Жаңалық

Маңғыстаулықтар музыка әлеміне саяхат жасады

«Рухани жаңғыру» жобасы аясында М.Өскінбайұлы атындағы Маңғыстау облыстық филармониясында «Елім менің – тірегім» атты төрткүл дүниені сырлы саз, әсем әуенмен таңғалдырып, түбегімізді текті өнермен тербеткен «Ақжарма» фольклорлық ансамбліне 25 жыл толуына орай мерекелік концерт ұйымдастырылды.

 

«Жергілікті өнерпаздардан құралған ұжым тек Қазақстанда емес, Түркия, Қытай сынды шет мемлекеттерде де танымал. Өнер ұжымы халықаралық бірнеше фестивальдерге қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Осы орайда ансамбль құрамындағы алғашқы өнерпаздардың еңбегі ерен», – деп хабарлады ұйымдастырушылар.

Концертке республикаға белгілі ансамбльдің алғашқы домбырашысы ҚР еңбегі сіңген әртісі Роза Айдарбаева өзінің арнайы шығарған «Ақжарма-Ақжелең» атты күйін шашу етті. Сондай-ақ, концертте мәдениет саласының үздігі ансамбльдің әншісі Асанәлі Көшеров, республикалық дәстүрлі әншілер байқауларының жүлдегерлері Сәбит Шектібаев, Әзімхан Баймағамбетов ансамбльдің сүйемелдеуімен халық әндерін орындаса, Маңғыстаудың Жеті қайқысының ішіндегі Медет Жылкелдінің «Құнан нар» әнін Марат Сафаров, Садық Кәрімбаевтің «Ақтамақ» әнін Кәмшат Ізтілеуова, «Жорға» би тобы ұлттық би қойылымдарын қойып, Сұлтанбек Құдайбергеновтің сөзіне жазылған, сазын филармонияның әртіс аспапшысы Қайрат Жакесов жазған «Ән шашу» орындалды.

Өнер сүйер қауым рухани кешке ризашылығын білдіріп, өнер ұжымына шығармашылық табыс тіледі. Еліміздің дәстүрлі өнерінен шашу шашқан ұжым халық қошеметіне бөленді. Концерт соңында «Ақжарма» ансамбліне «Мәдениет» және «Жастар» басқармасы Маңғыстау жастары атынан Маңғыстау өңіріне қосқан үлесі үшін Алғыс хат пен сыйлықтар табысталды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button