Жаңалық

Астанада атақты сазгер Ғазиза Жұбанованың музыкалық мұрасы ұсынылады

Ғазиза Жұбанованың опералық шығармашылығы сазгердің 90 жылдығын атап өтуге арналған концертте ұсынылады.

Биыл музыкалық қауымдастық атақты қазақстандық композитор, профессор, КСРО және ҚазКСР Халық әртісі, КСРО және ҚазКСР Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты Ғазиза Жұбанованың 90 жылдығын атап өтуде. 7 желтоқсан күні Камералық залда «Из травы я взлетела…» концерті көрерменге жол тартпақ.

Концерт «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді. Осы кеште тыңдаушыларға камералық-вокалдық және камералық-аспаптық туындылар, сонымен қатар Ғ.А.Жұбанованың опералық шығармашылығы ұсынылады. Бұдан өзге, осы ұлы музыкалық әулеттің шығармалары – А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан Абай ариясы, Ғазиза Жұбанованың ұлы әрі шәкірті Әліби Мәмбетовтың «Памяти родителей» скрипка, виолончель және фортепианоға арналған триосы шырқалады.

Музыкалық кешке «Астана Операның» керемет солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, сопрано Жұпар Ғабдуллина, Айгүл Ниязова, Бибігүл Жанұзақ қатысады. Шақырылған солистер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері, баритон дауыс иелері – Шахимардан Әбілов, Азамат Жылтыркөзов. «Астана Опера» театрының солисі, тенор Бейімбет Таңарықов және шақырылған тенорАлмат Ізбамбетов. Танымал аспапшы музыканттар – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрлан Измаилов (фортепиано), Қаламқас Жұмабаева (скрипка), Дамиля Махпирова (гобой), Аида Әбдіқадырова (флейта), Дана Әбдіқадырова (фортепиано), Карина Измаилова (фортепиано), Камила Мамбетова (фортепиано). Концертмейстері – Раушан Бескемпірова. Бас хормейстері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.

Концертке Ғ.Жұбанова атындағы Мемлекеттік ішекті аспаптар квартеті қатысады. Аспаптық трио –Ермек Магавин (скрипка), Бақытжан Жантұрғанов (виолончель), Любовь Глинка (фортепиано).

Ғазиза Жұбанованың шығармашылығы сан алуан, ол өзінің композиторлық дарынын музыканың әртүрлі жанрларында жүзеге асыра білді. Ол оратория, кантата, симфония, симфониялық поэма, опера, балет, концерттер мен хорлар, романстар мен әндер, камералық-аспаптық шығармалар, сонымен қатар спектакльдер мен кинофильмдерге музыка жазған.

«Сүйікті тыңдаушыларымызға керемет композитор Ғ.Жұбанованың шығармаларын ұсынуға қуаныштымыз, ол белгілі қазақстандық музыканттардың бірқатар саңлақтар тобын тәрбиелеп шығарды, олардың қатарында Ақтоты Райымқұлова, Төлеген Мұхамеджанов және тағы басқа өнер иелері бар. Бұл концерттің ерекшелігі – бізбен бірге сахна төріне Ғ.Жұбанованың отбасы мүшелері – пианистер Нұрлан Измаилов, Карина Измаилова шығады. Олар көрнекті композитордың танымал шығармаларын орындап қана қоймай, сонымен бірге сазгер жайлы естеліктерімен бөлісетін болады», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұпар Ғабдуллина.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button