Жаңалық

Ағайынды арна табыстырады

Президент Н.Назарбаев Дүниежүзі қазақ­тарының V құрыл­та­йында «Алыстағы ағайын елден тұрақты хабар алып, байланыста болғысы келеді. Қазақ­стан­да не болып жатқа­нын біліп, атқары­лып жат­қан істерді көргісі келеді. Қазір шетелдік көрермендерге арналған KazakhTV телеарнасы қан­дастарымыз тұратын ай­мақтардың біразын қамтиды. Бірақ бұл жет­кі­­ліксіз. Үкіметке мем­ле­кеттік теле­арна­лар­­ды іргелес елдерде көрсету мүмкіндіктерін қарас­тыруды жүктеймін. Бұл мерзімді баспасөзге де қатысты», – деп нақ­ты тапсырма берген еді.

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі Елбасының осы тап­сыр­масын орындауға күш салды. Жақында ғана Ақпарат және ком­му­никация министрі Дәурен Абаев: «Елбасы «Шеттегі қандас­тардың Қазақ­станнан жан-жақты хабар алып тұруына көмектесу керек», – деген болатын. Яғни, шетелдегі ағайынды отандық ақпаратпен қамта­масыз ету міндеті алға қойыл­ды. Осы ретте «Хабар 24» және KazakTV арналары жуырда Ресейде хабар тарата бастайды. Шекаралас аймақтарды мекендейтін қандаста­ры­мыз, біраз уақыттан бері біздің министрлікке хат жолдап, ел жаңалықтарын көргілері келетінін жеткізіп еді.

Алыстағы ағайынның өтініші де орындалып отыр», – деп қалың елден сүйінші сұрады. Мемлекет басшысы «Әрбір азаматтың табыс жолы – еліміздің даму жолының көрінісі. Оларды алыс­тағы ағайын білуі қажет. Сон­дай-ақ өмір бойы сыртта жүрсе де, білімі мен білігі, өнері мен дарыны арқылы қазақтың атын шығарған бауырларын тарихи Отаны тануға тиіс. Қауымдастыққа әлемдегі танымал қазақтардың электронды базасын дайындауды тапсырамын. Бұл шетте жүрген ағайынмен сан түрлі салада ынтымақтастық орна­тып, барыс-келісті жандан­ды­руға жол ашады. Рухани жаңғыру – бү­кіл қазақтың жаңғыруы, бірлік де­ген – барша қазақтың бірлігі», – деп Дүниежүзі қазақтарының құрылтайында аталы сөз айтып еді. ХХ ғасыр – қазақ үшін қиянат пен қасіретке толы, өте ауыр ғасыр. Ғасыр басында қолдан ұйымдасты­рыл­ған аштықтан қазақтың тең жар­тысы құрбан болды.

37-нің реп­рессиясында 103 мың адам сот­та­­­лып, 65 мың беткеұстар зия­лы­сы тұтқындалып, басымен қайғы болды. 25 мың арыс атылды. Прези­дентіміз «Қазақ үшін сөз айта ала­тын адамдардың тамырына балта шабылып, жойып жіберілді. Сол қиындықтар кезінде қазақтар жан сауғалап, дүниежүзіне шашы­рап кетті. Мың өліп, мың тірілген қазақ өркендеп, қайта өсіп келеді.

Қазір 5 миллионнан астам қанда­сы­мыз шет мемлекеттерде тұрып жатыр. Тәуелсіздік жылдарында алыстағы ағайынды қолдауды естен шы­ғарған емеспіз. Шетелден 1 мил­­­­лионға жуық қазақты елге кө­ші­­ріп алып, қолдан келер барлық көме­гімізді жасадық», – деп мәлім­деді. Осы орайда «Хабар 24» пен KazakTV арналарының Ресейде хабар тара­ту лицензиясына қол жеткізгені – біз үшін өте тиімді жаңалық. Көр­ші елдің теленарығына ресми тір­ке­лу үшін қажетті техникалық және құжаттық талаптардың қыр­уар шаруасын ойдағыдай атқарған министрлік жұмысына «бәрекелді» дегеннен басқа не айтамыз!

Көпте­ген келіссөздердің нәтижесінде Қазақ елі Ресейдің кабельдік опе­ра­торы­мен ортақ мәмілеге келді. Енді Қазақстанның мерзімді басы­лым­­дарын Ресейдегі қандастары­мыз­дың еркін оқуына қол жеткіз­сек, керемет болар еді. «Қай елдің азаматы болса да елде оқыған қазақ баласы ертең Қазақстанға қызмет ететінін есте сақтаған жөн», – деген Елбасы сөзі ұдайы есте тұруы керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button