Жаңалық

«100 жаңа оқулық»: Төрт философиялық оқулықтың берер тағалымы мол

Өткен жылдан бастап, Елбасының «Рухани жаңғыру» мақаласының «100 жаңа оқулық» жобасы аясында бірқатар шетел авторларының еңбектері ана тілімізге аударылды. Соған орай, үстіміздегі жылдың 12-сәуірінде Елбасының тікелей қатысуымен 18 оқулықтың тұсаукесер рәсімі өткен-ді. Әлеуметтік-гуманитарлық сала бойынша әлемдік тәжірибеде үлкен маңызға ие болған әрі ең көп басылған аталмыш оқулықтар сарапшы ғалымдар мен оқырмандар тарапынан лайықты бағасын алып та үлгерді. Төменде бір жыл көлемінде аударылған 18 оқулықтың даналыққа бастайтын философиялық төрт кітабына қатысты сөз қозғалады.

Өмір мен өмір сүрудің мәнін түсіндіретін, даналыққа құштарлықты арттыратын, білімділік пен терең ойға жетелейтін – пәлсапа болса, онымен айналысатын адамды – дана, ойшыл, философ дейтініміз анық. «Философия» грек тілінен аударғанда «аналықты сүю, даналыққа құштарлық» сынды ұғымдарды білдіреді. Жіті бақылап қарасаңыз, саяси бағыт-бағдары мен ұстанымы мүлтіксіз елдердің басым көпшілігі осы бір іргелі ілімге көңіл қою арқасында ұлы жетістіктер мен жеңістерге жеткен. Сондықтан, дамыған мемлекеттерге қарап бой түзеген қазақ қоғамының да сол қатардан көрінер күні алыс емес.

Адамзаттың ой-өрісін дамытуда, дүниетанымын кеңейтуде басты рөл атқаратын философия ғылымының қазығы ең алдымен Батыс елдерінде қағылған. Соның ішіндегі Грекияның үлес салмағы үлкен. Тарихтың өткен парақтарын ақтарып қарасақ, Аристотель, Конфуций, Платон, әл-Фараби, Ибн Сина, тіпті кешегі қазақ топырағында дүниеге келген Абай, Шәкәрімдердің «қуатты ойдан бас құрап, еркеленіп шыққан сөздері» даналықтан бастау алған. Ана тілімізге кеше жарық көріп отырған ең үздік 18 оқулықтың ішіндегі философиялық тұрғыда жазылған 4 туынды да осы бағытта жазылған дүниелер.

Атап айтқанда, Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы», Энтони Кеннидің «Антика философиясы» мен «Батыс философиясының жаңа тарихы» атты 2 томдық еңбегі және Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы».

Ең әуелі Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихына» тоқталсақ, бұл еңбек әр дәуірдегі ғылыми жаңалықтар мен тарихи оқиғалармен өрбіген, әдеби һәм көркем туындылары философиялық тұрғыда талданған құнды дүние. Оқулықта философия ғылымының дамуына айрықша үлес қосқан ойшылдардың тұлғасы мен олардың шығармашылық жолдары туралы мағлұматтар жазылған.

Кітабының аннотациясында айтылғандай, Дерек Джонстон өз еңбегінде философиялық ойдың даму тарихына айрықша үлес қосқан танымал 15 ойшылдың шығармаларын топтастыра отырып, Батыс дәстүріндегі көрнекті философтардың негізгі еңбектері мен теорияларын оқырмандарға кезең-кезеңмен таныстыруды көздегенін көреміз. Кітап тарауларында философтардың өмір сүрген дәуіріне шолу жасалып, сөз болатын шығармалардың негізгі идеяларын талдауға басымдық берілген.

