Жаңалық

Жиырмасыншы ғасырдағы әдеби жәдігерлер цифрлық форматқа көшіріледі

Қазіргі техногенді заманда қаламгерлеріміздің латын әрпінде жарық көрген шығармаларын енді кез келген мемлекетте жүріп оқуға мүмкіндік бар. Яғни, Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында, ұлттық академиялық кітапхана қызметкерлері ХХ ғасырда жазылған шығармаларды біртіндеп сандық форматқа көшіріп жатыр.

Ұлттық академиялық кітапхана қорында латын әрпімен жазылған 1300-ден астам кітап бар. Олардың дені негізінен 1929-1940 жылдар аралығында жарық көрген. Абай, Бейімбет, Сәкен және қазақтың басқа да ақиық ақындары мен қабырғалы қаламгерлерінің іргелі шығармаларын осы жерден табасыз.

Осы ретте ҚР ҰАК сектор меңгерушісі Дариға Дәуренбекова өз ойын ортаға салып:

– Бұл кезеңде көркем әдебиет ерекше қызығушылыққа ие болды. Әсіресе Абай Құнанбаев, Ыбырай Алтынсарин, Сәкен Сейфуллин сияқты қазақ ақын-жазушыларының шығармалары. Ол кезде негізінен есімдері елге танылған авторлардың туындылары басылды. Бізде олар сақталған, ­– деді.

Зерттеушілердің айтуынша, латын қарпімен шыққан кітаптар бірнеше топқа бөлінген: балалар әдебиеті, мектеп бағдарламасына арналған шығармалар, мерзімді басылым, қазақ және әлем әдебиеті.

ҚР ҰАК Ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметінің жетекшісі Нұрхан Серкебай:  

– Латын графикасындағы мектеп бағдарламасына арналған кітаптар. Бұл жерде әліппенің екі түрін қарастыруға болады. Бірінші әліппені алатын болсақ, ол мектеп жасындағы балаларға арналған әдебиет болса, екіншісі ересек адамдарға арналған. Ол кезде білесіздер, сауатсыздықпен күресу жұмысы қарқынды жүрген болатын, ­– десе, ал, Нұрхан Серкебай, ҚР ҰАК Ақпараттық-мәдени бағдарламалар қызметінің жетекшісі:  

– Латын әліпбиіне көшу барысында әріптер көптеген өзгерістерге ұшырады. Алдарыңызда 1935 жылы физика сабағы «пизика» пәні ретінде берілсе, 1939 жылы физика, яғни «п» мен «ф» әріптері өзгеріске ұшырап отыр, – деп маңызды мәселенің басын шалып өтті.

Иә, айтқандай, қазір бұл құнды жәдігерлерді келер ұрпаққа жеткізу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Арнайы мамандар көнерген парақтарды сандық форматқа көшіруді қолға алған. Әзірге 1340 кітаптың 30 процентінің электронды нұсқасы дайын. Кейіннен олар кітапхана сайтына жүктеліп, оқырман қауымның назарына ұсынылатын болады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button