Жаңалық

Солтүстік Қазақстанда Сегіз серіге арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

“Рухани қазына” программасының аясында  Қызылжардың қасиетті жерінде Мұхамедқанапия Баhрамұлы Шақшақовтың (Сегіз сері) 200 жылдығына арналған республикалық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Тәлімі мол алқалы басқосуды Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері, ақын Дәулеткерей Кәпұлы жүргізіп отырды. Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты Абай Тасболатов, Қазақстан композиторлар одағының төрайымы Балнұр Қыдырбек, белгілі сазгер Жоламан Тұрсынбаев, филология ғылымдарының докторлары, Серік Негимов, Күләш Ахмет, халықаралық манасшылар конкурсының жеңімпазы Баянғали Әлімжанов, танымал әнші Серік Оспанов және тағы басқа зиялыларымыз сал-серілер серкесінің өмірі мен шығармашылығын, Арқада аты шыққан дүлдүл өнерпаздар ішінде алар орнының айшықтығын жан-жақты саралап, талдап берді.

Конференцияда Дәулеткерей “Сегіз сері” жарық күндей шапағы осы кезге дейін жұртының жүрегіне нұр құйып келе жатқыны анық. Әрине, Сегіз серіні аспандатып жібереміз деп жер бауырлатып алған кейбір авторларымыз да болды. Ендігі кезекте атын ұлықтаймыз деп түсініспеушіліктер тудыра жаздағанмызды ескеріп, бір адамның бойына шақ өнерін, тамаша қолтаңбалы әндерін ғана насихаттап, барымен базарлай білейік» деп ағынан жарылса, Б.Әлімжанов: «Сегіз сері мұрасы деп жүрген дүниелердің арасында қоспалары аз емесіне нақты мысалдар келтіріп, ондай күштеп танудан арылу керектігін ескертті. Сегіз серінің онсыз да өшпес мұралары жеткілікті. Яғни асылды ешқашан тот баспайды», деді.

Содан кейін сөз алған Сегіз серінің шөбересі Амантай Бегенов: «Бабамыз «Бозқараған» деген өлеңінде:

«Мен тудым Қожаберген ауылында,

Ну орман «Толыбайжалы» бауырында.

Жазықсыз қуғындалып, қашқын болдық,

Жолығып замананың дауылына» – деп жырлаған. Туған жері – әйгілі «Елім-ай» дастанының авторы Қожаберген жырау Толыбай сыншының баласының ауылы. Керейдің ішінде Ашамайлы, Көшебеден тарайды. Сегіз серінің ұлы Мұстафадан менің әкем Беген туған. Ғибратты ғұмыры көп жылдар бойы көмескі тартып, көлеңкеде қалып келді. 30-ға жуық ән, 4 дастан, 5-6 күй шығарған. Біразы халық шығармаларына телініп кеткен. Ұрпақтары қазір Жамбыл ауданында тұрады» – деді ұрпақтары атынан тағылымды конференцияны ұйымдастырушыларға ақ алғысын арнады.

Басқа да сөйлеушілер өз пайымдарымен бөлісіп, мазмұнды баяндамалар жасады. С.Оспанов сал-серілер серкесінің «Гауhартас», «Ғайни» әндерін әуелете шырқап, жиналғандардың көңілін бір көтеріп тастады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button