Сондай-ақ, жинақта философтардың өмір деректері мен басты еңбектерінің тізімі, сол дәуірдегі ғылыми жаңалықтар мен тарихи оқиғалар, философиялық, әдеби және көркем туындылар да қамтылған. Әр шығармаға арналып оның түйінді идеясын білдіретін ықшам анықтама дайындалған. Тақырыптар хронологиялық ретпен баяндалса да, материал кез-келген тараудан бастап түсініп оқи беруге лайықталып, әрқайсысы жеке бітіммен құрастырылған.

Ал екінші кезекте Энтони Кеннидің «Антика философиясы» мен «Батыс философиясының жаңа тарихы» атты 2 томдық еңбегі туралы айтар болсақ, бұл екі бірдей оқулықтың да философия ғылымы мен қазақ оқырмандары үшін айрықша маңызға ие.

Оксфорд университетінің вице-канцлері, Британ академиясының президенті болған Сэр Энтони Джон Патрик Кеннидің төрт бөлімнен тұратын «Антика философиясы» атты еңбегінде философия ілімінің ежелгі заманнан бүгінге дейінгі дамуы толық қамтылған. Ежелгі Жерорта теңізі маңындағы философияның тууы және өркендеуі, ойлау мен пайымдаудың өрісі жөніндегі бұл тамаша тарихи баян Батыстағы ой мен қоғам дамуының бағыт-бағдарына арналып жазылған құнды еңбек. Сондай-ақ, Сэр Энтони Кеннидің бұл кітабындағы әңгіме өзегі Пифагор мен Фалестен басталып, философия алауын христиан ғасырына табыстаған қасиетті Аугустинмен аяқталады. Тарихи баянның тақырыптық арқауы философияда туындаған сауалдарды келесі екі мыңжылдыққа мұра етіп кеткен және әр кезеңдегідей дәл бүгін де ықпалы бәсеңсімеген екі үлкен тұлға – Платон мен Аристотельге негізделген. Бұл – Батыс өркениетінің түп-тамырын түсінгісі келетін орта үшін философия тарихына арналған төрт бөліктен тұратын топтаманың бірінші томы.

Сэр Энтони Джон Патрик Кеннидің қазақ тіліне аударылған екінші кітабы – «Батыс философиясының жаңа тарихы» философиясының жаңа тарихы жөніндегі жазылған сүбелі еңбек. Бұл оқулықта б.д.д. 400 жылдан, яғни христиандық және исламдық ой-сананың негізін салушылардан бастап, Қайта өрлеу дәуіріне дейінгі аралық қамтылған. Орта ғасыр – философияның гүлдену кезеңі болғаны ақыл-ойдың кемелденуіне алып келді, сол арқылы ХІІІ және XIV ғасырда Акуинолық Томас пен Джон Дунс Скот сынды тұлғалар дүниеге келді. Көпшілік оқырманға арналғанымен, Кеннидің ұлы философтардың ойларын терең талдайтын әңгімелері, ең алдымен, Батыс философиясына ден қойып жүрген студенттерге қызық болмақ. Энтони Кенни мансабында бірнеше лауазымды қызметтер атқарған. Ол ақыл-ой философиясы, дін философиясы және философия тарихы жөніндегі көптеген танымал кітаптардың авторы, сондай-ақ Аристотель, Акуинолық Томас, Декарт және Витгенштейннің өмірбаяндарына арналған ғылыми-көпшілік еңбектер жазған. Және автордың осы еңбектерінің барлығы студенттер арасында үлкен қызығушылық тудырған.

Париж университетінің профессоры Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты еңбегінде көрнекті ойшылдар және олардың шығармалары француз философиялық мектебі тұрғысынан түсіндірілген. Сондай-ақ, бұл оқулық жас оқырманды Батыстың аса көрнекті ойшылдары және олардың шығармаларымен таныстырады. Осы күрделі міндетті жеңілдету мақсатында, ол Батыс философиясы дамуының елеулі кезеңдерін көрсетеді деген 25 шығарманы іріктеп ұсынған. Бұл шығармалар әлемдік ақыл-ой дамуының белесті кезеңдері мен бай қазынасын танытары анық. Ежелгі заманнан бүгінге дейінгі философия тарихын қамтыған жинақ адамзат ақыл-ойының құнарлы нәрі мен көркем табиғатына енді ден қоя бастаған жас қауымға даналық мәйегін түсінікті де тартымды тілмен баяндайды. Жинақта әр философиялық шығармадағы түйінді идеялар талданып, түсіндірме берілген.

