Жаңалық

Гемодиализ орталығының ашылуы

Ұлт көшбасшысының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Атамекен» тармақшасы аясында қала әкімдігі қолдауымен Жаңаөзен қаласында алғаш рет бірегей гемодиализ орталығының ашылуы өтті.

Орталықтың ашылу мақсаты – бүйрек шамасыздығынана гемодиализдік ем алып жүрген Жаңаөзен қаласының 24 науқас адамына гемодиализдік қызметке қол жетімділігін ақысыз арттыру, сапалы медициналық кызмет көрсету. Салтанатты шараға облыстық денсаулық сақтау басқарма қызметкерлері, Астанадан шақырылған қонақтар, қала әкімі аппараты, медицина қызметкерлері, қала тұрғындары қатысты.

Шараның алғашқы сөзі Маңғыстау облысы әкімі орынбасары Руслан Сакиевке беріліп, ол өз кезегінде облыс бойынша «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» арқылы салынған жалғыз нысанның болашақта тек бүйрек жеткіліксіздігімен ауыратындарды ғана қамтымай орталықтың шеңберін кеңейту жоспарланғандығын жеткізді.

Гемодиализ орталығының ашылу салтанатын медицина саласының ардагері Құдайберген Жалымбетов пен «Эндохирургия клиникасы» ЖШС бас директоры Салтанат Дженалаева лента қию рәсімімен ашты.

Жиналған жұртшылыққа жаңа орталықтың таныстырылымын бас директор Салтанат Дженалаева жүргізді.

Орталықтың медициналық қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін арнайы 1 айға Астана қаласынан жоғары категориялы нефролог дәрігерлер, медбикелер шақыртылды. Сонымен қатар, орталық қызметкерлерін Астаналық әріптес мамандарымен тәжірбие алмасу мақсатында елордаға жіберіп отыру жоспарлануда. Гемодиализ залы заманауи құралдармен, аппараттармен жабдықталған. Орталықта созылмалы бүйрек ауруларынан зардап шегетіндерге жоғары білікті көмек көрсетіледі. Аталған жоба Астана қаласы «Эндохирургия клиникасы» ЖШС-мен «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік» арқылы жүзеге асырылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button