Жаңалық

Жидебай батыр және рухани жаңғыру

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы маңызды идеологиялық құжат деп айтуға толық негіз бар. Себебі мақала да ұлттық құндылықтарымыз бен қазақ елінің тарихын танудағы маңызды бағдарламалар орын тепкен. Соның бірі – «Туған жер» бағдарламасы. Осыған орай қазан айының алғашқы аптасында Шет агротехникалық колледжінде Рухани жаңғыру аясындағы кездесу болып өтті.

Шараға колледж оқытушылары мен студенттері, мектеп оқушылары және Жидебай батырдың алтыншы ұрпағы, «Жидебай» қорының президенті Ануарбек Рахымбекұлы қатысты.

Бір айта кетерлігі Қарағанды облысынан «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасына Шет ауданынан екі бірдей нысан тізімге алынып отыр. Оның бірі – Бектау ата табиғи аймағы болса, екіншісі – «Жидебай» батыр қорымы. Осы жұмыстардың басы-қасында Ануарбек Шәкіртегі ағамыз үлкен жұмыстар атқарды. Жергілікті өлкетанушы ғалымдардың арқасында осынау екі қасиетті жер ұлттық тарихымыздың күнпарағынан орын теуіп отыр.

ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласын түсіндіру аясында және қазақтың даңқты батыры, Абылай ханның сенімді серігі Жидебай батырдың ұлт тарихындағы ерлігі баяндалған кездесуде колледж басшысы «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру мәселесіне тоқталып, мақалада көрсетілген міндеттердің жалпы мемлекеттік мәнін атап өтті.  «Жидебай батыр» қорының президенті Ануарбек Рахымбекұлы Жидебай батырдың ерліктері туралы баяндап, батыр бабасының аңызға толы хикаяттарынан үзінділер оқыды. Сондай-ақ кездесу барысында қор президенті Шет агротехникалық колледжінің оқытушылары мен колледж  студенттерінен құрылған «Жігер» жастар ұйымының ерікті топ өкілдеріне алғысын білдірді. Қыркүйек айында Шет агротехникалық колледжінің студенттері мен оқытушылары Жидебай батырдың басына барып, күрделі жөндеу жұмыстарына атсалысқан болатын. Оның ішінде кесене қоршауларын дәнекерлеп, Жидебай батырдың басында салынған Шерубай-Нұра өзенін кесіп өтетін көпірді күрделі жөндеуден өткізіп, қоршау сыртын бояған болатын.

Рухани жаңғыру аясында өткен кездесуде Жидебай батырға арналып мал сойылып,  аудандық мешіттің бас имамы Өмірбай қажы құран бағыштады. Әр қашан ұлттық құндылықтарға жәрдемші болып, қол ұшын созатын Ануарбек ағамыз бұл күніде колледжіміздің үлгілі студентін өз қамқорлығына алып, ЖОО грант негізінде оқуға түсуіне жәрдемдесетінін тілге тиек етті.

Қысқаша айтар болсақ, Жидебай батыр Қожназарұлы қазақ елінің азаттығы үшін күрескен қазақ батырларының бірі. Ол туралы жазба дерек, қолжазба қорында, баспасөз материалдарында ғана кездеседі. Жидебай батыр туралы қазақтың ақыны Мәшһүр Жүсіп Көпейұлы, ауданымыздың құрметті ақсақалы, жазушы Кәмел Жүністегі еңбектерінде жазылған. Жидебай батырға арналып Балхаш қаласынан музей ашылып, еңселі ескерткіш бой көтеретін болады.

Қадырет Қалижанов  

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button