Жаңалық

Павлодар облысында атқарылған игі істер

Павлодар облысында «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласындағы айқын мақсаттарды жүзеге асыру бойынша жобалық кеңсе құрылған болатын. Оның құрамына білікті менеджерлер, ғалымдар, депутаттар, ақпарат құралдарының өкілдері және тағы басқа қоғам белсенділері енген.

Жалпы, «Рухани жаңғыру» бағдарламасы «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына», «Ақпарат толқыны» сынды нақыталнаған төрт бағыттан тұрады. Бұл ретте жобаның жүзеге асырылуын қадағалау, оны дамыту мен бақылау, сонымен қатар жобалық басқаруға оқыту, кеңес беру және басқа да жұмыстар – жобалық кеңестің алға қойған межелерінің бірі. Кеңес құрылған уақыттан бастап, білікті қызметкерлердің арқасында алда атқарылуы тиіс мақсаттарын айқындап үлгерді.

Бұдан бөлек, облыстық жобалық кеңсе өкілдерімен «100 жаңа есім», «Туған жер», «100 жаңа оқулық», «Латын әліпбиіне көшу», «Қазақстанның сакралды географиясы» және «Жаһандық әлемдегі Қазақстан» сияқты бірқатар арнайы жобалар да қолға алынған. Аталмыш жобалар кеңсесінің әкімшісі Динара Айтжанованың айтуынша, бұл жобалар руханиятты қайта түлетуге мол септігін тигізеді. Құлдық қамыты қазақтың мойынына киілген кезден бастап, алып империямен шекаралас жатқан аймақ ең көп езгі көрген, сана езгісін, күш қысымын көрген территориялардың бірегейі. Ал күні кеше ғана көшін түзеген жас мемлекет сол төске салып тепкі көрген ұрпақтың, қоғамның санасындағы үрей-қорқынышты аластату үшін «Рухани жаңғыру» тақілеттес бағдарламаларды жасап, оның жүзеге асуы үшін ел болып, тізе қосып қызмет атқаруда.

“Рухани жаңғыру” кезең-кезеңімен атқарылып жатқан елдегі реформалардың жалғасы іспетті. Бұл – біздің қоғамға аса қажет дүние. Технологиялық жаңарумен шектеліп қоймай, адамның сана-сезімін қатар жетілдіруге мемлекет баса мән беріп отыр», – дейді Д.Айтжанова.

Динара Айтжанованың айтуынша, Елбасы өткен жылдың сәуір айында «Егемен Қазақстан» газетінің бетіне жариялаған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлттық сананы жандандыруды, келер ұрпақты еркін ойлы азамат етіп тәрбиелеуді, білім бағытындағы бәсеке, жеке кәсіппен айналыса білу, прагматизм және ұлттық бірегейлікті, ұлттық құндылықтарды сақтауды міндет етіп қойды. Бүгінгі сандық технологияның қарыштап дамып бара жатқан уағында кез-келген қазақстандық білімді, көзі ашық, көңіл көкжиегі кең болуы қажет. Өйткені, қоғамды қалыптастыратын адамдардың барлығында жаңа бастама, тың идея азат санадан бастау алады. Осындай жылдам көшке ілесу үшін әлемдік үдерістен хабардар, саяси мәселелерді түсіне білетін, өз елінің кез-келген бастамасын қолдайтын, ұлт үшін мүмкіндігі бар барша игілікті орындауға даяр адам болмақ шарт. Аталған шарттардың барлығы еліміздің сан түрлі саласын, оның ішінде жаңа технологияны, инновацияны алға тартудың алғашқы алғышарттары болып табылады.

