Жаңалық

«Қазақтану» бағыты аясында ортақ құндылықтарды қалыптастыру жолдары талқыға түсті

Қазақстан халқы Ассамблеясының «Қазақтану» бағыты «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласын іске асыру бағытында Қазақстан халқын шоғырландыратын ортақ құндылықтарды қалыптастыруға бағытталған.

Біртұтас ортақ құндылықтардың негізі ретінде қазақ халқының тарихын, мәдениетін, философиясын, этикасын дәріптейтін жоба 2018 жылы Достық үйлері, өңірлердегі ҚХА кафедралары базасында, сондай-ақ ҚХА-ның республикалық лекторийлері мен ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығының семинар-тренингтері шеңберінде жүзеге асырылатын болады.

Осыған орай 19 маусым күні Бурабайда өткен қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірліктің қазақстандық моделін насихаттау жиынында ҚХА Төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Л. Прокопенко «Қазақтану» бағытын көпшіліктің назарына ұсынды:

«Бірегейлік — ұрпақтан ұрпаққа таратылатын үдеріс. Жаңа буынға ұлт мәдениетін, салт-дәстүрін, яғни, ұлт құндылығын дарыту қажет. Сондықтан біздің бүгінгі таңдағы жұмысымыздың нәтижесінен туындаған бай тәжірибе келер ұрпаққа беріледі. «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы қамтитын Қазақстан халықтарының құндылығы жастарды әлеуметтендіруге оңтайлы.

Батыста өз кезінде босқындарды мемлекеттеріне кіргізу мәселесі үлкен дауға айналған болатын. Оның шешімін күрделендіріп жіберді. Ал Қазақстанда ұлттар бір құндылықпен, бір мақсатпен, бір міндетпен,бірлік пен ынтымақтастықта өмір сүріп отыр.

Бағытты ел мен жерде кеңінен танытуға үлкен күш жұмсап, бағыт-бағдарлар мен тақырыптар ұсынамыз. ҚХА-ның барлық мүшелері қатысып, бағыттың жылдарға ұласуына еңбектенеміз».

«Қазақтану» бағытының тұжырымдама авторларының бірі, «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығының басшысы, т.ғ.к. Б. Әбдіғалиев өз кезегінде аталмыш жоба бұған дейін тек идея БАҚ беттерінде, ғалымдардың еңбектерінде көрсетіліп келген болса, ендігі мемлекеттік саясатқа айналғанын, қазақ елінде тұрып жатқан өзге ұлт өкілдеріне қазақты танытудың айшықты белгісі болғанын нақтылап кетті. Қазақ тілін, тарихын, мәдениетін білу арқылы елімізде ұлттар арасындағы татулық тұрақталатынына да көз жеткізе білді.

«Қазақ деген жай ғана этнос атауы емес, азаттықты аңсаған, бостандықты аңсаған ұлы халықтың бұрынғы дәуірде ұлт, тайпалардың бір жерге жиналып, Түркістандағы таңбалы тасқа аттарын ойып жазып, енді біз «қазақ» деп аталамыз деп кеткен ата-бабаларымыз», — деп сөз саптады.

Бағыттың сарапшыларының бірі, тарихшы, т.ғ.д., профессор, Б. Аяған: «Бағыттың маңызды мәселелерінің бірі — сананы тазалау. Яғни, рухани жаңғыру. Өз алдымызға тәуелсіз ел болған соң, дамыған мемлекеттер секілді еркіндігі мен құқығымыз болуы керек. Бағдарламаның да көздегені сол. Елбасымыз ашық айтқан бір сөзінде: «Біз ХХ ғасырдағы өзін ақтай алмаған ең ауыр фашизм, коммунизм және либерализмнен аман өттік» деді. Қазақстан тарихына келетін болсақ, тарих толықтай зерттелген жоқ, әлі де жұмыстар көп», — деген пікірі арқылы тарихтан терең сараптама жасады.

Басқа материалдар

Яндекс.Метрика
Back to top button