Жаңалық

Қызылорда облысында цифрлық форматтағы алғашқы олимпиада өтті

Қармақшы ауданы, Ақжар ауылдық округіндегі №28 орта мектебінде «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасының “Білім және тәрбие” бағыты аясында цифрландыру технологиясы бойынша білім саласының ардагері Сәден Нұртаев атындағы Қазақстан тарихы пәнінен сандық форматтағы облыстық олимпиада тұңғыш рет өтті.

«Рухани жаңғыру» мақаласында айтылғандай, біздің елде білім бәсекесі салтанат құруы тиіс. Жас ұрпақтың қарымды азамат болуы үшін олар әрқашан өзара сана-ой тұрғысынан бәсекеде болуы тиіс. Міне, осы міндеттерге орай Қызылорда облысында жақсы бастама жолға қойылды. Бір мезетте тест тапсырып, оның жауабын жедел алған оқушылардың ішінара білім салыстыруы өсетіні әбден белгілі. Өйткені, көпшіліктің алдында ешкім тесттен төмен баға алғысы келмейді. Бұл тек оқушылардың ғана емес, ұстаздардың да бәсекесін арттырады. Руханиятты жаңартуда, сананы тазалап, көшті түзу бағытқа бұруда «Рухани жаңғырудың» осындай артықшылықтары іш жылытады.

Аталмыш олимпиаданың іріктеу кезеңі қалалық/аудандық білім беру ұйымдарында 9-10 сынып оқушылары арасында өткізілді. Облыстық кезеңге арнайы жолдама алған жас тарихшылар жаңа технологиялармен танысып, оларды өз беттерінше пайдаланып көрді.

Қатысушылардың бірі Исатай Келдібай:

«Менің ойымша бұндай жағдайда тест тапсыру өте тиімді. Барлық қатысушылар бір уақытта жауап беріп, нәтижесі бірден экран бетінде көрсетіліп, кімнің келесі кезеңге өткенін сол мезетте білдік. Қатты қобалжыдым, себебі алғаш рет қолыма «пульт» ұстап сұрақтарға жауап бердім», – деді.

Облыстық олимпиада екі кезеңнен өтті. Бірінші кезең қатысушылар ACTIVote (ACTIVboard интерактивті тақтасының көмегімен сұрақтардың жауабын алуға арналған құрылғы) құрылғысы арқылы тест сұрақтарына жауап береді. Екінші турда тестілеуден жоғары ұпай алған оқушылар деңгейлік тапсырмаларға жауап береді. Бұл кезеңде оқушылар сұраққа дұрыс жауап берген жағдайда ұпай есептеледі де жеңімпаз анықталады.

Ұйымдастыру комитеті аудандық кезеңнен өткен 30 оқушыға және жетекші мұғалімдерге арнайы сертификат пен қаржылай сыйақы тағайындады. Сонымен қатар облыстық олимпиаданың қорытынды кезеңі бойынша І, ІІ және ІІІ орын алған жеңімпаздарға дипломдар мен қаржылай сыйақымен марапатталды.

Айта кету керек, аталмыш олимпиаданы өткізуге қаржылай көмек көрсеткен облысқа белгілі қоғам қайраткері Рзақұл Нұртаев. Ол аталған мектепте Қазақстан тарихы кабинетін жабдықтап және мәжіліс залына жөндеу жұмыстарын жүргізіп, игілікті істердің басынан табылып жүр.

Осы шараны ұйымдастыруға «Өрлеу» Біліктілікті арттыру Ұлттық орталығының» акционерлік қоғамы филиалы және Қызылорда облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институт қолдау көрсетті.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button