Жаңалық

Астанада «Оралман» фильмінің тұсаукесері өтті

Астана қаласында Ауғанстаннан туған жеріне оралған қазақ отбасының өмірі туралы баяндайтын «Оралман» фильмінің тұсаукесері өтті.

Картинаның режиссері – Сәбит Құрманбеков. Мәдени іс-шараға ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Қуаныш Сұлтанов, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы төрағасының орынбасары Зауытбек Тұрысбеков, «Республикалық радио» ЖШС Бас директоры Мәди Манатбек, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, кинорежиссер Сламбек Тәуекел, сонымен қатар фильмнің шығармашылық тобы қатысты.

Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша «Қадам» кинокомпаниясының қатысуымен Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген. Кинотуындының сценарийін белгілі кинодраматург Нұрлан Санжар Сәбит Құрманбековтің қатысуымен жазған.

– Бұл фильмді түсіруге тек Нұрлан Санжардың сценарийі ғана емес, сонымен қатар репатриация тақырыбына арналған көптеген мақалалар түрткі болды. Жергілікті басылымдардың бірінен Ауғанстандағы соғысқа қатысқан замандасымыз туралы мақала оқыдым. Кейін сол бейнені фильмнің кейіпкері етіп алдым. Туған жерге оралған азаматтардың бастан кешетін қиындықтары – әлемдегі өзекті мәселелердің бірі. Қай елді алсаңыз да репатрианттары бар. Кино немесе БАҚ арқылы болсын осы тақырыпты қозғауымыз қажет. Біздің фильм атамекеніне қоныс аударуды армандайтын қарапайым адам және Отан туралы, – деді фильмнің режиссері Сәбит Құрманбеков.

Картинаның түсіру жұмыстары Тәжікстан астанасынан 150 шақырым жерде, сонымен қатар Қарағанды облысы, Приозерск қаласы мен Алматы облысындағы Қапшағай қалаларының маңында жүргізілді. Фильмге Дулыға Ақмолда, Есім Сегізбаев, Шынар Асқарова, Баян Қажнабиева секілді еліміздің танымал актерлері түсті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button