Жаңалық

Алматы облысында дінтанушылардың алғашқы аймақтық форумы өтті (ФОТО)

Талдықорған қаласында «Зайырлы қоғам: дін мен дәстүр» тақырыбында дінтанушылар мен діни бірлестіктердің жетекшілерінің I облыстық форумы  өтті, деп хабарлады  Алматы облысының Дін істері басқармасы.

Форум Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасы мен Дін саласындағы мемлекеттік саясаттың  2017-2020 жылдарға арналған тұжырымдамасын іске асыру аясында жүргізілді.

«Қазіргі уақытта Алматы облысы бойынша діни бірлестік пен филиалдарының жалпы саны – 595. Оның ішінде мешіттер – 436, православиелік шіркеулер – 51, Рим-Католик шіркеулері – 11, протестанттық бағыттағылары – 95. 12 конфессия өкілдері татулық пен бірлікте өмір сүруде», – деді  аймақтағы дін істері басқармасының басшысы Р.Есдәулетов

Форумның пленарлық отырысы форум резолюциясын қабылдаумен аяқталды. Әкімнің орынбасары Ж.Омар ақпараттық-түсіндіру топтарының мүшелері мен өңірдегі діни бірлестіктердің өкілдеріне алғыс хаттар мен арнайы сыйлықтар табыстады. Ол басқарма «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында іске асырған «Рухани керуен» жобасына қатысқан жергілікті зиялы қауым өкілдерінің ерекше рөлін атап өтті.

Айта кетейік, қыркүйек айының басында дін істері басқармасы Елбасының бағдарламалық мақаласы аясында «Рухани керуен» жобасын бастаған болатын. Үш айдың ішінде түрлі салалар өкілдері: теологтар, қоғам зиялылары, ғалымдар, мәдениет және өнер саласының өкілдері өңірдегі барлық аудандарды аралады.

Рухани керуен аясында облыстағы шығармашылық зиялы қауым өкілдері жергілікті аудандар мен ауылдық елді мекендердің күнделікті тыныс-тіршілігімен танысты. Жастардың аға буын өкілдерімен кездесулері, оңалту жұмыстары, көрмелер ұйымдастырылды, көпшілік шығармашылық топтардың мәдени-рухани өнерін тамашалады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button