Жаңалық

Ұлы дала театры Венгрияға жол тартты

Ұлы дала театрының труппасы Венгрияның астанасы Будепештте және Печ қаласында өнер көрсетпек. Қызықты да қанық концерттік бағдарламаны Ференц Лист Музыкалық академиясының атақты концерт залында және ұлы венгр композиторы Золтан Кодай атындағы әйгілі концерт залында ұсынады (Kodaly Center, Печ).

Көрерменге ұлттық және әлемдік классикалық репертуар нөмірлері ұсынылады.

«Венгриядағы гастрольдеріміз «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өтеді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында Елбасы «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасына бастамашылық етті. Әртістер қазақ халқының рухани құндылықтары, ұлт рухы бейнеленген ұлттық жәдігерлерді орындайды. Мақсатымыз – мәдениетімізге көпшіліктің назарын аудартып, Қазақстанға келуге ниет білдіретін жаңа достар мен өнер сүйер қауымға ие болу. Театр труппасы толық құрамда ұсынылады. Симфониялық оркестрден бастайтын болсам, оның үлкен жетістіктерінің қатарында еуропалық, америкалық гастрольдер, халықаралық фестивальдерге қатысу, Пласидо Доминго, Юджин Кон, Валерий Гергиев және т.б. айтулы дирижер, маэстролармен бірге ынтымақтасу бар. Көрерменнің алдына «Астана Операның» Хоры да шығады. Опера спектакльдеріндегі белсенді жұмысымен қатар, хор класикалық және ұлттық музыкалық өнерді насихаттай отырып, концерттік қызметін атқаруда. Ұжым үш Бас жүлдеге ие болған, соның екеуін Польшада, біреуін Қытайда жеңіп алған. Театр мақтанышы – опера солистері мен балет әртістері – еңбегі сіңген халықаралық беделге ие, олар тұрақты түрде әлемнің үздік сахналарында өнер көрсетуде, мәртебелі халықаралық байқауларға қатысып, үнемі отанымызға Қазақстанның даңқын асырған керемет жеңістерімен оралуда. Олар Еуразия кіндігінде орналасқан «Астана Опера» театры әртүрлі бағытта жұмыс жасай алатындығын көрсете отырып, еуропалық классиканы да орындайды», – деді Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» театрының директоры Ғалым Ахмедьяров.

Қазіргі таңда «Астана Опера» театры қазақстандық өнердің көш басында тұр. Бұл жерде барша Қазақстаннан үздік әртістер мен музыканттар тоғысқан, сонымен қатар труппа құрамында шетелдік әртістер де бар.

Гастрольдік бағдарламаға атақты қазақстандық композиторлардың туындылары – Т.Қажығалиевтің «Дала аңызы», М.Төлебаевтың «Айтысы», «Н.Тілендиевтің «Әлқисса» күйі, Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» операсынан Қамар мен Ахметтің дуэті, А.Жұбанов пен Л.Хамидидің «Абай» операсынан «Қарлығаш» биі енген. Сонымен бірге Дж.Вердидің «Трубадур» операсынан граф Ди Луна мен Леонораның дуэті, Дж.Россинидің «Семирамида» операсынан Семирамиданың каватинасы орындалады. Кештің көркін «В мире есть красавица одна» атты венгр әні аша түсіп, Н.Ә.Назарбаевтың сөзіне жазылған «Жерім менің» композициясымен концерт өз мәресіне жетеді.

Концертке көптеген әлемдік сахнаны бағындырған солистер қатысады: қазақстандық опера дивасы, театрдың жетекші солисі Майра Мұхамедқызы – париждік «Гранд Операда» Қазақстан атынан шыққан алғашқы әрі жалғыз солист. Оның сахнадағы әріптестері Лео Нуччи, Пласидо Доминго, Дмитрий Хворостовский, Мирелла Френи, Роберто Аланья т.б. аты әйгілі әншілер болған; гастроль аясындағы жеке концерттерімен Бейжің, Гонконг, Ыстамбұл, Сеул, Мәскеу, Санкт-Петербург, Будапешт қалаларында және Словакияда болған. Опера примасы Салтанат Ахметова – «Большая опера» телевизиялық жобасының жеңімпазы, «Романтика романса» ресейлік тележобасының тұрақты қонағы, әнші жеке концерттерімен жақын шетелде жиі өнер көрсетуде. Ол – Neue Stimmen Халықаралық байқауының финалисі, Klassik-Herbst Forderpreis арнайы сыйлығының иегері (Германия, 2013). Театрдың сөзсіз жарқын жетекші солисі Жұпар Ғабдуллина әлемнің көптеген театр тыңдармандарының жүрегін жаулаған. Париждің атақты Опера Бастилия сахнасында Дж.Вердидің «Аттила» спектаклінде бірге өнер көрсеткен үздік әнші-бас Ильдар Абдразаковтың пікірінше, әртіс Одабелла партиясын әлемдегі үздік орындаушылардың бірі болып табылады. Айта кетер болсақ, қазақстандық опера дивасының өнері мен күш-кереметі жағынан сирек кездесетін даусын сол кеште залда отырған әйгілі модельер Пьер Карден де атап өткен. Венгр тыңдаушыларының назарына Жұпар Ғабдуллина дәл осы Одабелла ариясын ұсынбақ. Керемет тенор Нұрлан Бекмұхамбетов әлемнің сан-алуан сахналарында, соның ішінде Ресейдің басты театры – Үлкен театр сахнасында өнер көрсеткен, венгр қауымына ол Ф.Легардың «Страна улыбок» опереттасынан ханзада Су Чонгтың ариясын ұсынбақ. Театр солистері Малика Минизини мен Бибігүл Жанұзақ Жак Оффенбахтың «Баркарола» әнін әзірлеуде.

Сонымен қатар концертке опера репертуарын керемет орындаушылар мен «Астана Опера» театры балет труппасының шоқ жұлдыздары қатысады, олар: Бақтияр Адамжан – көптеген халықаралық байқаулардың Бас жүлдесі мен Мәскеуде өткен ХІІІ Халықаралық балет әртістері мен хореографтары байқауының беделді жүлдесінің (Ресей, 2017) иегері, оның сахнадағы әріптесі – «Астана Операның» жетекші солисі, Борис Эйфманның Санкт-Петербург мемлекеттік академиялық балет театрының шақырылған солисі Әйгерім Бекетаева, сондай-ақ сахна төріне «Астан Операның» жетекші балет солисі, Бордо театрының (Франция) шақырылған солисі Мәдина Басбаева және т.б. шығады.

Дирижерлік пульт басында «Астана Операның» бас дирижері – әлемге әйгілі маэстро Алан Бөрібаев, сонымен қатар Айдар Әбжаханов тұрады.

22 желтоқсанда Печ қаласындағы алғашқы өнер көрсету орын алса, 23 желтоқсанда әртістер Венгрия астанасы – Будапештте концерт береді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button