Жаңалық

Жаңа әліпби – жаңа пікірлер

Жақында ғана Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 26 қазандағы №569 жарлығына өзгерістерге қол қойды. Бүгінде қазақ әліпбиінің латын графикасындағы жаңа  нұсқасы қоғамда қызу талқылануда.

Осы ретте, «Социум-зерттеу» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Алтынай Нұркеева латын қарпіндегі қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасына қатысты өз пікірімен бөлісті, деп жазады елорда әкімдігінің ресми сайты.

«Қазақ тілінің латын қарпінде таңбалануын бекіткен жаңа әліпби жобасы соңғы бірнеше жыл көлемінде жалпы көпшіліктің қызу талқысына салынды. Қазақ тілінің өзіндік дыбысталу заңдылықтарын сақтай отырып, заманға сай жаңа әліпбиді әзірлеу үшін лингвист-ғалымдар мен еліміздің түкпір-түкпіріндегі қарапайым азаматтар өз ұсыныстарын түсірген болатын. Әліпби реформасы арқылы Қазақстан жоғымызды түгендеп, елдігімізді нығайтуға, даму көшінің бағытын дербес таңдауға мүмкіндік алды. Жаңа әліпбидің әлеуеті еліміздің келешек келбетін айқындайды. Сондықтан, жаңа латын әліпбиінің бекітілуін мемлекетіміз үшін тарихи және тағдырлы шешім деп қабылдаған жөн», – деді Алтынай Нұркеева.

Ал, Астана қаласының кәсіподақтар орталығының төрағасы Тастанбек Есентаевтың айтуныша, бұл әліпбиде барлық ұсынысытардың ескеріліп, әзірленгені байқалады.

«Елімізде қазақ тілі әліпбиінің латынша жаңа нұсқасы қабылданды. Кезінде блогорлердің, мемлекеттік қызметкерлердің, қоғам қайраткерлерінің арасында қызу талқыланған бұл әліпбиде барлық ұсынысытардың ескеріліп, әзірленгені байқалады. Қазақ тілі әліпбиінің латын қарпіне көшуін, мен, жаханның заманауи талаптарына сәйкес келетін, еліміздің дамуын алдыңғы қатарға сүйрейтін мүдделік деп білемін», – деп бөлісті пікірімен Тастанбек Есентаев.

Сонымен қатар, атақты ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, Ә. Бөкейхан атындағы сыйлықтың лауреаты Бақытжан Тобақовтың пайымынша, жаңадан бекітілген латын графикасы көпшіліктің көңілінен шықты.

«Жуырда Елбасының бекіткен латын графикасы көпшілік қауымның көңілінен шықты ғой деп ойлаймын. Ғалымдарымыздың ұсынған қазіргі заманауи латын нұсқасы бұрынғы диграф пен апострофтан арылып, көңілге де жазуға да қонымды болып тұр. Лайым, жаңа қаріп бүкіл алаш жұртына тұғырлы, ұрпақтарымызға жұғымды бола берсін!», – деп түйіндеді ол.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button