Жаңалық

Опера әртістері тамаша концерттік бағдарламамен өнер көрсетпек

Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының “Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет” жобасын жүзеге асыру мақсатында «Астана Опера» театар ұжымы «Махаббатым менің – опера» атты кезекті концерттік нөмірлерін ұсынбақ.

Бұл әсем кеште әлемдік өнер сахнасындағы қазақстандық мәдениеттің алар орнын айқындау мақсатында әрі өзіміздегі барды бағалай білу үшін «Астана Опера» жетекші солистері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Салтанат Ахметова мен Талғат Мұсабаевтың, сонымен қатар Армениядан шақырылған бас, халықаралық байқаулардың лауреаты Саркис Бажбеук-Меликянның орындауында әлемдік опера классикасының жауһарлары шырқалады.

Осы ретте концерттің авторы Елена Сахно:

– Осы жолы елорда тұрғындары мен қонақтарына ерекше концерт ұсынатын боламыз. Кеште қатысатын әрбір вокалистің шығармашылығы өнер сүйер қауымның көңілін аулап, жандарын сергітеді деген ойдамыз. Біздің әртістер өзара достық қарым-қатынаста алдағы музыкалық кешке ерекше дайындық үстінде, – деп атап өтті.

Минскте өткен вокалистердің IV халықаралық Рождество байқауының Бас жүлдегері Саркис Бажбеук-Меликян астаналық көрермендерге жақсы таныс. Қазақстандық атақты опера солисі Талғат Мұсабаев тыңдаушыларды опера қойылымдары, сонымен қатар симфониялық және камералық концерт бағдарламаларындағы өнер көрсетуімен қуанта отырып, музыканың түрлі бағыт-бағдарының орындаушылық техникасын шеберлікпен меңгерген. Әрі осы кеште айтулы баритон У.Джорданоның «Андре Шенье» операсынан Жерар монологы мен Дж.Вердидің «Бал-маскарад» операсынан Ренато моноголын және т.б. әзірлеуде.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button