Жаңалық

Қарағандыда I Халықаралық жыршы-жыраулар фестивалі өтті

Мемлекет басшысының «Рухани жаңғыру» бағдарламсының «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» бөлімі аясында Бұқар Жырау Қалқаманұлының 350-жылдығына арналған I Халықаралық жыршы-жыраулар фестивалі өтті.

Бұқар Жырау ауданы Ботақара мәдениет үйінде басталып, Қарағанды қаласы К.Станиславский атындағы орыс драма театрында жалғасын тапты.

Фестивальдің негізгі мақсаты – (1668-1781) қазақтың ұлы жырауы, асырда жоңғар басқыншыларына қарсы Қазақ-жоңғар соғысының бастаушысы әрі үш жүздің ханы атақты Абылай ханның ақылшысы болған Бұқар Жыраудың рухани мұрасын ұлықтау және дәстүрлі жыршы-жыраулық өнерге қамқорлық таныту, насихаттау болды.

Аталмыш фестивальге Ресей Федерациясынан, Моңғолия, Қырғызстан және Қарақалпақстан сынды шет мемлекеттердің өнерпаздары қатысты. Атап айтқанда, Ресей Федерациясының Алтай Республикасындағы төлеңгіт халқының өкілі, жыршы, «Оскус уул» (Алтай Республикасы) эпосын орындаушы, халықаралық байқауының бірнеше дүркін жеңімпазы Айдын Құрманов, Қарақалпақстаннан келген «Асау-Барақ» эпосын орындаушы, танымал жыршы Наурызбектің шәкірті, Бесқала жыршылар мектебінің өкілі Ринат Тәжібаев, Қырғызстандағы бірнеше халықаралық және республикалық байқаулардың жеңімпазы, «Құрманбек» эпосын орындаушы Айпері Құлбаева, Моңғол Республикасының Халық әртісі, «Наранхуу хаан» эпосын орындаушы, жыршы Авирмед Балдандорж өз өнерлерін паш етті.

Сондай-ақ, еліміздің түрлі аймақтарынан келген Алматов Алмас (Астана), Тлеухан Бекболат (Астана), Әлімжанов Баянғали (Көкшетау), Сүгірбай Марат (Қызылорда), Оразов Фархат (Орал), Жолымбетов Демеубай (Ақтөбе), Уатқан Шаттық (Алматы), Камиев Дидар (Қарағанды) сынды жыршы-жырауларымыз да бұл тұрғыда өз шеберліктерін көрсете білді.

Фестиваль аясында көрермендер Тәттімбет атындағы халық аспаптары академиялық оркестірінің концерті мен Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің және халықаралық байқаулардың лауреаты Нұрбек Темірбековтың өнеріне куә болды.

Жыршылар фестивалінің ақтық кезеңінде барлық қатысушыларға ақшалай сертификаттар табыс етілді.

Қазақтың көне жыр өнерін насихаттаушылар «Рухани жаңғыру» үдерісіне осылайша өз үлестерін қосып, халықты тамаша жыр шумақтарымен ұлттық өнерге құлақ құрыштарын қандырды. «Рухани жаңғырудағы» керемет бастамалардың бірі ретінде немесе қайта жанданған жалын ретінде бұл шараны ауыз толтырып айтуға болады. Өйткені, жыр өнерінің халықаралық дәрежеде дүбірлі той болып өтпегеніне де бірнеше жылдың жүзі болған еді. Бұқар жыраудың 350 жылдығы осылайша қос қуанышты бірге алып келіп, ел-жұртты мәз-мейрам етті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button