Сондай-ақ, жобалық кеңсе әкімшісі жоғарыда айтылған бағыттар бойынша облыс көлемінде жалпы саны 44 жоба қолға алынғанын атап өтті. Бұл жобалар 24 жоғары білікті ғалымнан құралған сарапшылық кеңестің талқысынан өткен. Кейбір жобалардың сапалы іске асуына аймақ тұрғындары түрткі болып отыр. Мысалы, «100 жаңа есім» жобасы бойынша 50-ден астам үміткер ұсынылған. Оның ішінде, оқушылар мінген автобусты «КамАЗ» жүк көлігімен соқтығысудан аман алып қалып, өз өмірлерін қатерге тіккен баянауылдық полицейлер, өрт кезінде төрт баланы құтқарған екібастұздық жігіттер және батылдығымен, ерекше адами қасиеттерімен, адамгершілігімен көзге түскен басқа да облыс тұрғындары, мемлекеттік қызмет атқаратын азаматтар бар.

Бүгінде табысты жүзеге асырылып жатқан жобалардың бірі – «Мектебіме тағзым». Сондай-ақ, аймақтың қасиетті жерлерін, тамаша тұмса табиғатымен тамсандыратын «Туған жер» бағдарламасын ерекше атап өтуге болады.

Д.Айтжанованың айтуынша, «Рухани жаңғыру» аясындағы алты түрлі кіші бағдарламалардың сәтті жүзеге асуына тұрғындар да үлкен белсенділікпен қатысуда. Осы ретте бағадрламалық мақаланың аясында іске асып жатқан игі істердің облыс көлеміндегі шағын ғана мысалдарына тоқталып өтелік. Баянауыл ауданының Қаражар ауылында балалар киімін тігумен айналысып жүрген Зура Жүсіпбаева есімді тұрғын бар. Шалғай ауылда тұрса да, маңызды кәсіп түрін өз күшімен дамытып отыр. Ертіс ауданына қарасты Қоскөл ауылында бірнеше жас жігіт бірігіп, наубайхана ашқан. Олардың көздегені, мақсат етіп отырғаны күреп  табыс табу емес. Себебі, шағын ауылда мұндай кәсіп түрімен мол пайдаға кенелу мүмкін емес. Жастар ең алдымен жерлестерін нанмен қамтуды мақсат тұтқан. Себебі, аталған ауылға әсіресе қыс мезгілінде аудан орталығынан нан тасымалдау мүмкін болмай қалатын көрінеді. Бұл жоба әлемдік банктен қолдау тапқан.

Жобалық кеңсе әкімшісі аймағымызда «Мерей» атты жобаны жүзеге асыру жоспарланғанын айтты. Бұл жобаға облысымызға белгілі кәсіпкер Александр Поляковтың игілікті бастамасы арқау болып отыр. Ол бірнеше жетім балаға өз қаражаты есебінен тұрғын үй сатып алған. Осы мысалдың негізінде жыл соңына дейін әртүрлі себептермен ата-ана қамқорлығынсыз қалған 10 баланы баспанамен қамту жоспарлануда.

Бүгінде жобалық кеңсе Instagram және Facebook әлеуметтік желілерінде «Павлодар облысының сакралды орындары» атты парақшалар құрған. Соның арқасында аймақ жастарының бұл жобаға деген қызығушылығының зор екені байқалып отыр дейді мамандар. Аталған жобаға арнайы мамандар ғана емес, қазақстандық қарапайым халықтың өзі үлкен  назар аударған. Әсіресе, облыстың киелі жерлеріне қатысты шағын бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерге жүктеген кезде мыңдаған қаралымдар жинап отыр.

Бағдарлама аясында көпшілік тарапынан ерекше қызығушылық тудырған тағы бір жоба «Шабыт мекені» деп аталады. Оның аясында ауылдық жерлерде арнайы сахналар орнатылмақ. Бұл елді мекендегі жастарды мәдениетке, өнерге баулуға бағытталып отыр.

«Алда әлі көптеген ауқымды жұмыстар, ерекше жобалар бар. Тек жұмыла кірісіп, нәтижелі жүзеге асыруымыз қажет. Бұл ретте, аймақ жұртшылығын белсенді араласуға шақырамын», – дейді Д.Айтжанова.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button