Жаңалық

ОҚО-да киелі жерлерге QR-код орнатылды

«Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағыты бойынша атқарылуға тиісті істер Оңтүстік Қазақстан облысында да қызу қолға алынып келеді. Соның бір дәлелі, осы аймаққа келген қонақтар тарихи-мәдени ескерткіштер мен табиғи ландшафтар жайлы ақпаратты ғаламтордан еш қиындықсыз табуы үшін киелі жерлерге QR-код орнатылды.

Облыстағы 104 қасиетті, киелі жерлердің тізімі «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығына ұсынылып, 24 нысан Оңтүстік Қазақстан облысынан республикалық тізімге енгізілді. Қалған 80 тарихи-мәдени ескерткіштеріміз жергілікті маңызы бар қасиетті, киелі жерлердің тізіміне кірді. Жалпы, киелі орындарды дамыту мақсатында 2017 жылы жергілікті бюджеттен 314,6 млн теңге қаржы қарастырылып, толығымен игерілді.

Киелі жерлер туралы ақпарат алудың қолжетімділігін, туризм саласының әлеуетін арттыру мақсатында «ОҚО киелі орындары (ескерткіштері) геоақпараттық жүйеде» және «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» бағыты аясында аймақтағы 700-ге жуық киелі нысандарға, сондай-ақ аудан, қалаларда орналасқан 100 монументті өнер туындысына QR-код бағдарламасы енгізілетін болады.

Осы ретте, “Ontustik Tourism Center” Туристік Ақпараттық орталығы облыстағы 22 нысанға QR-код тақтайшаларын қондырды. Нысандар туралы ақпарат үш тілде әзірленген. Кодты суретке түсіргенде мәлімет смартфоннан оқылады.

Аталған кодты оқу үшін смартфонға интернеттен «Neo Reader» және «QR Reading» сияқты бағдарламаларды көшіріп алса жеткілікті.

Орнатылған тақтайшалар келуші туристер мен жергілікті тұрғындардың көңілінен шығуда. Олардың пікірінше бағдарлама кез-келген туристке өлкеміз жайлы басқа да қызықты мағлұматтарды іздеуге мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, тақтайшаларда көрсетілген «ON Guide» мобильді қосымшасынан облыстың туристік нысандары туралы ақпарат алуға болады.

Айта кетерлігі, Түркістан қаласында тарихи және мәдени нысандардың туристтеріне арналған штрих-кодтары қазірдің өзінде көпшіліктің жоғары бағасын алып үлгерді. Ал, «Хазірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығының ескерткіштерін 3D түрінде виртуалды саяхат арқылы көруге болады. Бұл дегеніміз, әлемнің кез-келген жерінен адам мұражай экспонаттарын көре алады және интернетте олар туралы толық ақпарат ала алады. «Қожа Ахмет Яссауи» мұражай-қорығында жерленген хандар, сұлтандар, батырлар мен билердің тізімі электронды түрде жасалды. Бұған дейін тізбе тұрақты тақтада жазылған. Бүгінгі күні мұражайдың кестесі мен оқиғалар туралы ақпарат ғимараттың кіреберісінде қасбет орналасқан «Led» экранында орналастырылған.

Қазақстанның киелі жерлері картасына енген 24 нысанды және облыстағы музейлердің қорын цифрландырып, «Ontustik TourAudio» мобильді қосымшасы әзірленуде. Мобильді қосымша дыбыстық ақпаратпен қоса, мәтінмен синхрондалған графикалық бейнелермен қатар жүруге мүмкіндік береді.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button