Жаңалық

Елбасы Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды

Ел басына күн туғанда етігімен су кешіп, басын бәйгіге тіккен не бір боздақтарымыз, баһадүр бабаларымыз бұл дүниенің маңдайына сыймай кеткені рас. Олар ел-жұрттың тыныштығы мен ұрпақтарының амандығы үшін жандарын құрбан етті. Олардың ерліктерін болашақ әрдайым жадында сақтап, мәңгілікке бас иіп өтетін болады. Осыған орай бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Алматыдағы Панфиловшылар саябағына барып, Ұлы Отан соғысының құрбандарына арналған ескерткішке гүл шоқтарын қойды.

Мемлекет басшысы қатары жыл санап сиреп бара жатқан қарт майдангерлермен жүздесіп, олардың қажырлы еңбектері мен соғыс майданында көрсеткен ерліктерін үлгі етті. Сонымен қатар, табанды күрес пен миллиондаған адамдардың жан пидалығымен келген Ұлы Жеңістің Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы маңызды рөліне тоқталды.

Нұрсұлтан Назарбаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

– Бүгін – 1945 жылы аяқталған Ұлы Жеңістің 73 жылдық мерекесін толлап отырмыз. Ең алдымен бұл мереке – ардагерлеріміздің төл мерекесі деуге болады. Сұрапыл соғыстың ішінен аман-есен шығып, жауды жеңіп, бізге бейбітшілік пен тыныштық сыйлаған да осы – ардагерлеріміз. Сондықтан да біз ардагерлерімізді қадір тұтып, Қазақстанның әр жерінде, әр түкпірінде қошемет жасап, басымызды июіміз керек. Сол бір нәубетті күндерде біздің Қазақстанымыз 1 млн 800 мың адамды майданға аттандырды, бірақ оның жартысы келмей қалды. Есесіне сұрапыл соғыста көзсіз ерліктер көрсеткен де солар болды. Соның нәтижесінде 500 мың адамымызға Кеңес одағының батыры деген атақ берілді. Соынмен қатар, тылда Қазақстанның істеген еңбегі жауынгерлерге қару-жарақ, азық-түлік, киім-кешекпен қамтамасыз ету үшін жатпай тұрмай күндіз-түні жұмыс істеді. Менің буыным, менің өсіп келе жатқан інілерім өздерін қалай десе де бақытты деп санауға болады. Күнделікті шаруаның анау-мынау жетпейді дегенді ойлап қарасақ, тек қана біздің буын – соғыссыз өмір сүріп келе жатқан буынбыз. Біздің аталарымыз анау революцияның кезіне келді, әкелеріміз Ұлы Отан соғысының кезіне тап болып, репрессияға түсті, біз ғана бейбіт өмірді сүріп келе жатырмыз. Оның барлығы – ардагерлердің арқасы. Сіздерге мың да бір рақмет! Жасай беріңіз, арамызда бола беріңіздер деп тілек айтамын.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button