Жаңалық

«Алтын домбыра» IV республикалық күй байқауының жеңімпаздары анықталды

Қазақстанның xалық әртісі, «Құрмет» орденінің иегері, бүкілодақтық орындаушылар байқауының лауреаты, профессор Әзидолла Есқалиев атындағы IV республикалық «Алтын домбыра» күй байқауының жеңімпаздары анықталды.

Өнер байқауының қорытынды шарасына қатысқан облыс әкімі Нұрлан Ноғаев күй сайысының бүгінгі домбыра мен өнерді қолдаушыларының арқасында жыл сайын өткізіліп келе жатқанына тоқталды.

«Әзидолла Есқалиев – әрбір жетістікке өзінің қарапайымдылығымен, өз еңбегімен жеткен тұлға. Бүгінгі күні сол жинаған абырой, атағы мен беделі отбасына, қазақтың өнерінің дамуына қызмет етуде. Қазіргі күні қазақтың ұлттық болмысы – күйді насиxаттап жүрген Әз ағаның шәкірттері де бір төбе. «Соңғы кездері домбыраның мәртебесі төмендеп кетті» дейтіндерге бүгінгі күй байқауы жауап болады. Қазақ барда домбыра бола береді, домбыра барда қазақ бар» деген аймақ басшысы байқаудың бас жүлдесін және 1 миллион теңгелік сертификатты Д. Нұрпейісова атындағы xалықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің ұстазы Жәнібек Жәмиевке табыстады.

I орын және 700 мың теңгелік ақшалай сыйлық Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 4 курс студенті Асылбек Дәулетияровқа берілді. Ал, II орынды және 500 мың теңгелік сертификатты Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының 2 курс студенті Ақбөкен Темірге, Д. Нұрпейісова атындағы академиялық қазақ xалық аспаптар оркестрінің артисі Ринат Ғимыранов иеленді.

Жүлделі III орынды Құрманғазы атындағы қазақ ұлттық консерваториясының студенттері Әнуар Зинеденов, Әліби Нышан және Әйгерім Неталиевалар тең бөлісті. Олардың әрқайсысы 300 мың теңгелік сертификатқа ие болды. Байқаудың дипломанттарына 100 мың теңгеден ақшалай сыйлықтар табысталды.

Қазылар алқасының төрағасы – күйші-домбырашы, фольклортанушы, ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері Айтжан Тоқтаған жыл сайын Әзидолла Есқалиев атындағы күй байқауы жоғары деңгейде өткізіліп жүргеніне тоқталды.

Күй байқауының салтанатты шарасында Әз-ағаның жары Жаңылсын апа көрнекті күйшінің өнегелі ғұмырындағы естелігімен бөлісті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button