Жаңалық

Ұлттық музейде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жиын өтті

Биыл Елбасының мемлекеттік ерекше маңызға ие, ел дамуына тың серпін тудырып, кемел келешекке жол бастайтын «Рухани жаңғыру» мақаласының жарық көргеніне 1 жыл толып отыр.

Осыған орай, Ұлттық музейде алқалы жиын өтіп, арнайы көрме ұйымдастырылды. Жиында аталмыш бағдарлама шеңберінде елдің барлық өңірлерінде тыңғылықты атқарылған жұмыс нәтижелері мен елеулі жаңалықтар ортаға салынды.  Бұл басқосуға қоғам белсенділерімен қатар, Президент әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева қатысып, сөз сөйледі. Оның айтуынша, осыған дейін бағдарлама негізінде жасалған жұмыстарды одан әрі дамыту, жалғастыру қажет. Ол үшін бағдарламаны ел арасында кеңінен насихаттап, тиімді түсіндіру жұмыстарын жүргізу лазым. Аида Балаева мұндай жүгі ауыр міндеттерді атқаруда бұқаралық ақпарат құралдарының рөлі мен қызметі аса зор екенін атап, оларға үлкен алғысын білдірді.

«Бағдарламаға еліміздің әрбір азаматы қатысса ғана тиімді нәтижеге  қол жеткізбекпіз. Осыны Елбасы да үнемі айтып келеді. Сондықтан, алда әлі атқаратын жұмыс көп. Бағдарламаны барынша қызықты ету керек. Ең бастысы, үлкен нәтиже бар. Енді, осының бәрін әрі қарай елге жеткізу – сіз бен біздің басты мақсатымыз», – деді Аида Балаева.

Аида ханымның айтуынша,  бағдарламаның әр жобасы бөлек мемлекеттік бағдарламамен тең.

Осы ретте Аида Балаева: «Осы орайда бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне жеке алғысымды білдіргім келеді. Өйткені, сыни материалдардың өзі біз үшін үлкен әдістемелік құрал іспетті болды. Біз соның арқасында жұмысымызды жандандырып, оны басқа бағытта дұрыстап жасауға тырыстық. Әр жобаның мазмұнын ашып, xалыққа жеткізу жағынан өздеріңіздің рөлдеріңіз өте үлкен», – деді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button