Жаңалық

Баянауылда Мұса Шормановтың 200 жылдығы аталып өтті

Баянауыл ауданында би әрі шешен Мұса Шормановтың 200 жылдық мерейтойына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті, деп жазады pavlodarnews.kz.

Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының бастамасымен қолға алынған шараны аудандық білім беру бөлімі мен Қ.И.Сәтбаев атындағы мемориалдық мұражай бірге ұйымдастырған.

Конференцияға аудан бойынша 20 мектептен 50-ден аса оқушы қатысты, – дейді Қ.И.Сәтбаев атындағы мұражай директорының міндетін атқарушы Айбат Ыдырысов.

Байқау «Елінің биік тұлғасы» – арнау өлең оқу, «Ер есімі – ел есінде» – сұрақ-жауап және «Замана кемеңгері» тақырыбында эссе жазу секцияларынан тұрды. Мұса Шорманұлының туған жері Теңдік ауылындағы Қ. Сәтбаев мектеп-балабақша оқу-тәрбие беру кешенінде өткен коференциядан кейін марқұмның рухына дұға бағышталды.

Жергілікті жеке кәсіпкер Ардақ Сарбасов, «Дидар» ШҚ-ның басшысы Сәрсенбек Сарбасов, ауылдың түлегі, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Талғат Маратұлы мен Қ.И. Сәтбаев мектебінің директоры Қайриден Нұхұлы демеуші ретінде жүлде қорына қаржылай қолдау көрсеткен.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлерге Г.Н. Потанин атындағы тарихи-өлкетану мұражайының басшысы Гүлнар Баркенқызы мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының атынан дипломдар мен бағалы сыйлықтар табыстады.

Еске сала кетейік, Баянауыл сыртқы округінің аға сұлтаны болған Мұса Шорманов қазақ жастарының білім алуына үлкен көңіл бөліп, көшпелі дала гимназиясын ашу жөнінде Батыс Сібір басшыларына бірнеше рет хатпен өтініш білдірген. Ол Баянауыл ауданындағы Ақкелін қонысында жерленген.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button