Жаңалық

Қарағанды мектептерінде спортшы жастар туралы фильм көрсетіледі

Облыс әкімі Ерлан Жақанов өңірдің әйгілі спортшыларымен кездесті. Бұл кездесудің өзіндік мәні зор еді. Өйткені, бұл жуырда үш тілде жарық көрген «Қарағандылық олимпиадашылар» деген кітап пен осы аттас деректі шағын фильмің тұсукесері іспеттес шара болды.

Кездесуді өңір басшысының өзі бастап, кездесуге келіп отырған спортшылардың тек қарағандылықтарға ғана емес, бүкіл елімізге әйгілі адамдар екендігін, оларды жұртшылық жақсы танитындығын атап өтті.

Қысқаша кіріспеден соң «Қарағандылық олимпиадашылар» атты шағын бейнетаспа көрсетілді. Онда әлемдік Олимпиадаларда чемпион болған, жүлдегер атанған және қатысушы болған қарағандылық спортшылар туралы тамаша мағлұматтар берілген.

Ал осындай кітапта да 1972 жылы Мюнхен (ГФР) Олимпиадасынан бастап әлемдік ұлы додаға қатысқан жерлестеріміздің суреттері мен жетістіктері бейнеленген. Бұлардың жарық көруіне облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасы мұрындық болып, басқарма басшысы Наталья Сухорукованың өзі жетекшілік еткен.

Алғашқылардың бірі болып сөзді велоспорттан КСРО-ның халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Әлем Чемпионатының қола жүлдегері, Мюнхен Олимпиадасына қатысушы Анатолий Степаненко алды. Ол өз сөзінде додалы жарыстан оралған соң жеңімпаз болмаса да облыс басшыларының қалай қабылдағанын майын тамыза айтып берді. Өйткені, ол кезде іріктеу Мәскеу арқылы жүргізілетіндіктен, чемпион болмақ тұрсын, Олимпиадаға барудың өзі аса бір қиын шаруа болатын.

Бұдан соң байдарка мен каноэда есуден ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Сидней (Австралия) Олимпиадасына қатысушы Константин Негодяевке сөз берілді. Ол өзі қызмет атқаратын спорт клубының жұмысына тоқталды. Облыс әкімі оған бұл спорт түрінің болашағы зор екендігін айта келіп, келешекте дамыта түсуге кеңес берді.

Жеңіл атлетикадан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Лондон (Ұлыбритания) Олимпиадасына қатысушы Дмитрий Карпов, бокстан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері, Афина (Греция) Олимпиадасының қола жүлдегері Серік Елеуов, бокс және күрес түрлері бойынша федерацияның вице-президенті Нұрғазы Жарылғапов және басқалары өз ойларын ортаға салды.

Ал, Ә.Молдағұлова атындағы спортқа дарынды балалар мектеп-интернатының директоры Ерден Халилин болса, мектептен түлеп ұшқан атақты спортшыларды мақтан етіп айта келіп, келешекте оқу орнын колледжге айналдыру мәселесін қозғады. Облыс әкімі бұл мәселені құп алып, қолдайтындығын білдірді.

Өңір басшысы қорытынды сөзінде облысымызда спортпен айналысуға мол жағдай жасалып жатқандығына тоқтала келіп:

Спортшылар болса, облыс әкімінің жылы қабылдауы үшін алғыс айтып, ризашылық сезімдерін білдірді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button