Философияны бұрын біздер қазақ және орыс тілдеріндегі оқулықтардан ғана білетін болсақ, ендігі кезекте қазақтілді философияға тың ойларымен еуропалық көзқарас еніп келе жатыр. Оған жоғарыдағы түпнұсқадан ана тілімзге еркін аударылған жоғарыда келтірген төрт кітап дәлел.

Тағы айта кететін нәрсе, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Философия кафедрасының меңгерушісі, философия ғылымдарының докторы, профессор Гүлжихан Нұрышева аталмыш философиялық еңбектерді аударуға қатысты өз ой-пікірін білдірді.

– Философиядан қазақтың қоржынына төрт оқулық түсті. Бұл – Энтони Кеннидің «Батыс философиясының жаңа тарихы. Антика философиясының» І томы және «Батыс философиясының жаңа тарихы», Реми Хесстің «Философияның таңдаулы 25 кітабы», Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы. Сократтан Дерридаға дейін» кітабы. Біздің аударғанымыз – осы Дерек Джонстонның еңбегі. Аудармашы екеу болдық. Мен бұған дейін «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында түпнұсқаларды аударғанмын. Сонда көзімнің жеткені – аудармашының саны аз болған сайын аударылған еңбектің де сапасы арта түседі екен. Сондықтан, өзімнің қасыма тек бір аудармашыны таңдадым. Менімен бірге аталмыш туындыны кафедрамыздың доценті Гаухар Әбдірасылова аударды. Кітап аудармасында ғылыми редактор өзім болдым», – деді Гүлжихан Нұрышева.

Профессордың айтуынша, кітапты түпнұсқадан аударған кезде ағылшын тілін білумен қатар, сол саланың маманы болу керек. Аталмыш кітапты аударуға бел буған топ өткен жылдың маусым айында жұмысқа кірісіп кеткен. Жұмыс тобының құрамында әдеби редактор Қарагөз Сімәділ мен Сәкен Сыбанбай, ал жауапты шығарушы Есей Жеңісұлы болған.

Бұл еңбектерге қатысты әлеуметтік желіде Өскемендегі С.Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың доценті, филология ғылымдарының кандидаты Бердібек Бияров та өз пікірін білдіріп:

– «Философияның таңдаулы 25 кітабы» атты оқулығы аталмыш салаға бет бұрған жастарға арналып, ықшамдалып жазылған. Әдетте, шет тілінен аударылған кітаптар мазмұнын жоғалтып алып жатады. Ал бұл жолы керісінше, Ұлттық аударма бюросының әр сала бойынша жіліктеп аударғаны көрініп тұр, – деді.

Қорыта айтқанда, «Біз алдағы бірнеше жылда гуманитарлық білімнің барлық бағыттары бойынша әлемдегі ең жақсы 100 оқулықты әртүрлі тілдерден қазақ тіліне аударып, жастарға дүние жүзіндегі таңдаулы үлгілердің негізінде білім алуға мүмкіндік жасаймыз. 2018-2019 оқу жылының өзінде студенттерді осы оқулықтармен оқыта бастауға тиіспіз» – деген Мемлекет басшысының сөзін басшылыққа ала отырып, жоғарыда аты аталған төрт философиялық оқулық бойынша ЖОО-дағы студент-жастарын еркін ойлы, терең танымды, білімді, бәсекеге қабілетті етіп тәрбиелеуге болады. Сондықтан біз алдағы уақытта Елбасының стратегиясын ілгері дамыта отырып, жарқын болашаққа бағдар түзеуіміз керек.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button