Жаңалық

Ұлттық-мәдени мұрамызды әлемдік қоғамдастыққа көрсетуді көздейміз – Мұхамедиұлы

ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасының ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб пәтерінде таныстырылуына қатысты осындай пікір білдірді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

Қазақстан бірегей әрі бай ұлттық-мәдени мұраға ие. Осынау артықшылығымызды бүкіл әлемдік қоғамдастыққа көрсете білуіміз керек.

«Біздің еліміз бай ұлттық-мәдени мұраға ие, соны бүкіл әлемдік қоғамдастыққа көрсету міндеті біздің алдымызда тұр. Біз өз мәдени мұраларымызды сақтаумен бірге, оны жаңа қазіргі заманғы формаға сәйкестендіріп, ұрпақтар сабақтастығын үзбей одан әрі байытып келеміз», – дейді Арыстанбек Мұхамедиұлы.

Министр өз сөзінде «Қазақстанның 100 жалпыұлттық қасиетті орыны» және «500 жергілікті нысан» атты кітаптар бұл тұрғыда таптырмас туынды болатынын атап өтті. Сонымен қатар, министр «Қасиетті Қазақстан» энциклопедиялық басылымының Басты томының шығарылуы туралы тоқталып, оның негізінде қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде бес томдық энциклопедия форматында іргелі, ғылыми-негізделген еңбек басылып шығарылатынын мәлімдеді.

Еске сала кетсек, Париждегі ЮНЕСКО-ның штаб-пәтерінде Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен «Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» жобасы таныстырылған болатын. Франция астанасында сондай-ақ, «Қоғамдық сананы жаңғырту: Нұрсұлтан Назарбаевтың моделі» атты халықаралық-тәжірибелік конференциясы өтті.

Конференция сессиялары әлемдік тәжірибе контекстінде рухани жаңғырудың қазақстандық моделі, мәдени мұра – ұлттық бірегейліктің өзегі, қоғамның бірігуі – халықаралық тұрақтылықтың негізгі ресурсы, мәдениеттер ықпалдастығы – қоғамдағы бейбітшілік пен диалог негізі тақырыптары бойынша бөлінді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button