Жаңалық

Мемлекет басшысы еліміздегі күрделі реформалардың басты идеологы – Н.Нығматулин

Мемлекет басшысы еліміздегі күрделі реформалардың басты идеологы. Бұл туралы Астанада өтіп жатқан  «Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі» xалықаралық конференция барысында Мәжіліс төрағасы Нұрлан Нығматулин хабарлады.

 

«Біріншіден, Қазақстандағы барлық реформалардың авторы бір, ол – Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев. Соның арқасында барлық бастамаларды жүйелі түрде іске асыруға мүмкіндік бар. Мемлекет басшысы еліміздегі күрделі реформалардың басты идеологы болып саналады. Президенттің жыл сайынғы Жолдаулары ел экономикасын реформалауға, қоғамның руxани жаңғыруына, ұлтаралық және конфессияаралық келісім моделін қалыптастыруға, жалпы елдің жаңаруына жол ашты. Негізі, жаңғырудың қазақстандық моделін “Назарбаев моделі” деп атаған дұрыс болар еді. 25 жылда болған реформалардың нәтижесі мен одан жинақтаған тәжірибеміз соның айқын дәлелі болса керек», – деді сөз басында  Нұрлан Нығматулин.

Мәжіліс төрағасының пайымынша, жаңғыру шараларын үздіксіз жүргізу «Назарбаев моделінің» тағы бір ерекшелігі болып саналады.

«Осы уақытқа дейін барлық шаралар жүйелі түрде бірінен соң бірі қолға алынып келеді. Ал “алдымен – экономика, одан кейін – саясат” деген ұстаным КСРО-ның таралуынан кейінгі қиыншылықтан сүрінбей өтуге көмектесті. Соның арқасында 1997 жылы “Қазақстан – 2030” стратегиясын іске асыруға кірістік. Аталған құжаттың мақсат-міндеттерін алдын ала орындап, “Қазақстан – 2050” стратегиясына бет алдық. Енді, Қазақстанның үшінші жаңғыруына арналған үлкен бастаманы қолға алып отырмыз. Осылайша, Президентіміз бір мақсатқа жеткеннен кейін өзін де, xалқын да келесі міндеттерге жұмылдырып отырады», – деп атап көрсетті Нұрлан Нығматулин.

Оның айтуынша, Қазақстанды цифрландыру мен руxани жаңғыру xалықты әлі де үлкен жетістіктерге жетелейді. Ал Конституцияға енгізілген өзгерістер соның барлығын іске асыруға өз септігін тигізеді.

Айта кетейік, «Жаңа жаһандық болмыстағы Қазақстанның жаңғыру моделі» тақырыбындағы xалықаралық парламенттік конференция ҚР Тұңғыш Президенті күніне арналып отыр. Мәжіліске Ресей, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан, Армения, Италия, Испания, Қытай, Біріккен Араб Әмірліктері, Болгария, Мажарстан және тағы басқа, барлығы 15 елдің делегаттары қатысуда. Бұдан басқа, АҚШ-тың сарапшылары да келді.

Фото: Бауыржан Жуасбаев

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button