Жаңалық

100 оқулық: Психологиядан «Көпке ұмтылған жалғыз» кітабынан не үйрене аламыз

Биыл Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы негізінде 18 оқулық аударылып, қалың оқырманға жол тартты. Солардың ішінен Дерек Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» мен Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз» кітаптарын ерекше атап өтуге болады.

Осы ретте айта кететін жайт, аталмыш екі кітапты аударуда жауапты шығарушы болған Ұлттық аударма бюросының редакторы Есей Жеңісұлының атқарып жатқан істері ерекше мәнге ие. Сондай-ақ, ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында, аударылуы көзделген 18 кітаптың жалпы аударма процесіне, редакция, корректура, безендірілу жұмыстарына арнаулы жауапты шығарушылар бекітілгенін айтты.

Атап айтқанда, бұл екі кітапты аударуды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің философия және психология кафедралары оқытушылары өз міндеттеріне алған болатын. Мәселен, Джонстонның «Философияның қысқаша тарихы» кітабын ҚазҰУ-дың философия кафедрасының меңгерушісі, профессор Гүлжаһан Нұрышева мен сол кафедраның оқытушысы Гауһар Әбдірасылова тәржімалады.

Ал екінші кітапқа келетін болсақ, Эллиот Аронсонның «Көпке ұмтылған жалғыз. Əлеуметті психологияға кіріспе» атты кітабының атауы Алматыда өткен конференцияда біршама талқыланған болатын.

Бір қызығы бұл кітаптың атауы кезінде әлеуметтік талқыға түскен еді. Соның ішінде шығыстанушы Ғалым Боқаш ұсынған «Көпке ұмтылған жалғыз» атты атауы көңілге қонымды болған. Бұл атауға қатысты өз кезегінде жақында өткен тұсаукесерде Президент те «Көпке ұмтылған жалғыз» атауын сәтті деп ерекше атап өткені бар.

Есей Жеңісұлының айтуынша, осы кітаптың негізгі бағыты болған әлеуметтік психология – қазіргі қазақ қауымына өте қажетті ғылым болып отыр.

Сонымен қатар, Есей Жеңісұлы осы кітаптың жазылу тарихы мен мазмұнына қатысты ойларын сабақтай түседі:

– Эллиот Аронсон осы кітапты 1970-1971 жылдары Стэнфорд университетінде жүрген кезінде жазуға кіріскен. Содан бері 11 басылым көрген. Демек, 50 жылға жуық уақытта үнемі жаңартылып отырған. Кітаптың алтыншы басылымы Ресейде аударылған екен. Сол кездегі мазмұнмен салыстырғанда 11 басылымның мазмұны жаңара түскен. Мысалы, АҚШ мектептеріндегі атыстар – бір адамның қолына мылтық алып, он, жиырма, елу адамды қырып кетуі, сол секілді қоғамда кейін болып жатқан қайғылы оқиғалар өте жақсы қарастырылған. Психологиялық қырлары талданған.

Ұлттық аударма бюросының редакторы сонымен бірге, бұл кітаптың маңыздылығына тоқтала келіп былай деп түйін жасайды:

– Менің ойымша, осы кітап тек студенттерге немесе психология тақырыбына қызығатын ғалымдарға ғана емес, кәдімгі оқырманға да өте қызықты болады деген ойдамын. Адамның ішкі рухының мықты болмауы, жеңіле салуы сияқты мәселелердің бәріне осы кітапта жауап бар, менің ойымша. Байқағаным, шетелдік ғалымдар кітапты мейлінше түсінікті етіп, көпшілікке арнап жазады. Мұны ғылыми дегеннен гөрі, ғылыми-көпшілік кітаптар деуге болады. Сондықтан, бұл кітаптарды ЖОО-ларда ғана оқытпай, былайғы оқырманның қолына тигізсек те еш ұтылмаймыз. Яғни, біздің қоғамға өсу керек болса, осындай оқулықтармен танысу керек деп есептеймін.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button