыс істеп жатырмыз. Ал біздің ішкі бағдарламамыз бойынша қай облыста қанша жоба атқарылуға тиіс екені белгіленген. Яғни, әр өңір өзіне тиесілі міндетті біледі. Ал шын мәніне келер болсақ, бағдарлама аясында бір облыс бір жоба жүзеге асыра ма, 10 жоба жүзеге асыра ма оның маңыздылығы жоқ. Оларға мақсатты жүктедік пе, соған жетсе болды. Осы ретте тағы да, бағана айтқанымдай, сан емес, сапа керектігі белгілі болады.

Қазіргі кезде әр облыс бойынша біздің бір адам жұмыс істеп отыр. Ол өз командасын өзі жасақтайды. Сол арқылы жауапкершілікті жүктеп, күнделікті жұмыс тәртібін белгілейді. Біз сол адамға көмектесеміз. Ал әр жоба рухани жаңғыру жолында бір мәселені шешетіндей болуы керек.

Тағы бір ескеретін жайт, барлығын мемлекет жасап беруі керек, мемлекет қаржы бөлуі керек, мемлекет істеп беруі керек деген санадан арылуымыз керек. Әрине, мемлекет әр азаматқа, әрбір жеке тұлғаға қолдау көрсетуге дайын, бірақ сол қолдауға ие болатындай деңгейде болу керек қой.

– Соңғы сауал болсын. Жалпы 2029 жылға дейін жоспарланған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы толықтай жүзеге асқан кезде біздің көретін нәтижеміз қандай болуы керек деп ойлайсыз?

– Бұл сұрақтың жауабы Елбасы мақаласында айтылған. Дегенмен менің ойымша Қазақстан ең дамыған елдердің қатарына кіру үшін ой-санамызды, әлемдік бәсекелестікке қабілеттілігімізді дамытпасақ ешқандай рухани жаңғырудың керегі жоқ. Сол баяғы өлі мен тірінің арасында қала береміз. Бірақ біздің бұл жолдан өтуге деген потенциалымыз үлкен, мүмкіншіліктеріміз жетерлік. Соны тиімді пайдалана білуіміз керек.

Ал қарапайым тілмен түсіндіретін болсам, «Рухани жаңғыру» жүзеге асқан кезде қарапайым халық нені көруі керек? Мысалы, қазір Қазақстан жастардың өз-өзіне қол салуы бойынша әлемде алдыңғы орынға шығып кетті. Көкек аналардың көбеюі, қазақстандық жастардың сырт елдерге көшуі, Қазақстаннан шетелдіктердің бала асырап алуы көп қазір. Бұл ойланарлық жағдай. Неге солай болып кетті? Ол біздің қоғамдағы адами құндылықтардың дұрыс дамымағандығының көрінісі. Ал біз рухани жаңғыруды толық аяқтаған кезде халық бұндай оқиғалардың азаяғанын байқауы керек, ең болмағанда.

– Әңгімеңізге рахмет!

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button