Жаңалық

Жаңа оқулықтар электронды форматта және бейнелекция түрінде жарияланады

ҚР Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «100 жаңа оқулық» бағыты аясында жуырда Алматы қаласы Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында «100 жаңа оқулық – Рухани жаңғырудың құнарлы қайнары» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті.   

Бұл жиынға әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің экономика кафедрасының меңгерушісі Гүлнар Садыханова, Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Назгүл Қожабек, Нархоз университеті Экономика және басқару мектебінің деканы Самажан Өмірзақов, «Дәуір» полиграфия-баспа кешенінің атқарушы директоры Есет Қожамұратов қатысты.

Елбасының аталмыш бағдарламалық мақаласы жарияланғанына да бір жылдың жүзі болып қалды. Соған орай сәуір айында тікелей Елбасының қатысуымен «Рухани жаңғыруды» жүзеге асыру аясында атқарылған істер мен қолға алынған жобалардың бір жылдық қорытынды отырыс өткен болатын. Соның ішінде «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» бағыты шеңберінде 18 оқулық қазақ тіліне аударылып, он мың данамен басып шығарылды. Сонымен қатар, жарық көрген кітаптар Қазақстанның ірі жоғары оқу орындары мен кітапханаларына да таратылды.

– 12-сәуірде Астанада өткен үлкен жиында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «оқулықтар электронды форматта және бейнелекция түрінде жариялансын» деген нақты тапсырмалар берген болатын. Қазір сол бағытта жұмыстар жүргізілуде. Жақын арада оқулықтардың PDF нұсқасы сайтта жарияланады. Сонымен қатар, бейнелекциялар түсіріліп жатыр. Ұлттық аударма бюросының kіtap.kz және openU.kz деген екі жобасы бар екені баршаға мәлім. Айтулы қос жоба кітаптарды екі форматта жариялау үшін платформа болмақ. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы тарапынан терминологиялық және түсіндірме сөздіктерді жаңарту жөнінде де тапсырма берілді. Ол жұмыс та қолға алынып, қазіргі кезде жобасы әзірлене бастады. Ұлттық аударма бюросы аударылған кітаптарды редакциялау барысында терминология жағынан да көп шаруа атқаруда. Осы жұмыстардың барлығының нәтижесін алдағы уақытта жариялаймыз, – дейді Ұлттық аударма бюросының жоба жетекшісі Назгүл Қожабек.

Әлемге кеңінен танылған таңдаулы туындыларды ана тілімізге аудару, әрине, асқан табандылық пен күш-жігерді талап етері анық. Сондықтан да, Елбасы бұл жобаны бірнеше жылдың көлемінде жүзеге асыруды тапсырған болатын. Сондай-ақ, 2018-2019 оқу жылында студенттер қауымы осы оқулықтар бойынша оқи бастауы тиіс. Бағдарламадан күтілетін басты нәтиже мен көзделген мақсат – жүз мыңдаған студентке жаңа сапалық деңгейде білім беріліп, осы арқылы білім саласындағы жаһандық бәсекеге қабілетті мамандар даярлауда.

– 10 000 дана тиражбен 18 оқулық біздің баспаханада басылды. Осындай үлкен ауқымдағы жобаға атсалысып, абыроймен атқарып шықтық. Кітаптар бізге басуға дайын файл түрінде келді. Сонда да «Ұлттық аударма бюросының» қызметкерлері күні-түні жанымызда жүрді. Процесті түгел қадағалады, ақауларды жоюға көмектесті. Осындай екіжақты әріптестік нәтижесінде қазір Қазақстандағы үздік жоғары оқу орындарына жеткізілді, – деді «Дәуір» полиграфия-баспа кешенінің атқарушы директоры Е.Қожамұратов.

Ал Нархоз университеті Экономика және басқару мектебінің деканы С.Өмірзақов, бүгінде аталған жоғары оқу орнының ұстаздары Рикки Гриффиннің «Менеджмент» оқулығын оқу процесіне енгізу бойынша типтік оқу жоспарларын әзірлеп жатқанын жеткізді. Сонымен қатар ол:

– Алдағы оқу жылында студенттер осы оқулық бойынша да білім ала бастайды. Гриффиннің «Менеджмент» оқулығы 20 тараудан тұрады. Онда менеджменттің төрт функциясы тұтас қамтылған. Осы оқулық негізінде қазір аударыла бастаған «Стратегиялық менеджмент», «Адам ресурстарын басқару», «Ұйымдық мінез-құлық» оқулықтарының мәтіндері де әзірленеді. Менеджмент мамандығы бойынша білім алып жатқан студенттерді осындай ауқымда оқулық материалдармен қамту елімізде алғаш жүзеге асырылып жатыр. Соған өте қуаныштымыз. Қазір менеджмент кафедрасының ұстаздары осы оқулық бойынша бейнелекция түсіру жұмыстарына араласып жатыр. Демек, келер оқу жылында студенттер де осы мамандық бойынша қашықтан білім алатындар да, материалдармен толық қамтамасыз етіледі деген сөз, – деп өз ойын сабақтады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың экономика кафедрасының меңгерушісі Г.Садыханованың айтуынша, Грегори Мэнкьюдің «Экономикс» оқулығы экономика мамандығы бойынша білім алатын студенттердің де, жалпы осы салада жұмыс істейтін мамандардың да негізгі, басты кітабы саналады екен.

Жалпы алқалы жиында аталған 100 жаңа оқулықтың аударылу сапасына баға беріліп, алдағы уақытта атқарылуға тиісті мәселелер айтылды. Сонымен қатар, естеріңізге сала кетсек, «100 жаңа оқулықты» аударуға жауапты Ұлттық аударма бюросы аударма жұмысының екінші кезеңіне аяқ басты, яғни аудармашылар тағы 30 оқулықты әзірлеу үстінде екен.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button