Жаңалық

Латын графикасына көшу – өркениетті шешім

Санадағы сансыз сауалдың түйіні шешілді. Ұлы көшке бас­тар керуенбасы – жаңа ұлттық әліпбидің соңғы нұсқасы көңілімізден шықты.

Марқұм Герольд Бельгер «Ойшыл жан бір ұлттың пер­зенті емес, адамзат пер­зент­і» деген екен. Ұлттық сана­ның трансформациялануына, өз­геруіне алып келетін жаңа ұлт­тық әліпби – кемел келешек кепілі. Ұлттық кодтың тірегі болып та­былатын тіл тақырыбы қа­шан да күн тәртібінен түскен емес.

Елбасы көтерген рухани жаңғыру һәм генетикалық жад мәселесінің түпқазығы да осы тіл тақырыбынан бастау алады. Осыдан он бір жыл бұрын биік мінберден ай­тыл­ған латын қарпіне көшу сол кезде арман болса, бұл күнде шындыққа айналды. Уақыт­тан өткен сыншы, сарап­шы, данышпан жоқ екені тағы бір дәлелденді. Уақыт-пат­ша өз әмірін орындатты.

Ұлы бабамыз әл-Фарабидің «Дү­ниені өзгерткің келсе, алдымен өзің өзгер» деген даналық сөзі­нің маңызы зор. Рухани жаң­ғыру­дың бастауы – ұлттық сана, тірегі – ұлттық тіл, арқауы  бі­лім болса, баспалдағы – жаңа ұлт­тық әліпби. Латын графика­сына көшу – өркениетті шешім.

Күні кеше Елбасы назарына қоғамдық талқылаулардан өтіп, қайнауы піскен, барлық ұсыныстар ескеріле отырып әзір­ленген ұлттық әліпби ұсыныл­ды. Латын қарпіне негіз­дел­ген қазақ тілінің бір­ыңғай стандарт жобасы – Пре­зиденттің бағдарлама­лық мақа­ласында көрсетілген негізгі бағдардың басты бағыт­тары­ның бірі. Тарихи мәні, саяси маңызы бар бұл мәйекті мәсе­лені Нұрсұлтан Әбішұлы на­зар­дан тыс қалдырған емес.

Мем­лекеттік тілді латын гра­фи­касына көшіру жөніндегі жо­баны іске асыру үшін құрыл­ған жұмыс тобының мүше­лерімен кездескен Елбасы ха­лық­тың қызу қолдауына риза­шы­лығын білдірді: «Әлем­де ешбір ел өзінің жаңа әліп­биін бүкіл халық болып осылай­ша талқылаған емес. Біз үшін әрбір адамның пікірін білу маңызды». Сондай-ақ еліміз­дің болашағы жастардың бұл істен сырт қалмай белсенді түрде қолдап, патриоттықпен атсалысқандарына ризашылық сезімін білдірді.

Әлемдік тәжірибелер ес­кері­ле отырып жасалған жаңа әліпби негізінде қазіргі қол­да­ныстағы әліпбиді латын қар­піне көшіруге қатысты ақ­параттық-түсіндіру жұмыс­тарын жүргізу – ең өзекті мәселе. Тілімізді дамытып, оны әлем­дік ақпараттық кеңіс­тікке шы­ғарудың негізгі көзі бо­лып табы­латын тарихи оқи­ға­дан ұстаз­дар ұстаханасы атан­ған Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педаго­гикалық институты да шет қалған емес. 32 таңбадан тұратын ұлт­­­тық әліпбиде қазақтың төл дыбыс­тарының таңба­лануы бізді қуант­ты. Тіл ма­ман­дарының осы нұс­қа­сын қол­данысқа енгізуге әбден лай­ықты деп есептейміз. Латын гра­фи­касына өту – тарихи қажеттілік.

Оңалбай АЯШЕВ, Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі

оңалбай

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button