Жаңалық

Бабадан жеткен асыл мұра

Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы – егемендігі еңселі, келшегі кемел, қарыштап дамыған, ұлттық идеологиясы мығым ел болуымыздың жарқын кепілі. Сондықтан да біз үшін ұлттық дамуымыздың негізгі тіректері: салт-дəстүрімізді, мемлекеттік тілімізді, төл əдебиетімізді, мəдениетімізді, ұлттық рухымызды жаңғырту – қасиетті міндетіміз.

 

Осыған орай, Қостанай облысы, Қарабалық ауданында Тілдерді оқыту орталығының ұйымдастыруымен «Ақ бата – асыл мұра» атты отбасылық байқау өтті. Аталмыш іс-шараға 4 отбасы қатысты. Байқау шарты бойынша əр отбасынан ата-әжесі жəне немересі қатысуы керек.

Іс-шара мақсаттарының бірі – балаларымызды қалай тəрбиелесек, болашағымыз солай болмақ екенін айту. Келешегіміздің қожасы – балаларымызды білімді де мəдениетті, тəрбиелі де əдепті, кішіпейіл де қарапайым етіп тəрбиелеу өз қолымызда.

Қатысушылар бірінші кезеңде «Өзге емес, өзім айтам өз жайымда» деп өз отбасыларын таныстырды. Екінші кезеңде «Ұлағатты ұлттық ұғымдар» тақырыбында сөз өрбітсе, үшінші кезең «Ақ бата» деп аталды.

Қатысушылар əр түрлі жағдайға байланысты берілетін баталар айтып жарысты. Байқаудың соңғы кезеңі терең ойлауды қажет ететін, қадір-қасиеті жойылмаған, тұжырым-түйіндегі сөз мəйегі, асыл мұрамыз, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – мақал-мəтелдерге байланысты құрылған «Мақал – сөздің мəйегі» деп аталды, – дейді тілдерді оқыту орталығының директоры Алтын Ержанова.

Əділ қазыларымыздың шешімі бойынша, əр отбасы белгілі номинациялар бойынша марапатталды: «Ұлттық өнерді ұлықтаған отбасы» номинациясын Хұсаиновтар отбасы иеленді. «Дəстүрді дəріптеген отбасы» номинациясын Сəтпаевтар отбасы жеңіп алса, «Əсемдігімен əрлендірген отбасы» номинациясын Алматовтар отбасы қанжығасына байлады. Сол сияқты «Өнерлілер ордасы» атты номинация Баймұхановтар отбасына лайық деп табылды.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button