Жаңалық

Қызылорда облысының тарихи-мәдени ескерткіштерінің 3 d-картасы әзірленеді

«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бөлімі мен «Цифрлы Қазақстан» Мемлекеттік бағдарламасы аясында Қызылорда облысы тарихи-мәдени мұрасының 3D-форматты интерактивті картасы жасақталмақ.

Республикалық және жергілікті маңызы бар 150 ескерткішті қамтитын интерактивті карта 2018 жылдың аяғына дейін жасақталады. Сонымен қатар, қазіргі таңда Қазақстандағы барлық салаларында цифрландыру жүйесі кеңінен орын алып жатқандықтан, аталмыш картаның да маңыздылығы өте жоғары деп айтуға толық негіз бар. Яғни, аталған киелі жерлер мен картада белгіленген қорымдар мен көне қиранды қалаларды осы карта арқылы оңай тауып алуға мүмкіндік туады деген сөз.

Аймақта осыған дейін тыңғылықты зерттеу жұмыстары қолға алынып, есесіне «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» бағдарламасының бірінші кезеңі іске асты. Бұл жоба аясында тізімге 12 жалпыұлттық және 35 облыстық тарихи-мәдени ескерткіш еңгізілді. Қазақ хандығының алғашқы астанасы болған Сығанақ пен Жанкент, Сортөбе, Жент, Шірік-Рабат пен Кердері кесенесінің археологиялық зерттеулері жүргізілді.

Сонымен қатар, отандық және шетелдік туристер Қармақшы ауданындағы Қорқыт ата мемориалдық кешені мен этноауылға үлкен қызығушылық білдіруде. Мемориалдық кешен 1980-ші жылдары түркі әлемінің абызы атанған Қорқыт атаның құрметіне салынған еді. Содан 2014 жылы Елбасы тапсырмасымен нысанның толық реконструкциясы жасалып, зиярат ету орталығы салынды. Кешен «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» халықаралық автожолының бойында орналасқан.

Тағы да айта кететін нәрсе, әйгілі ЮНЕСКО ұйымының Бүкіләлемдік мұралар тізіміне Қызылорда облысынан Сығанақ, Жанкент, Кескен-күйік, Шірік-Рабат, Бәбіш мола, Жент, Баланды, Жетіасар мәдениетінің ескерткіштері мен Сауысқандық петроглифтері сынды ең негізгі 9 ескерткіш еніп отыр.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button