Жаңалық

«Сыр өңірінің асыл мұралары» көрмесі

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласы бойынша Ұлттық телеарна ұйымдастырған дәстүрлі әнші-термешілер мен күйшілердің «Мен қазақпын» мега-жобасы аясында облыстық тарихи-өлкетану музейі «Сыр өңірінің асыл мұралары» тақырыбында көрме ұйымдастырды. Аталмыш көрмеге Сыр өңірінен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген 12 ескерткіштің фотосуреттері қойылды.

Атап айтқанда, олардың қатарында Ежелгі Шірік-Рабат қалашығы (б.з.д. Ү-ІІ ғғ.), Ортағасырлық Жанкент қалашығы (ҮІІ-ХІ ғғ.), Сығанақ қалашығы (Х-ХҮІІІ ғғ.), Жент қалашығы (Х-ХІҮ ғғ.), Бегім ана мұнарасы (Х-ХІІ ғғ.), Оқшы Ата кесенесі (Х-ХІ ғғ.), Хорасан ата кесенесі (ХІХ ғ.), Христос Спаситель шіркеуі (ХІХ ғ.), Қорқыт ата кешені, Төлегетай – Қылышты кесенесі (2005ж.), Жанқожа батыр кесенесі (ХХ ғ.), Бұқарбай батыр кесенесі (ХХ ғ.) бар.

Сонымен қатар, көрмеге қазақтың ұлттық этнографиялық бұйымдарынан зергерлік бұйымдар, ағаш пен теріден жасалған тұрмыстық дүниелер, ер және әйелдің ер-тұрмандары және шебердің қолынан шыққан қалыңдықтың бас киімі, тастармен безендірілген, үкіленген сәукеле орналастырылып, көрменің сәнін келтірді. Аталмыш көрме қала қонақтары мен тұрғындарын өлкенің қасиетті де киелі орындарымен таныстырып, рухани азық берді.

Қазақ халқына ғана тән этнографиялық бай экспонаттар халықты бей-жай қалдырған жоқ. Көрменің мақсаты – музей қорындағы құнды экспонаттарды таныстыру, Сыр өңіріндегі киелі орындарды насихаттау. Өткенге ой жүгірту, ескіні жаңғырту, тарихыңды тану, зерделеу – рухани жаңғыру екені даусыз. Халық көненің көзіндей болған дүниелер талай замандардың тірі куәлары екенін түсінгендей болды. Көрмені барлығы 300-ге жуық адам тамашалады.

Жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне енген сыр бойылық 12 нысанның қай-қайсысы да өткен тарихтың тұнба тұнығы. Олар әлі де жөнді зерттелген жоқ. Енді ғана, міне, Елбасы міндеттеп бергеннен кейін біршама қозғалып жатыр.

Сығанақ қаласы

Уағында Қазақ хандығының астанасы болған, көлемді сауда-саттық желісін орнатқан үлкен қала. Тіпті, бұл қалаға күнде көпестер келіп, 500 түйе сойып, соның етінен кәуәп пісіріп, ол кәуәптің бір де бірі қалмай сатылып кетеді екен. Қаланың үлкендігін осыдан-ақ пайымдай беріңіз.

Алғашқы іргетасы оныншы мыңжылдықтарда құрылған деген болжам бар. Ал қаланың өзі жаугершіліктен, ашаршылықтан он сегізінші ғасырлардың аяқ шенінде қаңырап бос қалды.

Қазір Қызылорда облысының аумағында жатқан ежелгі астана төбе-төбе топырақтың астында тұншығады.

Тарихынан алшақтаған ұрпақтың теріс беталысын байқаған көреген Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында тарихи орындарды қастерлеуді міндеттеп берді.

Міне, бүгінде республиканың түкпір-түкпірінде тарихи орындар мен кесене-зираттарға, көне қалаларға деген қызығушылық артып, белгілі бір деңгейде көңіл бөлінуде.

Жент қаласы 

Уағында оғыздардың бел қаласы болған Жент қаласының бүгін тек қабырғалары ғана орынында. Жалағаш ауданына қарасты Аққолқа ауылының оңтүстік-батысында 10 шақырым жерде орналасқан тарихи қаладан уағында зерттеу жүргізу барысында екі адамның бас сүйегі табылған.

Сондай-ақ, 10 мыңжылдықта іргесі қаланған қаланың дуалдарының беріктігі сонша, әлі күнге дейін өзінің биік қалпын желге бермей тұр.

Дуалдары жылқы сүтіне қыл қосып иленген кесектерден тұрғызылған дейді білетіндер.

Осы күнге нысанның шалғайлығы себебінен болуы керек, зерттеушілер назарынан тысқары қалып келген көне қаланың Елбасы бастамасымен жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне кіруін қуанышқа баласақ, артығы жоқ.

Мұнаралы қала – Шірік-Рабаттың, Қорқыт ата мемориалдық кешені секілді ел-жұртқа әмбеден аян нысандар бұл тізімге алғашқылардың бірі болып қосылды. Енді алдағы уақытта Шірік-Рабат қаласындағы «цитадель» мұнаралар тереңінен зерттеле бастауы шарт. Ал Қорқыт ата мемориалдық кешенінің де басты назардан тыс қалмасы анық.

Ажалмен бетпе-бет күрескен аңыз кейіпкері – Қорқыттың мекені, қасиетті Сыр өзенінің бойы тарих тұнбаларына толы. Тарихи көне қалалар мен киелі, батыр бабалардың кесене-зираты бұл өңірде көптеп шоғырланған. «Қазақстанның киелі географиясы» бағыты аясында сол қасиетті мұралардың насихаты артып, тарих қойнауындағы құндылықтарымыз бүгінгі ұрпақпен жақындасты.

Ал өткен тарихтың бүгініңмен ұштасып жатуы – болашақтың бұлыңғыр болмауына кепілдік беретін үдеріс. Өйткені, өз ұлтының бастан кешкен қасіретін толық білетін азамат ел мүддесі үшін өз мойынындағы азаматтық борышын абыроймен орындауға тырысады. Ал әрбір азамат мемлекет дамуы мәселесінде өз-өзіне осындай жауапкершілік алса, даму көші жедел жылжып, келешек ұрпақтың әлем елдерімен терезесі тең өмір сүруіне қолайлылық  тудыратыны анық.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button