Жаңалық

Ақылдылық деңгейі дегеніміз не?

Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын жариялағалы бері бірнеше бағыттар жасалып, толықтырылып, халық игілігі үшін жұмыс жасауда. Ақыл-ой, ерік-сана секілді адами қажеттіліктерді дамытып, барлық іс-әрекетті өзіндік жігермен басқару міндеттелді. Осы арқылы азаматтардың деңгейі, содан кейін қоғамның деңгейі өсіп, бәсекеге қабілеттілік артып, білім салтанат құрмақ. Бұл – бір. Екіншіден, біз жасауға талпынып келе жатқан қоғамда әрбір адам өз ісінен ләззат ала білуі қажет. Сондай-ақ, интеллектуалды ойлау дәрежесін өсіру де күн тәртібіндегі мәселелердің бірегейі. Адам санасын, адам руханиятын тазарту үшін оның ми сауытында сіңісті болып, туылғанынан бастап қалыптасқан қажетсіз қағидаларды жоғалту керек.

Сіз бүгінгі қоғам бейнесін қандай қалыпта көресіз? Алға жылжу, қарбалас тіршілік, күнде әлдебір мәселені талқылаған басқосулар, сәт сайын жаңаруға ұшырап жатқан қоғам айнасы… Расында бүгінде замана келбеті дәл осындай. Замана көшінен кейіндеп қалмас үшін не істеу керек? Алдымен руханиятыңызды дамытып, өзіңіздің адами құндылықтарыңыздың деңгейін тереңдеткеніңіз абзал. Сонымен қатар, өзге ұлттардың, мемлекеттердің мәдениетін терең зерттеп, оларға құрмет көрсете білуді, өзге тілдерді меңгеріп, көңіл көкжиегін кеңейтуді көздеу де санаңыздағы ұлы жоспарда алдыңғы қатарда тұруы тиіс.

Біз бүгін Кен Уилбер жасаған ақылдылық деңгейі бойынша кезекті сараптамамызды жүргізгелі отырмыз. Америкалық философ жасаған ақылдылық деңгейі бойынша тұшымды тұжырымдамасында азаматтық, адамдық белгілерден бастап, жоғарыда біз бірқатарын атап өткен қасиеттер мен жасалуы тиіс қадамдардың барлығы толық тарқатылып, тамаша жеткізілген.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көргеннен бері біздің қоғамның азаматтарының санасында ұлы рухани төңкеріс жүріп жатқандай. Мәселенің мәнісін жете түсінгендер дәл осы «төңкеріске» бөрігін аспанға ата қуануы тиіс. Жетпіс жылдан аса уақыт құлдық қамыт киген ұлттың санасы жаншылып, ұлттық идеологиясы бұрмаланып кеткен-ді.

Осындай оң өзгерістер тұсында азаматтарға қосымша рухани азық беру, руханиятын байыта түсетін туындылармен қамтамасыз ету – отандық ақпарат құралдарының міндеті. Сонымен, Кен Уилбер жасаған ақылдылық деңгейлерінен біздің қоғам қандай тағылым алуға болады? Бірге оқиық.

Кен Уилбердің ақылдылық деңгейі тұжырымдамасында қазіргі заманда, бүгінгі қоғамда осыдан 30 жыл бұрынғы идеологияны ұстанатындар табылатынын атап өтеді. Осы сөзін нақтылай келе қазір ұлтаралық, мемлекетаралық шектеудің аз екенін дәлелдейді. Алғашқы ұстанымының түйінін қазір әлем халықтары бір-бірінің мәдениетін еркін игеріп, өзара қарым-қатынасты күшейтіп, жеке біліміңді дамытуға мүмкіндік туып тұрғанда игі бастамалардың ешбірінен аяқ тартып қалуға болмайды дегенге келтіреді. Енді қараңыз. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында да прагматизм және білімнің салтанат құруы деген бөлімдер бар. Прагматизм дегеніміз, өздеріңіз білетіндей, жақсылыққа жетелейтін бастамалар кезінде жұмылған жұдырықтай болып, қорқақтықтан арылу, тәуекелшіл һәм батыл болу.

Тұрақты даму жолында топ болсын, жеке адам немесе мемлекет болсын мәдени-ағартушылық, білімді дамыту бағыттарына үлкен басымдық беру керек. Бұл тұжырым да Кен Уилбердің біз тақырып етіп отырған кітабынан алынған, алғашқы тарауындағы ең қажетті деп тапқан дүниелердің бірі.

Кен Уилбер ақылға анықтама бере отырып, ақылды санасы толық азамат өзі басқару қажеттігін алға тартады. Өйткені, ақылдың жеке-дара салтанат құруына кедергі келтіретін эмоция, қызбалық, көрсеқызарлық сияқты қасиеттер адам бойынан табылады. Бұл – абсолютті шындық.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button